«Сәкен сері» атанған халық жазушысы Сәкен Жүнісовтың өмірбаяны — Қазақстан жаңалықтары

0

Stan.kz қазақ әдебиетіне зор үлес қосқан талантты тұлғалардың бірі Сәкен Жүнісовтың өмірбаянын ұсынады.

«Сәкен сері» атанған халық жазушысы Сәкен Жүнісовтың өмірбаяны

КСРО әдебиет қорының қазақ бөлімінің директоры, Қазақстан Жазушылар Одағының хатшысы болған белгілі қазақ жазушысы Сәкен Жүнісов Нұрмақұлы 1934 жылы 1 ақпанда Солтүстік Қазақстан облысына қарасты қазіргі Уәлиханов ауданындағы Кішкенекөл ауылында дүниеге келген. 1957 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетін және аспирантурасын бітірді. 

Жазушы еңбек жолын «Пионер», қазіргі «Ақ желкен» журналында әдеби қызметші ретінде бастады. 1960-1964 жылдары Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрында әдебиет бөлімінің меңгерушісі, 1964-1968 жылдары «Қазақ әдебиеті» газетінің редакциясында қызметші, кейіннен КСРО әдебиет қорының қазақ бөлімінің директоры болып қызмет етті. 1988-1992 жылдар аралығында Қазақстан Жазушылар Одағының хатшысы, содан кейін 1992 жылдан бастап шығармашылық жұмыспен айналыса бастады.

Жүнісовтың алғашқы кітабы балаларға арналды. Ол кішкентай оқырмандарға арнап «Сонарда», «Әжем мен емші және дәрігер», «Kімнің мекені жақсы?» және тағы да басқа көптеген еңбектер жазды. 

Сәкен Жүнісов жарты ғасырлық шығармашылық қызметінде қазақ әдебиетінің дамуына айтарлықтай үлкен үлес қосты. Оның 1968 жылы «Жазушы» баспасында орыс тілінде жарық көрген тың жерлерді игеру тақырыбында жазылған «Жапандағы жалғыз үй» романы елеулі құбылысқа айналды. Себебі, өткен ғасырдың 50-жылдарындағы тың игеру қазақ даласына әлеуметтік қайшылықтар алып келген еді. Жазушы «Жапандағы жалғыз үй» романында осы жағдайды баяндайды. 

Осылайша, қаламгер «Жапандағы жалғыз үй» романын жазып, қазақ даласындағы әлеуметтік қайшылықтарды алғаш рет көркем шығарма арқылы көтерді. Сол үшін кеңестік биліктен де біраз уақыт қағажу көреді. Бірақ, рухы жасымаған қаламгер кейіннен әдебиетке «Ақан сері» туындысын әкеледі. Ол «Ақан сері»  арқылы Ілияс Жансүгіровтың жолын жалғады. Және бұл диалогия ел арасында жоғары бағаланып, жазушы «Сәкен сері« деп аталып кетті. 

«Мен осы «Ақан сері» тақырыбына барған уақытта әрине, өзімнің күшімді сынағым келді. Онымен бірге, өткен ғасырдағы адамдарды бүгінгі жастарға таныстыруда қазақта шығармалардың әлі де аз екенін есептеп, осы бір үлкен адамның өмірін менде бір дүниеге келтірсем деген секілді ой болды»,- деді Сәкен Жүнісов сұхбаттардың бірінде.

Жазушы кейіннен оқырмандарға «Заманай мен Аманай» секілді қайталанбас шығармасын ұсынды. Көптеген театрлардың репертуарынан орын алған «Ажар мен ажал», «Жаралы гүлдер», «Қызым саған айтам» және тағы да басқа пьесалар жазды.

Сәкен Жүнісов жерін, елін, ұлтын, рухын қорғау жолында үлкен-үлкен ойларын айта білген қаламгер. Оның үлкен бақыты да сонда.

Ғабит Мүсірепов «Сәкен сері» деп атаған қаламгердің туғанына биыл 85 жыл толды. Тұңғыш әңгімелері студент кезінен-ақ басылым беттерінде жарық көрген Сәкен Нұрмақұлұлының шығармалары алғашқыда қатты сынға ұшыраған еді. Сонда анасы Мағрипа «ұлымның тауы шағылып, енді жазбай қоятын болар» деп уайымдаған деседі. Алайда, жігеріні жанып, намысын қайраған жігіт әдебиетте «Жапандағы жалғыз үй» романымен құбылыс ретінде танылды.

Сөз зергерінің кейіпкерді келістіре суреттеуі, оқиғалардың шынайылығы кез келген оқырманды баурап алып, жүрегінен орын табады.

Сәкен Жүнісов шоқтығы биік шығармаларымен әдебиетке елеулі үлес қосқан жазушы. Оның «Аманай мен Заманай» романы ХХ ғасырда ел басына орнаған дүрбелеңді сипаттайды. Шығармада бас сауғалап, шетел асқан қазақтардың жай-күйі, отанға деген сағынышы шебер суреттеледі. Ал кейіннен бұл шығарма «Заманай» фильмінің түсірілуіне арқау болды. 

Сәкен Жүнісов қаламгер ғана емес, ол каликатура салып, домбыра, пианино аспаптарында ойнап, қазақша күрес сайыстарына қатысқан ерекше талантты жан болды. Қазақ телевизиясынан көрерменге жол тартқан бағдарламаны да жүргізді. Әнді де тамылжыта айтатын қасиеті болды.

Бүгінде жазушының замандастары оның шығармашылығын барынша насихаттап, есімін ардақтауға жеттейді. Шығармашылығын өлең жазудан бастап, прозамен жалғастырған Сәкен сері 17 пьесаның авторы. Ол қызмет жолын «Пионер», қазіргі «Ақжелкен» басылымында бастап, өмірінің соңына дейін әдебиеттен қол үзбей кино, драмматургия  жанрларында қалам тербеді. Оның көркем сөзбен өрнектелген туындылары қазақ  руханиятының алтын қазынасындай.

Бірақ, өкінішке орай кезінде жергілікті биліктегілер Сәкен Жүнісовке сыйға тартқысы келген Бурабайдағы жазушылар мұражайының сұрқы бүгін адам танымастай күйге түсті. Бурабайдың басты көркіне айналуы керек болған ғимараттың құрылысы бітуге сәл қалғанда аяқталмай, енді 25 жылдың ішінде түгелдей тоналып бітті. Белгілі жазушыға сыйға берілуі керек болған жекежай қазір қаңғыбастардардың үйіне айналды.

Тіпті, қазірдің өзінде ұстынтізбектермен, балкондармен және мансардтық шатырмен салынған жекежайдың қандай да бір жеке жоба бойынша тұрғызылғаны көрініп тұр. Оның үстіне ол ғимарат Бурабай курорттық ауылының ең көрікті жерінде бой көтерген. Бір кездері жекежайдың есігі мен терезелері болған еді, бірақ кейіннен ғимараттың құрылысы тоқтап, содан кейін мүлдем аяқсыз қалды. Содан кейін қараусыз қалған ғимаратты үйсіздер паналап, жергілікті тұрғындар материалдарын тонап бітірді.

Бурабайдың ең көрікті жерінде тұрғызылған бұл ғимаратты кезінде шамамен 30 жыл бұрын, жергілікті әкімдік белгілі қазақ жазушы Сәкен Жүнісовке сыйлауға уәде берген болатын. Жазушы да жергілікті биліктегілердің бұл сыйлығынан бас тартпайтынын айтып, тіпті онда тұрып қана қоймай, сонымен қатар Қазақстанның барлық жазушыларының мұражайын ашуды ойлаған еді. Бірақ, содан бері қаншама әкім ауысып, ғимараттың құрылысы ақыр соңында аяқсыз қалды. Ал 2006 жылы Жүнісовтың өзі дүниеден озып, аяқсыз қалған жекежай сол күйі қожайынсыз қалды.

Бірақ, ғимарат жеке меншік болып саналады, алайда жазушының Алматыда тұратын мұрагерлері жекежайға мүлде қызығушылық танытпады. Дегенмен, Ақмола облысының жұртшылығы бұл мәселеге әлі де алаңдаулы. Халық Бурабайдың төрінде бой көтерген жекежайдың құрылысы күндердің күнінде толығымен аяқталып, Сәкен Жүнісовтың арманындағы мұражай ашылады деп үміттенеді.

Stan.kz сайтын Telegram арқылы оқыңыз. Арнамызға жазылыңыз.

stan.kz