«Рухы риза болсын»: Бір топ азамат марқұм болған Дулат Ағаділдің үйін көтеру үшін кәсіпкерлер мен әншілерден көмек сұрайды — Қазақстан жаңалықтары

0

Биыл жыл басында СИЗО-да отырып кенеттен қайтыс болған қоғам белсендісі Дулат Ағаділтің бір топ жақындары оның отбасы үшін үй көтермек. Достары артында алты баласы қалған азаматтың үйі жартылай бітпей тұрғанын айтады. Дулаттың рухы риза болсын деп сауапты істі қолға алған олар еріктілерді асарға шақырады. Stan.kz тілшісі осы істің басы-қасында жүрген Ербол Есхожинмен байланысып, үй салуға не итермелегенін сұрап білді. 

Дулат ағаділ

Ақтөбе облысының тумасы Ербол Есхожин Дулат Ағаділмен 2018 жылдан бері дос ретінде араласатынын айтады. Содан бері қуанышта да, қайғыда да біргеміз деген ол досының жағдайын үйіне келгенде байқағанын айтады. 

«Дулат өмірден өткенен кейін үйіне барғанда жағдайын көрдік. Үйінің жартысы бітпеген. Құрылысты Дулаттың өзі бастаған. Үйінде не жуынатын бөлме, не әжетхана жоқ екені көріп көмектесуге шешім қабылдадық. Өзі бастаған үйін аяқтаймыз деп бел шешіп кірістік», — дейді белсендінің досы Ербол. 

Ақмола облысына қарасты Талапкер ауылда орналасқан үйде құрылыс жұмыстарын бастағанда балалары мен жұбайы пәтер жалдап, қалаға уақытша кеткен. Отағасынан айрылған отбасында Дулаттың жұбайынан бастап, балаларына дейін жұмыс істейді. Әйелі дүкенде аспаз болып қызмет етсе, үлкен қызы  банкте жұмыс істейді. Қалған балалары құрылысшы болып күн көріп жатқанын айтады Ербол Есхожин. Досының бір жыртығын бүтіндесем деп ниеттенген ол осы іске белшешіп буынып, халықтан қаржылай көмек сұраған. 

«Біздер қаржы жинауды 3 ай бұрын бастаған едік. Өзімнің жеке парақшама Дулаттың үйін суретке түсіріп салып, анасының есеп-шотының нөмерін көрсеттік. Халықтан үш миллиондай ақша жиналды. Карантин біткен соң үйдің құрлысын бастадық. Істеп жатқан ісіміздің бәрін суретке түсіріп, парақшама есеп ретінде салған соң халықтың сенімі одан сайын артып, ақша салатындар көбейді. Тағы да миллионнан аса ақша аударылды», — деген ол қазір істің басы қасында үш адам жүргенін айтады.  

«Қазір нақты жүрген үш адамбыз. Таңертең тағы да кем дегенде 10- нан аса адам жиналады. Күнде парақшама бүгін қандай жұмыстар болатынын айтып, жігіттерді шақырамын. Демалыс күндері 20-30 шақты адам келеді. Күнделікті тікелей эфирге шығып, не істеп жатқанымызбен таныстырып отырамыз», — дейді Ербол. Оның айтуынша, бұл іске түрткі болған досына деген адал көңілі және рухы риза болсын деген ниеті. 

«Біріншіден бірге жүріп, бірге күресіп, митингтерге де бірге шығып жүрген достарымыз. Дулатты барлығы таниды. Қиындықта, қуанышта бірге болдық. Талай үйіне де келдік, дәм-тұз таттық.  Сонда үйінде жағдай жоқ екенін көретінбіз. Суды тасып ішеді, көмірмен от жағады. Көзі тірісінде өзі істейді деп араласа алмадық. Өзі өмірден өткен соң рухы риза болсын деп, бала-шағасына жағдай жасап берейік деп осы іске жұмылдық. Құрылысты бастағанымызға көп болмады. Бұрын бұл үйдің жобасын Дулат өзі жасаған. Кіре-беріс есігі бұрын үйдің артында болса, қазір алдынан шығарып, терезелерін кеңейтіп жүргенде уақытымыз кетіп қалды. Қазір үйдің шатырын жауып жатырымыз. Әлі де істелетін іс көп. Бұрын отын жағып отырған үйге газ  кіргізіп, үйде тек бір ғана жуынатын бөлме болса, біз екі бөлме қылып үлкейтіп жатырмыз», — деген марқұмның досы Ербол қаражат жағынан көмек керек екенін айтып қалды. 

«Әлі де қаражат жетіспейді. Біз еліміздің қоғам қайраткерлерінен, кәсіпкерлерден көмек сұраймыз. Қазір ақша жіберіп жат-андар тек қара халық. Біреу 500 теңге жіберді, екіншісі 5-10 мың салады. Ең көп салғаны 100000 теңге болды. Нақты кім екені білмеймін. Бірақ бізге елге танымал әнші, актерлерден, кәсіпкер азаматтардан қаржылай қолдау күтеміз. Шынына келгенде Дулат биліктегі жемқорлықты айтып, шындық деп шырылдағаны үшін жазықсыз кетіп отыр. Ол қылмыс істеген жоқ. Оның үстіне қайтыс болғалы не қырқы, не жүзі берілген жоқ. Қырқын ұйымдастырайық десек карантин болды. Бүгін жүзіне құран бағыштап, ас берейік десек ақша жетіспейді. Асарға жиналған ақшаға жүзін берсек үй бітпей қалайын деп тұр», — деген ол бар мәселе қаржыға тіреліп тұрғанын айтады. 

Stan.kz редакциясы қаржылай көмек қолын созамын деуші жаны жомарт жандар үшін реквизиттер ұсынады: 

Kaspibank
5169 4971 0419 4984
Gulbarash Zholmukhambetova
ИИН 510802450495
+7 701 8577760

stan.kz