Сарыағаш соты журналист Батырбековтің жазбасы мен мақаласын сараптамаға жіберді

0

5 ақпанда Түркістан облысы Сарыағаш аудандық соты журналист Амангелді Батырбековтің жәбірленуші Ләйла Дарханбаева туралы жазған жазбасы мен «Сарыағаш-инфо» газетіне шыққан мақаласын сараптамаға жіберді. Бұл туралы Азаттыққа судья Берік Каипов айтты.

Дарханбаева журналист Батырбековті «Facebook желісіне пост жазып, газетіне мақала жариялап, маған жала жапты, қорлады» деп сотқа берген. Желідегі жазбаны бөліскен тағы бірнеше адамның үстінен де арыз түсірген.

Берік Каиповтың сөзінше, 5 ақпандағы сот отырысында жәбірленуші «Заңғар Медет» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Дарханбаева Батырбековтің жазбасына сараптама жасауды сұраған. Судья осы өтініштен соң Батырбековтің Дарханбаева туралы Facebook парақшасында жазған жазбасы мен «Сарыағаш-инфо» газетіне жариялаған мақаласына психологиялық-филологиялық сараптама тағайындау туралы қаулы шығарған.

Бұған қоса, Ләйла Дарханбаева 5 ақпандағы отырысында Батырбековпен бірге жауапқа тартылған оның әйелі Гүлзада Баймұратова мен Мустафин Байдуллаевтың үстінен түсірген арызын алған. Ол Баймұратова мен Байдуллаевты азаматтық тәртіппен сотқа беретінін жеткізген.

Амангелді Батырбеков Facebook желісінде «Ләйла Дарханбаева алаяқ па әлде өтірікші ме?» деген жазба жариялаған. Оны журналистің әйелі Гүлзада Баймұратова, Мұстафин Байдуллаев, Пазылхан Түймебаев пен Гүлшан Артықбаева, Құдірет Ережепбаев бөліскен. Дарханбаева журналист пен оның жазбасын бөліскендердің үстінен Қылмыстық кодекстің «Жала жабу» және «Қорлау» бабымен арызданған. Сот іс тергеуін бастағанда жәбірленуші Дарханбаева Гүлшан Артықбаева, Пазылхан Түймебаев пен Құдірет Ережепбаевтың үстінен түсірген арызды қайтарып алған.

Ол Батырбеков, Баймұратова мен Байдуллаевпен татуласудан бас тартқан.

Бұл – «Жала жабу» және «Қорлау» баптары бойынша журналист Батырбековтің үстінен қозғалған екінші іс. Бұған дейін Түркістан облыстық соты Келес аудандық білім бөлімінің бастығы Бақтияр Абдиев «ар-намысыма тиіп, қорлады» деп Амангелді Батырбековті сотқа берген. Сарыағаш аудандық соты Батырбековті 2 жыл 3 айға түрмеге қамаған. Ал Түркістан облыстық соты аудандық соттың үкімін жойып, журналисті ақтаған. 5 ақпанда Батырбеков Абдиевті сотқа бергені белгілі болды.

Azattyq