«Саяхаттау жаңа эмоция береді»: 30 жасында 40 ел аралаған қазақ саяхатшысы өзін таңғалдырған және көңілін қалдырған елдер туралы – Қазақстан жаңалықтары

0

Ұлан Әлімбек 30 жасында 40 мемлекетті аралаған саяхатшы, туризм бағытында қызмет етеді. 2018 жылы «Қазақстан туризмінің ең үздік парақшасы» марапатын алған отандасымыз саяхаттаудың қызығы мен қиындығы, өзі болған 309 қаланың ішінде таңғалдырғаны және көңілі толмағандарына тоқталып, жаңадан саяхатқа шығып жүргендерге пайдалы кеңестерімен Stan.kz редакциясы арқылы бөлісті.

Багнас көлі, Непал

– Ұлан, өзіңіз жайлы айта отырсаңыз, осы бағытта жұмыс істеп жүргеніңізге қанша уақыт болды, неше жасыңыздан бастап саяхаттауға шықтыңыз?

– Туризм бағытында жұмыс істеймін, кейбір мәселелер бойынша осы салада мені маман деп есептейтіндер бар. Отбасылы адаммын. Ішкі және сыртқы туризммен айналысамын. Он үш жылдан аса туризм бағытында жұмыс істеп жүрмін, жалпы  өзімді кеш саяхаттай бастадым деп ойлаймын. 16 жасымда шетелдегі лагерге барғаным болмаса, бала кезден саяхаттап келемін деп айта алмаймын. Мен үшін өмір дегеніміздің өзі саяхат.

Ата-анамсыз саяхаттауды 16 жасымда бастадым. Ресей мен Украинаға таныс емес адамдармен балалар лагеріне барғанмын. Одан кейін Еуропаға топтас, сыныптастармен барып келдік. 

– Жер шарын аралап шығу ойыңызда бар ма? Бұл жайлы не ойлайсыз?

– Жер шарын айнала саяхаттау дегенді өз еліңнен бүкіл әлемді шарлауға шығып, кем дегенде 200 мемлекетті көру, демек өз еліңе қайтпай бәрін аяғына дейін жеткізу дегенді білдірсе керек. Қазір, әрине, құлшыныс өте жоғары, бұрын мұндай саяхатқа жалғыз баруды қаласам, қазір отбасыммен баруды қалаймын. Сондықтан отбасылық саяхат екі есе қымбатқа шығатыны белгілі. Демек бәрі жағдайға байланысты.

– Сізше, саяхаттауға лайық жас бар ма және кіммен саяхаттаған жөн?

– Негізінен 18 жастан бастап жалғыз саяхаттай беруге әбден болады, мысалы өз баламды топтық саяхатқа 10 жасынан бастап жібере берер ем. 

Сапарға мүдделес, ниеттестермен, саяхаттауды ұнататын, ойы бір жерден шығатын достарыңмен барған дұрыс. 

Әйелім екеуміз көп жерге барып саяхаттадық: бұл мінсіз саяхат деп айтар едім, себебі сендердің ойларың, көзқарастарың бірдей болса, бір адамдай жүресіңдер. Себебі кейде мүдделестеріңмен саяхаттың өзінде кей адамдар басқа жерге барғысы келеді, енді біреулер темекі, алкоголь ішкісі келеді, ал сізге бұл ұнамауы мүмкін және т.б жағдайлар.

– Сапар кезінде адасып, жоғалған кездер болды ма?

– Адасып, сандалған кездер де болған. Бірақ әрқашан жолды өзіміз тауып кететінбіз, полицияға, төтенше жағдай министрлігіне жүгінген сәттер болмаған. 

Орманда жоғалған сәттер де болды. Достарымызды жоғалтып, бірақ қайта табатынбыз. Саяхат кезінде адасу мен жоғалу қалыпты нәрсе. Бір жерде жоғалу – бұл да бір қосымша саяхат деп айтар едім. Әрине, өміріңе қауіп тиетіндей жағдайда жоғалу деген қиын нәрсе.

– Білуімше, баламен саяхатқа шығып жүрсіз. Мұндағы қиындықтар неде және қандай дайындық керек?

– Ең жеңілі – жалғыз өзіңнің саяхатқа шығуың. Баламен саяхаттау екі адам болып саяхаттағаннан қиындау. Бір жерің зақымданып қалса да, оған қатты мән бермейсің, жауапкершілік тек өзіңде ғана. Отбасылы саяхатта жұбайыңа, балаңа уайымдайсың. Жәндік шағып алмауын, тамақтың жаққанын бәрін ойлап жүру керек. Дегенмен баламен саяхаттау ел ойлағандай айтарлықтай қиын емес. Біз отбасыммен, бір жастан асқан ұлыммен Балиға, Малайзияға қыдырып үлгердік. Автосаяхатқа да шықтық. Бізге де бастапқыда баламен шығуға жақындарымыз көбі қарсы болған. Меніңше, өзің көрмей, білмейсің. 

Баламен саяхаттауға дайындық ретінде: дәрі-дәрмек қорабын алып жүру керек. Одан бөлек, медициналық сақтандыру мен артық ақшаң болған жөн. 

– Норвегияға сапарыңыз туралы айтып берсеңіз. Не таңғалдырды?

– Норвегияда 10 шақты күн болдым. Рождествоға түстім, еуропалықтардың осы мейрамды тойлауы ерекше әсерлі болды. Қыс басталып жатқан кез болса да, күн суық болмады. Өте әдемі, түстердің контрастын көрдім, үйлердің ақ қар астындағы бейнесі мен жер үйлердің құрылысы ерекше, олар үйлерін табиғатпен үйлесетіндей етіп салады. Әрбір үй бір-біріне ұқсас болып көрінгенімен, әрқайсысының ерекшелігі бар және табиғатпен астасып жататынын байқауға болады. Табиғаты таңғалдырды: өзен, көлдер, норвегиялық фьордтар барлығы өте әсерлі. Қазақстанда да осындай жағдайға жететін шығармыз деген үміт бар.

– Африкаға бару жоспарда бар ма?

– Әрбір адамда Африкаға баруға құлшыныс болуы мүмкін. Жеке басым Африка континентінде болдым, соның ішінде Мароккоға барып келдім, көбі мұны Африканың тікелей өзіне жатқызбаса да, бұл жер мен көрген мекендерге мүлде ұқсамайды. Таңғалардық ел, афроамерикалықтар аз болса да, мен барған жерлермен салыстырғанда едәуір. Алдағы уақытта оны көруге мүмкіндік болады деп есептеймін.

– Саяхаттағы әрбір адам білуге тиісті 5 қағидамен бөліссеңіз

  1. Саяхаттауға шығу үшін бір мүмкіндікті, басқа адамдардың келісімін, өзіңмен бірге баруын күтпе. Жолыңнан қалма! 
  2. Жеңіл саяхат. Жүгің, заттарың аз болғаны саяхаттауға кедергі келтірмейді, олар үшін алаңдамайтын боласың.
  3. Жоспарлау. Алдын ала жоспарлап алсаң, көп ақша үнемдейсің.
  4. Баратын еліңде, жеріңде мүмкіндігінше бәрін көру, ештеңеден қысылып қалмау. Әрине, әр нәрсенің шегі бар. Жергілікті тамақ, киімдерін көріп, ғибатханалар, ғимараттар, көрнекі орындарға бару. Жергілікті тұрғындардың өмірін сезіну үшін адамдармен қарым-қатынасқа түсу. Ең бастысы, ұлттық тағамының дәмін тату, сол арқылы олардың мәдениетін түсуге жақындай түсесің.
  5. Көмектен ешқашан бас тартпа және көмек сұраудан қорықпа, ұялма.

– Барған елдің мәдениетін танып-түсіну үшін не істеу керек?

– Өзгеше, еш жерде кездеспейтін тағамдарын көріп, киімдерін киіп көруге болады. Туристер көп баратын жерлерге емес, жергілікті халық жиі баратын орындарға барған дұрыс, олармен тіл табысып, сөйлесіп, достық қарым-қатынас орнату маңызды.

– Сізді таңғалдырған және көңіліңізді қалдырған ТОП-3 елді атап бере аласыз ба?

– Соңғы барған жерлерімнен Жапония қатты таңғалдырды. Өте көп адам тұрады және соның өзінде өте тыныш ел. Елдің өзі әсем, халқы мейірімді, қайта оралғың келеді. Бастапқыда адам көп сияқты боп көрінгенімен, шу-шұрқан емес. 

қара құмды Рейнисфьяр жағажайы, Исландия 

Исландия. Табиғаты керемет екенін бұған дейін дебілетінмін, шынында да табиғаты ерекше екен. Кішкентай арал болса да, өте көп нәрсе бар. Халқы еуропалықтардан қатты ерекшеленеді, сабырлылық, үйлесімділікті сезінесің. Аралда көп адам тұрмаса да, жолдары өте сапалы, жақсы жасалған. Жолда жүрудің өзі рахат. 

солтүстік шұғыласы, Исландия

Тәжікстан. Тәжікстанның табиғаты, таулары керемет. Мен үшін жаңалық болған ел, таңғалдырды. Осында барып көруді барлығына ұсынар едім.

Көңілді қалдырған елдер:

Өзбекстан. Бұрын бұл ел маған қатты ұнайтын. Былтыр барған кезде әсерлі болған жоқ. Осы уақытқа дейін жағымсыз тұстарына көз жұмып келген сияқтымын: халқы кедей, біз сол жаққа барғанда тұрғындары тарапынан бізді ұнатпай, жек көріп тұрғанын байқадым. Тіпті кей жерлерде өзімізді қауіпсіз сезінген жоқпыз. Жолдары нашар, жөні түзі жанармайдың жоқтығы, Ташкенттен басқа қалаларда оның сапасы нашар болуы көңілді түсірді. 

Малайзия. Ол жаққа барғандардың көпшілігі мұсылман елі, таза деп айтып жатады. Ал маған олай көрінген жоқ. Елдің астанасы мемлекеттің беделі болғандықтан, алғашқы әсерін тигізеді. Куала-Лумпур дамыған қала екені рас, бірақ ел айтқандай таза, керемет емес екен. Көңілімді қалдырған қала болды. Өтірікті де, алдауды да, жемқорлықты да, мұсылманшылдықтың кері әсерін де көрдім. Негативті сәттер көп болды. Малайзияның көп жерінде болдым, астанасынан басқа қалаларда тұрғындар қарапайым болып көрінді. 

Үндістан. Халқы кедей дегенмен, бұл жерде кедей емес, жоқшылықта өмір сүріп жатқан халықты көресің. Қауіп-қатер, көңіл толмаушылық болған жоқ. Адамдардың қаншалықты нашар өмір сүруі мүмкін екенін көргенде бір түрлі сезім болады. Шынымды айтсам, менің көңілімнен шықпаған елдерді айту маған қиынға соғады екен.

–  Саяхат сізге не береді? Келесі барар жеріңіз қандай болмақ?

–  Саяхаттау жаңа эмоция береді. Көп адам өмірді осы эмоция үшін сүреді. Жаңа эмоция мен белсенді әрекет болып есептелгенімен, белгілі бір тұрғыда рухани демаласың. 

Бір жыл бұрын биыл отбасымен Еуропаға автосаяхаттауды жоспарлаған болатынмын. Қазіргі елдегі жағдайға байланысты  жоспарлар бәсеңдеп қалды. Алдағы уақытта Ресей, Қырғызстан, Моңғолияға бару жоспарда бар. 

– Сұхбатыңызға рахмет, барар жеріңіз, көреріңіз таусылмасын!

 

Сұхабаттасқан: Назерке МҰСА



stan.kz

Загрузка...

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз