Сауда министрі азық-түлікті қай жерден арзанға сатып алуға болатынын айтты

0

Сауда саласын цифрландыру азық-түлік бағасын төмендетуге мүмкіндік береді деп ойлаймыз, дейді министр

НҰР-СҰЛТАН, 18 ақпан – Sputnik. Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов сауда саласын цифрландыру азық-түлік бағасын төмендетуге мүмкіндік береді деп санайды. Бұл туралы Sputnik Қазақстан тілшісі хабарлайды.

Сұлтанов азық-түлік саудасын дамыту мақсатында «Onay Bazar» және «HHappyFood.kz» электронды платформаларын дамытуға қолдау көрсетілгенін айтты.

«Олар тұтынушыға үйден шықпай-ақ тауар сатып алуға мүмкіндік береді. Мәселен, базардағы сәбіз 100 теңгеден сатылса, Onay Bazar-да 85 теңге ғана тұрады», – деді ол үкімет отырысында.

Айтуынша, фермерлердің отандық өнімді бәсекеге қабілетті бағамен сатуы үшін «Agro Labs» платформасы әзірленіп жатыр.

«Сауда саласын цифрландыру азық-түлік бағасын төмендетуге мүмкіндік береді деп ойлаймыз», – деді министр.

Қазір нарықта шамамен 13 қазақстандық сауда алаңы жұмыс істейді. Kaspi.kz, flip.kz, chocofamily, mechta.kz және де басқа электронды коммерция платформаларында тауарлар мен қызметтердің шамамен 20-дан астам категориясы бар.

Сондай-ақ, сауда министрлігінің қолдауымен «BTS Digital» компаниясы «PRICE SCANNER» қосымшасын әзірлеп жатыр. Ол әлеуметтік маңызды және де басқа да азық-түліктің бағасын бақылап отыруға мүмкіндік береді.

Бұдан бөлек, ведомство «бір терезе» қағидаты бойынша шағым қабылдаудың бірыңғай ақпараттық жүйесін құруды көздеп отыр. Бұл жүйенің көмегімен тұтынушы интернет арқылы шағымдана алады.



sputniknews.kz

Загрузка...

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз