Шымкент белсенділері Қастер мен Мұрагерді босатуды талап етті

0

21 қаңтарда Шымкенттегі Жолдыаяқ Тілеуұлы мен Тілеу Айтұлы батырдың ескерткіші алдында бірнеше белсенді «шекараны заңсыз кесіп өтті» деп айыпталған Шыңжаң қазақтары Қастер Мұсаханұлы мен Мұрагер Әлімұлын босатуды талап етті. Бұл туралы Азаттық тілшісі хабарлады.

Екі этникалық қазақтың Қазақстанға шекара асып, пана іздеп келгенін айтқан белсенді Шымкентбай Бөртебай «Қазақстан билігі оларды ақтап бостандыққа шығарып, саяси баспана беруге мүдделі болуы керек» деді. Оның сөзін жалғаған Лесбек Байжанов «Қазақстан барлық қазаққа ортақ мекен» деді. Оның сөзінше, соты Зайсан қаласында өтіп жатқан Қастер Мұсаханұлы мен Мұрагер Әлімұлы Қазақстанға теңдік табу үшін келген.

– Әлемдегі әрбір қазақ – біздің бауырымыз. Қазақстанның әр аймағынан Зайсандағы сотқа барып, қолдау көрсетіп жатыр. Осылай болуы керек, – дейді ол.

Белсенділер жеке-жеке пікірін айтқан соң «Елінен араша сұрап келген екі қазаққа бостандық берілуін талап етеміз!» деп айқайлады. Оқиға болған маңда полиция қызметкерлері байқалмады. Шамамен жарты сағаттан кейін белсенділер үйлеріне тарасты.

Қазақстан мен Қытай «шекарасын заңсыз кесіп өтті» деп айыпталған Шыңжаң қазақтары Қастер Мұсаханұлы мен Мұрагер Әлімұлының ісі бойынша сот үкімі 21 қаңтарда 16:00-де Зайсан сотында оқылады. Сейсенбі күні таңертең сотта екі куәгер сұралып, ізінше жарыссөз өткен.

Жарыссөз кезінде мемлекеттік айыптаушы екі жігіттің әрқайсысын бір жылға бас бостандығынан айыруды сұрап, 10 АЕК көлемінде айыппұл салуды сұрады. Прокурор «жеңілдетілген жағдайды ескеріп» оларды Қазақстаннан шығармауды өтінді.

Оқи отырыңыз: Прокурор Қастер мен Мұрагерді бір жылға соттап, елде қалдыруды сұрады

Ал қорғау тарабы екі азаматтың Қытайдағы қысымға байланысты «шекарадан заңсыз өтуге» мәжбүр болғанын, оларды қылмыстық жауапкершіліктен толық босатуды сұрады.

Қарай отырыңыз: Зайсанда «Қытайдан қашқан» екі қазақтың соты басталды (6 қаңтар 2020 жыл).

Azattyq

Загрузка...

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз