Сахнада ән салып тұрған рок тобын толқын шайып әкетті

0

2018 жылғы 24 желтоқсан 07:55 458

Индонезиядағы апат: Сахнада ән салып тұрған рок тобын толқын шайып әкетті

АСТАНА. ҚазАқпарат — Индонезияның батыс бөлігіндегі Зонд бұғазы жағалауында болған цунами салдарынан 222 адам қаза тапты, деп хабарлайды  ВВС.

 Табиғи апатттарға қарсы күрес агенттігінің өкілі Сутопо Пурво Нугрохоның мәлімдеуінше, тағы 843 адам жарақаттанған, 30-ы із-түзсіз жоғалғандар тізімінде. Жүздеген үйлер қираған.

Цунами Анат-Каракатау жанартауы атқылағаннан кейін суасты көшкіні салдарынан болды деген болжам бар.

Табиғи апаттармен күрес агенттігінің өкілі жариялаған кадрлардан цунамидің зардаптарын көруге болады — көшелерді су басып, көліктер аударылған.

Индонезия геологиялық қызметі хабарлағандай, жұма күні жанартау 2 минут 12 секунд атқылаған, ал оның күлі 400 метр биіктікке жеткен.

Әлеуметтік желілерде Seventeen жергілікті рок тобы ән айтып тұрған жағалауда  толқынның  музыканттарды сахнадан шайып әкеткені түсірілген видео жарияланды.

Кейін топтың вокалисі Инстаграмға видео жариялап, онда топтың басисі, гитарисі және гастрольдік менеджерінің қаза тапқанын мәлімдеді, ал топтың басқа екі мүшесі мен оның жұбайы жоғалып кеткен.

Еске салайық, цунами Джакарта уақытымен 23 желтоқсанда 21.27-де болған. Оның салдарынан Бантен провинциясындағы пандегланг округі зардап шеккен.

Зонд бұғазы Ява және Суматра аралдарын бөліп тұр.

 

 

 

Дереккөз: https://www.inform.kz/kz