Сириялық-ресейлік әскерилердің шабуылынан Идлибте 500 адам қаза тапты

0

Сирияның Идлиб қаласына Ресей қолдайтын Башар Асад әскері шабуыл жасап, 500 бейбіт тұрғын мерт болды. Екі мыңнан астам адам жараланған. Бұл туралы Сириядағы адам құқықтарын бақылайтын орталыққа сілтеме жасаған Reuters ақпарат агенттігі хабарлады.

Құқық қорғаушылардың сөзінше, ресейлік және сириялық әскерилер әдейі бейбіт тұрғындар мен ауруханаларды бомбалап жатыр. Бұған дейін Human Rights Watch ұйымының өкілдері ресейлік және сириялық әскерилердің шабуылын сынаған.

Ал Мәскеу мен Дамаск бұл айыптауды жоққа шығарады. Ресей әскерилері «Әл-Каидамен» байланысы бар террорлық топтарға шабуыл жасап жатқандарын айтады. Ресей сириялық оппозиция күштерін «қақтығысты тоқтату келісімін бұзды» деп айыптайды.

БҰҰ дерегінше, Идлибте басталған операциядан кем дегенде 300 адам қаланы тастап, Түркиямен шекаралас маңға қашқан. Бұл аймақта барлығы үш миллион бейбіт тұрғын (бір миллионы — бала) тұрады.

АҚШ басқаратын халықаралық коалиция 2014 жылы Сириядағы экстремистермен күрес бастаған. Бұл коалиция сириялық оппозиция күштерін қолдайды. Ал Ресей Сирияға 2015 жылы 30 қыркүйекте әскер кіргізген. Батыс елдері «Мәскеу Сирияның қазіргі президенті Башар Асад әскерін қолдайды» деп бірнеше рет айыптаған. Халықаралық ұйымдар «Башар Асад елде адам құқығын бұзып жатыр» деп сынайды.

Azattyq