Шу соты өмір бойына түрмеге кесілген Азимжан Аскаровты босатпады

0

Бүгін, 30 шілдеде Қырғызстанның Шу облыстық соты өмір бойы түрме жазасына кесілген құқық қорғаушы Азимжан Аскаровты жазадан босатпады. Аскаровтың өзі сот залына жеткізілмеді. Құқық қорғаушының ісі қылмыстық кодекске енгізілген өзгерістен соң қайта қаралған.

Құқық қорғаушының адвокаты Валерьян Вахитов оны босатуды сұраған, бірақ мемлекеттік айыптаушы өмірлік жаза алғандардың ісі қайта қаралмайтынын айтты.

Аппеляциялық шағым Шу облыстық сотында қаралып, 2017 жылы 24 қаңтарда Аскаровқа қатысты шыққан үкім өзгеріссіз қалды.

Этникалық өзбек Азимжан Аскаров Қырғызстанның оңтүстігінде 2010 жылы маусымда қырғыздар мен этникалық өзбектер арасында болған қақтығыстарға қатысты деп айыпталып. Қақтығыстардан 450-ден астам қаза тауып, мыңдаған адам үйлерін тастап кетуге мәжбүр болған. Аскаровқа «қақтығыс кезінде көз жұмған милиционер өліміне қатысы бар» деген айып тағылған. Ол Жалалабад облысының Базар-Коргон ауданында тұрып, құқық қорғау ісімен айналысқан.

2016 жылдың сәуірінде БҰҰ-ның Адам құқығы жөніндегі комитеті Қырғызстан билігін Аскаровтың ісін қайта қарауға шақырған. Комитет Аскаровтың ұсталуы, азапталуы, ауыр жағдайда қамауда отыруын заңсыз деп тапқан.

Аскаров өзіне тағылған айыптарды жоққа шығарып, істің саяси астары барын айтқан.

Azattyq

Загрузка...

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз