«Шаңырақ» оқиғасына 14 жыл: Тасмағанбетов сайда орналасқан үйлерді сырып тастауға бұйрық берген

0

Осыдан тура 14 жыл бұрын, яғни 2006 жылдың 14 шілдесінде, кейбіреулер пір санайтын, сол кездегі Алматы қаласының әкімі Иманғали Тасмағанбетов, таң қараңғысын пайдаланып, екі «Шаңырақтың» (Алматыдағы қазақтар қоныстанған ықшамаудандар) ортасындағы сайда орналасқан үйлерді сырып тастауға бұйрық беріп, қарулы полицайлар ақ жаулықты аналардың жалынғанына қарамай, тұрғындарға тап берген болатын.

Сол жердің тұрғындары өз баспаналарын ерлікпен қоғап қалды сол күні. Кейін, 2007 жылдың қаңтарынан бастап сол қорғаушылардың үстінен сот процессі жүрді. Ол 9 айға созылды.

Сол сот процесіне «қоғамдық ұйым тарапынан қорғаушы» болып бастан-аяқ қатысқан болатынмын. Сол кезде жазылған мақаламды назарларыңа ұсынып отырмын. Сәл шұбалаңқылау болып кеткен, дегенмен аяғына дейін оқып шығуға шыдамдарың жетеді деген ойдамын…

Менің түсінгенім – ҚАЗАҚ тілін ешкім де сыйламайды екен!

25 Шаңырақтықтар үстінен қозғалған қылмыстық істің Басты сот талқылауы 5 қыркүйекте аяқталып, сол күні-ақ сот төрағасының қояр да қоймасымен тараптардың жарыссөзі басталып кетті. Айыптаушылар тарапынан сөз алған прокурор Ғ.Дүйсембаев мырза: «Қайдағы біреулер қала маңындағы жерлерді иелері бар ма, жоқ па сұрамай-ақ басып алып, адам тұруға келмейтін лашықтар салып алуда. Олар заңды бұзған, олар «Шаңырақ» деген киелі ұғымға кір келтіруде. Олардың заңсыз тұрып жатқан жерлеріне салып алған үйлерінен, сол үйлер тұрған жерлерді босату туралы соттың заңды шығарған шешімдерін орындау үшін келген сот орындаушылары мен полиция қызметкерлеріне «санасыз элементтер» қарсылық көрсеткен. Олардың бұлай істеуге қандай қақылары бар еді? Осы «санасыз элементтер» жәй қарсылық көрсетіп қана қоймай, талтүсте, бүткіл жұрттың көзінше, полиция қызметкерін өртеп жіберуге дейін барды ғой. Бұл бассыздықты қалай түсінеміз?» – деп, салған жерден бастырмалата жөнелді. Алдындағы қағаздағы жазылғандарды ежіктеңкіреп оқып тұрғанына қарап, осы жазылғандардың артында сот процесінен масқаралықпен қуылған прокурор Б.Оспановтың қолтаңбасы бар-ау деген ойға қалдым. Жазылып қойылған сөздерді арсыл-гүрсіл оқып, жартысына енді жеттім-ау дегенде сол күнгі сот отырысының уақыты бітіп, келесі сот отырысында жалғастырылатын болды. Сол күні, қамауда отырған сотталушылар, сот төрағасының шешімімен сот отырысына қатыстырылмаған еді.

7 қыркүйекте жалғасқан сот процесіне келсек, қамаудағы сотталушыларды түгелге дерлік сот залына әкеліпті. Сөйтіп, прокурор мырза өз сөзін қайтадан басынан бастап оқитын болды. Бұл жолы прокурор мырзаның өткендегідей қарқыны жоқ, біраз жуасып қалыпты. «Санасыз элементтер», ойбай, «санасыз элементтер» деген сөз тіркестері мүлдем айтылмады десе де болады.

«Шаңырақта қылмыс жасалғаны рас, алдын ала жүргізілген тергеу дұрыс жүргізілген, олардың бар кінәсі дәлелденді, оларды қатаң заңмен соттау керек» дей келе, сотталушыларды әртүрлі мерзімге бас бостандықтарынан айыруды сұрады.

«Ең азы үш жыл мерзімге сотталуы керек, бірақ шартты жаза қолдануға болады» деп сұрап, тәртіпсіздікті негізгі ұйымдастырушы деп танылған Арон Едигеевке – 25 жыл қатаң режимді, оның ішінде 5 жылын түрмеде өткізуі керек деп сұрады. Прокурордың осы айтқандарын залдағы халық наразылықпен қарсы алды.

Содан кейін жарыссөзге адвокаттар мен қорғаушылар шықты. Адвокаттар негізінен өз қорғауларындағы сотталушылардың осы оқиғаға қаншалықты қатыстары бар екенін, алдын ала тергеу кезінде тергеушілер тарапынан оларға қандай қорлық көрсетілгендерін айтып жатты. Ара-арасында соталушылар да жарыссөзге қатысып, өздерінің еш кінәлары жоқ екендіктерін түсіндіріп бақты.

Тып-тыныш өтіп жатырған жарыссөзді сотталушы Жаңабай Бақберсіннің ешқандай қағазға қарамай айтқан жалынды сөздері селк еткізді.

Ол өзінің сөзінде осы болған оқиғаға биліктің кінәлі екенін, өйткені билік тоғышарлықпен айналысып кетіп, кедей-кепшіктердің жағыдайларына мойын бұрудан қалғанын, оның бәрін Аллаһ тағаланың көріп тұрғанын, оның берекетсіз биліктің істеп жүргендерінің жазасын беретіні туралы және қамаудағы жігіттерге осы жағдайлары оларға Аллаһ тағаланың мойындарына түсіріп отырған сынақ екенін, осы сынақтан мойымай, сүрінбей өтулерін тілеп, өзінің қылмысын мойындамайтынын, дегенмен сот қандай үкім шығарса да қабылдайтыны туралы айтты. 10 минуттай уақытқа созылған жалынды сөзді сот та, прокурорлар да, залдағы отырғандар да ауыздарын ашып отырып тыңдады. Кейбіреулері шыдамай қолдарын соғып-та жіберді. Залдағы әр қимылға назар аударып отыратын сот төрағасы, бұл жолы осы шапалақтарға ештеңе демеді.

10- қыркүйектегі отырыс түгелімен қорғаушы жақтың жарыссөздегі сөйлеген сөздеріне арналды. Таңертеңнен халық сот залына көп жиналды. Жарыссөзді Арон Едигеевтің адвокаты Теңелбек Көлбаев бастады. Өз кәсібін шебер меңгерген маман ретінде ол өзінің қорғауындағы сотталушыға тағылған айып пен алдын ала жүргізілген тергеу кезіндегі қолданылған заңдардың қарама-қайшылықтарына тоқтады.

Сонан соң жарыссөзге шыққан «Аллажар» фильмінің режиссеры, қорғаушы Қалдыбай Әбенов басты сот талқылауы барысындағы сот құрамы тарапынан болған процессуалды іс жүргізу тәртібіндегі кемшіліктерге тоқталды. Осы сот құрамының құзыреттілігіне (компетентность) күмән келтірді. Қорғауындағы Арон Едигеевтің кінәсіз екендігін дәлелдейтін фактілер келтірді.

Келесі сөз кезегі маған, яғни сотталушы Асхат Смановтың қорғаушысы, Нағашыбай Есмырзаға тиді. Жарты сағаттай уақытқа созылған сөзімде мен негізінен сот орындаушылардың тарапынан жіберілген заң бұзушылықтарға тоқталдым. Оларың Шаңыраққа соншама полиция қызметкерлерін бастап апаруға ешқандай себептері жоқ еді. Бұзуға тиіспіз деп келген 115 үйдің бірде-біреуі полиция келген жақта орналаспаған еді. Өздерінің айтулары бойынша бұзылуға тиіс 115 үйдің 24-не ғана даярлаған құжаттары дұрыс екен, дегенмен ол үйлердің нақты қай жерде орналасқанын білмейтін болып шықты. Ал, сол шаңырақтықтарға заң жағынан көмектесіп жүрген Денис Әлімбеков өзінің сотта куә ретінде берген жауабында: сол сайдан соттың шешімі шыққан 14-ақ үйдің бар екендігін анықтағанын айтты.

— Ол үйлер оқиға болған жерден қанша қашықтықта ораласқан екен? – деген менің сұрағыма, – Шамамен 250-300 метрдей, деп жауап берген еді. Егер, сот орындаушылары ол үйлердің қайда орналасқандарын білетін болса, жақындау жерден барып неге кірмеді? Бұдан да басқа түсініксіз сұрақтар көкейде қаптап тұрды.

Тағы бір айтылған мәселе ол – өзімнің бабамның, анамның тілі – ҚАЗАҚ тілінің қылмыстық істе қалай пайдаланылғандығы. «Бүгіннен бастап қорғаушы болып таныласың» – деген соттың қаулысы шыққанан соң іспен танысайын деп 72 томды қолыма алмайын ба?

Масқара, істің қай томын алып қарасам да, қазақ тілінде толтырылған құжаттарда құжынап жүрген қателер. Емлелік те, грамматикалық та, орфографиялық та және т.б. қателер өріп жүр. Өзін өзі сыйлайтын басқа бір елде осындай істе бір сөзі қате жазылсыны, нағыз айқай-шу болар еді. Бізде бәрі бір. Қате-қате құжаттарды тергеушілер тіге салады, прокурорлар көзді жұма салады, сот мән бермейді.

Бір ғана мысал: Сот төрағасы біздерді іспен таныстырып отыр: том 42, іс беті 37, жәбірленушінің алған жарақатына жасалған сараптама қортындысы. Сараптама орыс тілінде жазылған екен. «Потерпевший получил удар по голове тупым предметом» депті. Бір сорлы аудармашы оны: «Жәбірленушінің басын топас затпен ұрған» екен, – деп аударыпты. Осыны сот төрағасы оқып отыр.

— Құрметті сот төрағасы, қазақта топас зат болмайды, топас адам ғана болады ғой, – деймін мен шыдай алмай. – Қорғаушы Есмырза, түсініп отырсың ғой, – дейді Беймбетов (сот төрағасы) мырза. Бұл жерде мәселе түсінген-түсінбегендікте емес қой. Мəселе сот органдарының да түсінікпен (по понятиям) əрекет ететінінде. Мәселе егемен еліміздің сот органында мемлекеттік тілді дұрыс қолданбай, мазақ еткенінде болып тұр ғой. Қазағымның тілін мазақтап тұр ғой. Қазақтың тілін мазақтағаны, мені мазақтағаны емес пе? Мен неге өзімді мазақтатқызып қояды екенмін? Қазақ ретінде өзін-өзі сыйлайтын сот осындай өрескел қателіктерді көргеннен соң, барлық істі тергеушілерге қайтып беруі керек еді, кімді мазақ қылып отырсың деп.

Бірақ, байлаулы баспақтың күйін кешкен соттан не күтерсің?!

Ерлік, елдік, бірлік, қайрат, бақ, ардың,

Жауыз тағдыр жойды бәрін не бардың…

Алтын Күннен бағасыз бір белгі боп,

Нұрлы жұлдыз, бабам тілі, сен қалдың! – деп, ақиық ақынымыз Мағжан жырлап кеткен Нұрлы жұлдыз тілім ай…

Дардай Алматы қалалық сотында, қазақ тілінде қаралып жатқан істегі жағдайың осы болса, жауыз тағдыр сені де жойған екен ғой…

Әттең-ай, әттең… деп тістенгеннен басқа не істей аламын?

Қысқасы, төрт күн қатарынан жүрген сот отырысында адвокаттар мен қорғаушылар кезек-кезек шығып сөйлеп, сотталушылардың ешқандай кінәлары жоқ екендіктерін, керісінше билік басында отырғандардың өз қызметтерін дұрыс атқармай, ештеңенің байыбына бармай, ат үсті, қалай болса солай жасаған, күш бар жерде ақылдың қажеті жоқ деген «топас» әрекеттерінің кесірінен осындай жағдай болғандығын нақты дәлелдермен көрсетіп беріп жатты. Құйма құлақ болса құйып алатын талай салмақты сөздер айтылды. Бір қызығы, жарыссөзге шыққан қорғаушыларды сот төрағасы тездетіңіз-тездетіңіз деп асықтырып отырды.

Сөйтіп, жарыссөзге шығушылар тездетіп, 15 қыркүйек күні түстен кейін сағат 16:30-да бәрі сөйлеп бітті. Жұмыс уақыты бітуіне әлі 1,5 сағат уақыт бар. Осы уақыт ішінде сотталушылардың соңғы сөздерін тыңдап, үкім шығаруға кетуге болатын еді, дегенмен, сот төрағасы Беймбетов мырза аяқ астынан 17 қыркүйек сағат 10:00-ға дейін үзіліс деді де, орынынан тұрып жүре берді. Оның бұл әрекетіне тек біз ғана емес, қасындағы судьялар да таң қалып қалды-ау деймін. Хош, дүйсенбі болса, дүйсенбі, амал қанша!

Дүйсенбі күні сот отырысы сағат 10:30-да басталып, 10:50-де аяқталды. Сотталушылар, біреулері балаларының жас екендіктерін, біреулері қателесіп барғандықтарын айтып, біреулері еш кінәсын мойындамай ақтау туралы үкім шығаруын сұрап жатты. Олар сөйлеп болған бетте сот төрағасы келесі айдың алғашқы күндері үкім шығады, ол туралы қосымша хабар береміз деп, сот отырысын жапты. Менің ойымша, адвокаттар мен қорғаушылар келтірген бұлтартпас дәлелдемелерді есепке ала отырып сот, жігіттердің бәрін ақтап, істі қайта тергеуге жіберуі тиіс.

P.S. Осы мақаламды мен 18-20 қыркүйек аралығында жазған едім. 22 қыркүйек күні «обширный инфаркт» деген диагнозбен ауруханадан бірақ шықтым. Неліктен жүрегімнің сыр бергенін дәрігерлер де дөп басып, айтып бере алмады.

Хош, сөйтіп Абай айтқандай:

«Жаралы болған жүрекке,

Дауа бер, жамап, сынайын» – деп, жүріп жатқан сыңайымыз бар. Раббым АЛЛАҺ, дертіме шипа бере көр!

(НАҒАШЫБАЙ ЕСМЫРЗА)

2008 ж.