Сәтбаевтағы толқу: бес жасар қыздың ата-анасы үндеу жасады

1

Бүлдіршіннің ата-анасы оның суретін әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде таратуды доғарып, қаржылай қор ұйымдастырып, түрлі жиын өткізбеуді сұрайды

Сәтбаев қаласында жоғалған 5 жасар қыздың белгісіз ер адамның пәтерінен табылуы қоғам арасында үлкен алаңдаушылық тудырған соң, бүлдіршіннің ата-анасы арнайы үндеу жолдады. Мұндай мәлімдемені Қазақстанның бала құқығы жөніндегі уәкілі Аружан Саин өзінің Instagram парақшасында жариялады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Айсезімнің ата-анасы ең алдымен Жезқазған мен Сәтбаев қалаларының жұртшылығына, сын сағатта қол ұшын созғаны үшін барлық адамдарға алғыс білдірген.

«Бірінші кезекте біз – Сүлеймен отбасы, атап айтқанда ата-анасы Өтеубай-Манара өз атымыздан қала жұртшылығы мен еріктілерге қызымызды іздестіруге атсалысып, үлес қосқандары үшін алғыс білдіреміз! Айсезімнің табылуына сіздердің септіктеріңіз тиді. Айсезімге және оның отбасына білдіріп жатқан жылы лебіздеріңіз бен қолдауларыңызға рақмет айтамыз», – дейді ата-ана үндеуінде.

Сондай-ақ, олар қазіргі кезде бүлдіршіннің жағдайы мамандар тарапынан жақсы деп бағаланып жатқанын атап өткен.

«Бізбен психологтар мен арнайы дәрігерлер күнделікті байланыста отыр. Сондай-ақ біз ҚР бала құқығы жөніндегі уәкіл Аружан Саинмен @aruzhan_sain де тығыз байланыстамыз. Ол өз тарапынан қажетті мамандар мен реабилитациялық емханаларды табуға, сондай-ақ адвокат пен құқықтық қорғауды ұйымдастыруға көмегін тигізіп жатыр», – деп жазады.

Айсезімнің ата-анасы «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС-іне перзенттерін реабилитациядан өткізуге жұмсалатын шығындардың бәрін өтеуге шешім қабылдағаны үшін ерекше алғыс білдіреді.

«Біздің отбасысыздың қаржылай көмекке мұқтаждығы жоқ, барлық психологиялық және қаржылай шығынды «Қазақмыс» өтеуге уәде берді. Тағы бір айтарымыз: қызымыздың суретін әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде таратуды, оқиғаға қатысты түрлі пікірлер мен жалған ақпараттарды таратуды доғаруларыңызды сұраймыз. Біз болған оқиғаны тезірек ұмытқымыз келеді. Үлкен өтініш: қаржылай қор ұйымдастыруды, түрлі жиын өткізуді тоқтатыңыздаршы! Біздің басымызға түскен қайғы басқа келеңсіз оқиғалардың себебі болуын қаламаймыз. Мұның бәрі біздің отбасы үшін ауыр соққы әрі сол қайғылы күнді ойымызға сала береді. Түсіністік танытуларыңызды сұраймыз. Барлықтарыңызға алғысымызды білдіреміз!», – дейді олар.

Сәтбаевтағы толқу

24 шілдеге қараған түні Сәтпаев қаласында тәртіпсіздіктер басталды. Оған жоғалған 5 жасар қыздың белгісіз ер адамның пәтерінен табылуы себеп болған.

Бүлдіршінді бүкіл қаладан іздеді. Бала табылғаннан кейін күдікті тұратын үйдің маңына бір топ адам жиналды. Олар күдіктіні өздері жазаламақ болған. Ашулы топ барлық пәтердің есігін қағып, тұрғындардың зәресін ұшырған.

Халық толқуын басу үшін қалаға Ұлттық ұлан күштері тартылды.

Содан кейін жиналғандар күдіктіні беруді талап етіп, қалалық әкімдікке қарай бет алды.

Қала билігі бала анасының қасында екенін мәлімдеді және тұрғындарды арандатушылыққа ермеуге шақырды.

Таңға қарай қалада жағдай тұрақталды.

Ер адам бүлдіршінді ұрлап, зорлады деп айыпталып отыр. Тергеу жүргізілуде.

Загрузка...

1 Пікір

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз