Сириядан қайтарылған 14 қазақстандықтың ісі бойынша соттың шешімі шықты

0

Қоғам

Қысқа сілтеме алу

1 0 0

Прокуратура барлық сотталушыны 10 жылдан 17 жылға дейін бас бостандығынан айыруды сұраған болатын. Сотталушылардың жазасын жеңілдететін жағдайлар ескерілген

НҰР-СҰЛТАН, 11 желтоқсан – Sputnik. Елорданың қылмыстық істер бойынша ауданаралық соты «Жусан» операциясы аясында Сириядан қайтарылған 14 қазақстандыққа қатысты үкім шығарды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Бұған дейін прокуратура барлық сотталушыны 10 жылдан 17 жылға дейін бас бостандығынан айыруды сұраған болатын. Прокурор Еділ Мұраттың айтуынша, сотталушылардың бірінші рет қылмысқа баруы, жас балаларының болу және өкінуі сияқты жазаны жеңілдететін жағдайлар ескерілді. Ал діни алауыздық бойынша басқа азаматтардың әрекеттері үшін кек алу мақсатында қару мен оқ-дәріні қолдану қылмыстық жазаны ауырлататын жағдайлар ретінде қарастырылды.

Қазақстан азаматтары Қылмыстық кодекстің 174-бабы (әлеуметтiк, ұлттық, рулық, нәсiлдiк, тектік-топтық немесе дiни алауыздықты қоздыру), 256-бабы (терроризмдi насихаттау немесе терроризм актiсiн жасауға жария түрде шақыру),  257-бабы (террористiк топ құру, оған басшылық ету және оның әрекетіне қатысу) және 313-бабы (қатыгездiк пен күш қолдануға бас ұруды насихаттайтын туындыларды заңсыз тарату) бойынша кінәлі деп танылып отыр.


©
Sputnik / Жания Уранкаева.

Сириядан қайтарылған 14 қазақстандықтың ісі бойынша соттың шешімі шықты

Судья Әділхан Шайхисламов прокуратураның талаптарын  қанағаттандырды. Соттың шешімімен Нұрлан Қамалов — 14 жылға,  Газинұр Бақытжанов — 13 жылға, Руслан Қуанов — 11 жылға, Аманжол Жансеңгіров — 12 жылға , Тұрлан Әбілқайыров — 11 жылға, Думан Сәдуақасов —  11 жылға, Бақтияр Ибраев пен Данабек Төреханов — 9 жылға, Данияр Әлтаев — 10 жылға, Дәурен Сәбитұлы — 11 жылға, ал Абзал Амангелді, Алмаз Нарбутин және Ермұхан Айыпқалиев пен Жандос Әжмәмбетов 8 жылға бас бостандығынан айырылды. Әрбіреуі жәбірленушілердің өтемақы қорына 50 000-75 000 теңге аударуы шарт. Сотталғандардың мүлкі тәркіленбейді.

Қазақстан азаматтары Сирияда немен айналысты?

Тергеу материалдарына сәйкес, сотталғандардың біреуі – 1992 жылы туған Данияр Әлтаев. 2013 жылы Бішкек арқылы Сирияға барған. Лақап аты – «Әбу Юсуф». Екіншісі – 1992 жылғы Абзал Амангелді. Осыдан төрт жыл бұрын ата-анасымен бірге Сирияға көшіп кеткен. Сол жақта ДАИШ-тың құрамына кіретін «қазақ жамағатына» қосылған. Былтыр Абзал Амангелді ДАИШ-тың құрамынан шығып, қашып кеткен. Оның бес баласы бар.

Ал Тұрлан Әбілқайыров 25 жасында әйелі мен жас баласын алып, алдымен Ресейге, одан кейін Түркияға барған. Сол жақтан Сирияға заңсыз өтіп кеткен. Сөйтіп террористік топтың құрамына қосылды. Оның лақап аты – «Әбу Сейфуллах». Тағы бір сотталушы Жандос Әжмәмбетов Сирияда «Хасан» деген атпен танылған. Жасы – 29-да. 1985 жылы туған Ермұхан Айыпқалиевтың лақап аты – «Исмайл». Ол жарақат алып, мүгедек болып қалған. Айыпқалиев бүгінгі сот отырысына бейнебайланыс арқылы қатысты. Себебі өзі жүре алмайды.

56 жастағы Газинұр Бақытжанов Сирияда екі бірдей лақап атпен танылған. Біреуі – «Әбу Сүлейман», екіншісі – «Бабай». Ол ДАИШ-тың ішкі қауіпсіздік қызметіне кірген және әскер қатарынан қашқан Қазақстан азаматтарын құрықтауға көмектескен. Онымен бірге 1986 жылғы Аманжол Жансеңгіров жүрген. Ол 8 жыл бұрын алдымен Ауғанстанға барған. Ал екі жылдан кейін Сирияға заңсыз өтіп, «қазақ жамағатына» қосылады. Лақап аты – «Абдулфайыз».

Тағы оқыңыз: 13 жасында босанды: Сириядан оралған қазақстандық балалардың ауыр тағдыры — видео

35 жастағы Бақтияр Ибраев та алдымен ауған жеріне барған. Бертін келе, Сирияға ауысып, сол жерде әскери тактика мен снайперлік өнерден инструктор болған. Содырлар оны «Әбу әли» деп атаған. Ал 1978 жылғы Нұрлан Қамаловтың бірнеше лақап аты болған. Олар – «Абдулла», «Қожеке» және «Әбу Абдулла». Ол «қазақ жамағаты» құрамында «әмір» қызметін атқарған. 28 жастағы Руслан Қуановты «Аббас» деп атаған. Ол Мысырда діни білім алып жүргенде ДАИШ-тың ықпалына түскен. Сөйтіп, Сирияға кетіп қалған. Сол жақта қазақ жігіттеріне дәріс оқыпты.
Бұдан бөлек, сотталушылардың арасында 1986 жылы туған Алмаз Нарбутин (лақап аты – «Солих медик»), 1988 жылғы Дәурен Сәбитұлы, 1990 жылғы Думан Сәдуақасов және 1987 жылы туған Данабек Төреханов бар. Сотта барлығы өздерінің отбасылары жайында айтып берді. Мәселен, Алмаз Нарбутиннің екі баласы бар. Азаматтық некеге екі рет тұрған. Оның бір әйелі Сирияда жүргенде қайтыс болыпты.

Сот отырысы қашан басталды?

Айта кетейік, 22 қазан күні Нұр-Сұлтанда Сириядан оралған 14 қазақстандыққа қатысты ашық сот тыңдауы басталған болатын. Тергеу мәліметінше, айыпталушылар бұрын ДАИШ содыры болған. Олар «Жусан» арнайы операциясы аясында Қазақстанға оралды.

Он төрт қазақстандыққа террорлық әрекетке қатысты, терроризмге тартты және насихаттады, сондай-ақ басқа да ауыр қылмыстар жасады деген айыптар тағылды. Олардың біреуі мүгедек болып қалған. Сол себепті процеске видеоконференция арқылы қосылып отырады.

Тағы оқыңыз: «Адам басына аяғын қойып, фотоға түсті»: Сириядан келген жігіт әрекетін түсіндірді

Жалпы ҰҚК мемлекеттік органдармен және шетелдік серіктестерімен бірге Сириядан 595 қазақстандықты қайтарды, олардың 400-ден астамы балалар. Бұған дейін Қазақстанға оралған он ер адам мен бес әйел түрлі мерзімге сотталған болатын. Олар террористік ұйымның қызметіне қатысқаны үшін кінәлі деп танылды.



sputniknews.kz