Шри-Ланкадағы теракт құрбандарының саны 300-ден асты

0

Шри-Ланкада жарылыстардан қаза тапқандар саны 310-ға жетті. Кем дегенде 480 адам жараланған. Бұл туралы NewsFirst сайты хабарлады.

Шри-Ланка денсаулық сақтау министрлігінің дерегінше, денесі табылған қырықтан аса адамның кім екені әлі анықталмаған.

Жарылысты әлі ешкім мойнына алмады.

Жексенбі, 21 сәуірде Шри-Ланканың түрлі аумағында сегіз жарылыс болған. Оның төртеуі — қонақ үйде, үшеуі — шіркеуде болды. Тағы бір жарылыс туралы әзірге толымды дерек жоқ.

Жарылыстың басым бөлігі — Коломбо қаласында болған. Ел астанасының солтүстігіне қарай орналасқан Негомбо және шығыс жағалаудағы Баттикалоа қаласындағы шіркеулер де бүлінген.

Шри-Ланка билігі жарылыстарды жергілікті исламшыл «Жамаат ат-Таухид әл-Ватания» тобынан көреді. Биліктің хабарлауынша, жергілікті экстремистерге халықаралық «желі» көмектескен. AFP агенттігінің жазуынша, сәуірдің басында халықаралық барлау Шри-Ланка билігіне исламшылдардың елде бірнеше теракті ұйымдастырып жатқанын ескерткен.

Жарылыстарға қатысы болуы мүмкін деген күдікпен 40 азамат ұсталған. Олардың барлығы — Шри-Ланка азаматы.

23 сәуірден бастап ел аумағында төтенше жағдай жарияланды.

Azattyq