Ресейдің Қазақстандағы елшісі отандастарын мерекемен құттықтады

0

Дипломат биыл коронавирус пандемиясы салдарынан Ресей күні дәстүрлі мерекелік іс-шаралар мен қабылдауларсыз өтетінін атап өтті

НҰР-СҰЛТАН, 12 маусым – Sputnik. Ресейдің Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі Алексей Бородавкин отандастарын Ресей күнімен құттықтады.

«Біз Отанымызды, оның мыңжылдық тарихын, бай мұрасын құрметтейміз. Біздің Отанымыз демократияға негізделген заңдылық пен әлеуметтік әділеттікке, қазіргі заманғы қарқынды дамыған экономика мен сындарлы сыртқы саясатқа және сенімді қорғаныс қабілетіне сүйене отырып, өсіп-өркендеу жолында жүріп келе жатқанына сенім артамыз», – деді Бородавкин елшіліктің Facebook-тегі аккаунтында жариялаған құттықтауында.

Ол биылғы Ресей күні ерекше екенін – Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 75 жылдығымен қатар келгенін еске салды.

«Жеңімпаз халықтар өз ата-бабаларының ерлігін мақтан тұтуға құқылы», – деп атап өтті елші.

Бородавкин Мәскеудегі Жеңіс шеруіне құрметті қонақ ретінде Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев та қатысатынын айтты.

«Құрметті достар! Біз Ресей күнін жаңа коронавирус пандемиясына байланысты қиын жағдайда тойлаймыз. Бірақ соған қарамастан, Ресей-Қазақстан интеграциялық байланыстары барлық бағыт бойынша табысты дамып келеді. Жылдың екінші жартысында біздің қарым-қатынасымыз жаңа серпін алады деп үміттенеміз», – деді дипломат.

Оқи отырыңыз: Тоқаев Ресей халқын ұлттық мерекесімен құттықтады

Сонымен қатар Қазақстан сыртқы істер министрінің орынбасары Марат Сыздықов та ведомство атынан өз әріптесі мен ресейліктерді төл мерекесімен құттықтады.

«Ресей әлемдегі тұрақтылықты қамтамасыз етуге, қазіргі заманғы жаһандық қауіп-қатерлерге қарсы тұруға қомақты үлес қосуда. Жалпы сан ғасырлық тарих пен достықтың берік шыңына негізделген Қазақстан-Ресей қарым-қатынастарының ерекше деңгейін зор ықыласпен атап өткім келеді», – деді Сыздықов өз құттықтауында.

Ол күрт өзгеріп жатқан халықаралық ахуал жағдайында Қазақстан мен Ресей өзара тиімді қарым-қатынасты үйлесімді құруға және ең маңызды мәселелер бойынша ымыраға келуге қабілетті екенін атап өтті.

Айта кетсек, 1994 жылы Ресейдің мемлекеттік егемендігі туралы Декларация қабылданған күн мемлекеттік мереке болып жарияланды. Ал 2002 жылы жаңа еңбек кодексі күшіне енген соң, бұл күнге «Ресей күні» деген ресми түрде атау беріліп, жаңа мереке және демалыс ретінде тіркелді.



sputniknews.kz

Загрузка...

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз