«Шекараны заңсыз кесіп өткен» Шыңжаң қазағы Тәбәрікке үкім шықты

0

16 қаңтарда Алматы облысы Панфилов аудандық сотында «шекараны заңсыз бұзды» деп айыпталған Шыңжаң қазағы 30 жастағы Тілек Тәбәрікке үкім шықты. Судья Динара Құйқабаева Тәбәрікті алты айға бас бостандығынан айырып, 25 200 теңге көлемінде айыппұл салды.

Бұған дейін прокурор Азамат Байсаров Тілек Тәбәрікұлын алты айға бас бостандығынан айырып, бес жылға дейін Қазақстан аумағынан шығаруды сұраған.

Қорғау тарабы прокурордың айтқанына қарсы болып, Тәбәрікұлын үш айға соттап, Қазақстан азаматтығын беруді сұраған. Тілек Тәбәрікұлы да соттан өзін қайтармауды сұраған.

Шыңжаңда туған 30 жастағы Қытай азаматы Тілек Тәбәрікұлының үстінен Қазақстанның құқық қорғау органдары 2019 жылы тамыз айында қылмыстық іс қозғап, қазан айында ұстаған. Ол шамамен бір жарым-екі айдан бері Талдықорғандағы тергеу изоляторында қамауда отыр.

Айыптау тарабының айтуынша, ол 2018 жылы мамыр айында Қазақстан мен Қытай арасындағы «шекараны заңсыз кесіп өткен». Оның алдында Қазақстанда ықтиярхатпен жүрген ол 2017 жылы желтоқсан айында Қытайға «білім жетілдіру мақсатында» барып қайта алмай қалған. Қытайдың құқық қорғау органдары «белгісіз себептермен» құжатын алып, қайтармаған. Ол бірнеше айдан соң Қорғас бекетіне барып, реті келгенде Қазақстан жаққа қарай өтіп кеткен.

Қорғау тарабының айтуынша, полиция ықтиярхаты бар Тілек Тәбәрікұлын «Қазақстан азаматтығын алайын деп жүрген кезде» ұстаған. Тәбәрікұлы 2017 жылы қараша айында Қазақстаннан азаматтық алу туралы өтініш түсірген.

«Нағыз Атажұрт еріктілері» ұйымы өкілдерінің айтуынша, егер Қазақстан Тілек Тәбәрікұлын Қытайға қайтарса, оның үстінен ауыр баптар бойынша қылмыстық іс қозғалуы мүмкін, себебі ол жақта «шекараны заңсыз кесіп өткен азаматтар ауыр баптармен жазаланады».

Тілек Тәбәрікұлы – «Қытайдағы қысымнан қашып, шекара бұзған» жалғыз қазақ емес.

2018 жылы тамызда «Қазақстан шекарасынан заңсыз өтті» деген айыппен Қытай қазағы Сайрагүл Сауытбайдың үстінен сот процесі жүрген. Қоғам назарын аударған сот шешімімен Сайрагүл Сауытбай шартты жазамен бостандыққа шыққан. Сотта Сайрагүл «Шыңжаңдағы лагерьде жұмыс істегенін, кейін қысымнан қашып, шекара бұзуға мәжбүр болғанын» айтқан. Кейін ол Қазақстаннан босқын мәртебесін ала алмай, Швецияға кеткен.

23 желтоқсанда Жаркент қаласындағы сот «шекара бұзды» деп айыпталған тағы бір Қытай қазағы Қайша Ақанды алты айға шартты жазаға кескен. Сот оны Қазақстанда қалдырған. «Шыңжаңдағы қысымнан қашып, Қазақстанға келген» Ақанның қолында қазір «пана іздеуші куәлігі» бар. Ол да Қазақстаннан босқын мәртебесін сұрап, арыз жазған.

Бұған дейін Қытайдың Шыңжаң өлкесінде тұратын этникалық қазақтар Қастер Мұсаханұлы мен Мұрагер Әлімұлы шекара бұзып, Қазақстанға өткен. Олар да «Шыңжаңдағы қысымнан қашып келгендерін» айтқан. 6 қаңтарда Шығыс Қазақстан облысында Мұсаханұлы мен Әлімұлының соты басталады.

Желтоқсан айының аяғында Қазақстанның ұлттық қауіпсіздік комитеті «Қазақ-қытай шекарасын заңсыз кесіп өттім» деп мәлімдеген этникалық қазақ Бағашар Мәлікұлына қатысты қозғалған қылмыстық іс қысқарғанын хабарлаған.

Azattyq

Загрузка...

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз