Ресей Сириядағы әскери базаларын не үшін кеңейтпекші

0

Жақында Ресей президенті Сириядағы әскери базаларға қосымша нысандар мен су аймақтарын беру бойынша келіссөз жүргізуді тапсырды

Негізі, бұл – импульсивті шешім емес, бұған дейінгі стратегияның заңды жалғасы. Қазіргі жағдайда тактикалық тұрғыда осындай қадамға бару керек. Бұның бәрі халықаралық құқық тәртібіне сәйкес келеді.

Тартус пен Хмеймим

Ресейге Жерорта теңізі мен Таяу Шығыстағы әскери-саяси ықпалын күшейту керек. Алдымен халықаралық тұрақтылық үшін әскери контингентті көбірек ұстау қажет. Себебі Иран әскерінің біраз бөлігі және ливандық Хезболла кеткеннен кейін Сирия жерінде лаңкестік ұйымдармен заңды әрі тиімді күрес жүргізіп отырған бір ғана күш бар. Ол – ресейлік әскерилер. Енді, қосымша нысандар мен су аймақтарын алу арқылы тактикалық тұрғыда Тартус пен Хмеймимде, бәлкім, Араб республикасының басқа да жерлерінде қауіпсіздікті қамтамасыз етуге болады.

Бүгінде Сирияда екі ірі ресейлік әскери база бар. Біріншісі – Хмеймим әуе базасы. Ол жерде мерзімсіз негізде авиациялық топ шоғырланған. Екіншісі –  Тартус қаласындағы материалдық-техникалық қамтамасыз ету пункті. Оны жалға алу мерзімі – 49 жыл. Келісімді 25 жылға ұзарту мүмкіндігі бар. Бұдан бөлек, Тартуста әскери-теңіз флотының кемелер тобы орналасқан.

Естеріңізде болса, 2015 жылы Дамасктың ресми сұрауы бойынша Хмеймимде ресейлік әскери ғарыш күштерінің әуе тобы құрылып, Ислам мемлекетінің* лаңкестік тобына қарсы әскери операция басталған болатын. Ал екі жылдан кейін Мәскеу мен Дамаск тағы бір құжатты рәсімдеді. Оған сәйкес, Тартус портында 11 ресейлік кемеге дейінгі әскери күштер орналаса алады. Соның ішінде ядролық реактормен жүретін субмариналар да бар. Порттың кеме жөндеу шараларын кеңейту қарастырылған.

Барлаушылар қайтатын емес

Сөз жоқ, Сирияның өзі ресейлік әскерилердің құрлықта да, теңізде де көбейгенін қалайды. Ал АҚШ әскери-теңіз күштерінің 6-шы флоты Жерорта теңізіне кіріп алған. Онымен қоймай, америкалық әскерилер Сирияның кейбір мұнай өндіру аймақтарын басып алды. Сол кезде БҰҰ-ның санкциясы алынған жоқ.  Сирия Араб республикасы да келісім бермеген.

Онымай қоймай, АҚШ-тың ұшақтары ресейлік нысандарға жақын жерде барлау жасауды тоқтататын емес. Су-35 жойғыш ұшақтары ондай барлаушыларды бірден анықтап, кері қайтарып отырады. Ресми мәліметке сәйкес, мамыр айында 17 жағдай тіркелген. Ондайда Су-35 маневр жасап, барлаушыларға қайда ұшу керектігін көрсетеді. Ал АҚШ «қауіпті маневр жасады» деп байбалам салып жүреді. Бұл шаралар халықаралық тәртіпке қайшы емес.                       

Жаңа қару-жарақ

Әрине, Сирия ресейлік қару-жарақты сынақтан өткізетін полигон емес. Алайда қазіргі жағдайға байланысты дәл осы әскери операциялар кезінде озық қару-жарақтар тексерістен өтті. Ал кәсіпорындар өз өнімін бірден жетілдіріп алды. Бұл – өте бағалы тәжірибе.

Сирияда ресейлік әскери-теңіз флотының кемелері мен субмариналары алғаш рет «Калибр» зымырандарын ұшырды. Ал авиация 5 000 шақырымға ұшатын Х-101 зымыранын лаңкестерге қарсы қолданды. Оның ядролық нұсқасы да бар. Қуаттылығы –  250 килотонна. Бомбалаушы Су-34 ұшақтары да өз тиімділігін көрсете білді.

Бұдан бөлек, Сирия жерінде көп мақсатты Су-57 жойғыш ұшағы, жаңадан шыққан Т-14 «Армата» танкі, радио-электронды күрес жүйесі және тағы басқа қару-жарақ түрлері әскери жағдайда сынақтан өтті. Осының нәтижесінде Ресейдің жаңа қару-жарақтарын алуға ниет білдіріп жатқандардың саны арта түсті.

Бүгінде бомбалаушы Су-34 ұшақтарына сұраныс көбейді. Мысыр, Үндістан, Қытай және тағы бірқатар мемлекетпен арадағы келіссөздерден кейін Мәскеуге Т-14 «Армата» танкіне алдын ала тапсырыстар түсті. Соған қарағанда, Сириядағы әскери операция өзара тиімді әрі табысты болатын сияқты. Ал, ең бастысы, әскерилер біраз тәжірибе жинақтап алды.  

Ислам мемлекеті* (ИГИЛ) – Қазақстанда және тағы бірқатар мемлекетте лаңкестік деп танылған ұйым



sputniknews.kz

Загрузка...

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз