«Ренжімесін»: Нұрлан Нығматулин тұрғын үй басшыларына шүйлікті — Қазақстан жаңалықтары

0

Елде тұрғын үйді басқару саласы дұрыс жолға қойылмай отыр. Бұл туралы мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасының қаралымы кезінде айтты, деп хабарлайды Stan.kz тілшісі. 

Нұрлан НығматулинСурет: elana.kz

«Бүгінгі таңда тұрғындар үшін маңызды сұрақ – үйлерді басқару жұмысы қалай жүреді. Заң жобасына сәйкес, тұрғындар кәсіби басқарушыны өздері таңдайды. Бірақ аталған Заң жобасында басқарушыларға қандай талаптар қойылатыны көрсетілмеген. Сондай-ақ, оларды оқыту және сертификат беру мәселесінің қалай жүзеге асатыны да белгісіз емес пе?» — деп сауал қойды мәжіліс депутаты Татьяна Яковлева. 

Депутаттың бұл сауалына Қазақстан Республикасының Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Роман Скляр жауап берді. Айтуынша, Заң жобасында тұрғын үйлерді арнайы сертификаты мен лицензиясы бар адамдар ғана басқара алатыны туралы жазылған. Аталған лицензия мен басқа да мәселелер осы заң аясындағы нормативтік актілерде қаралуы тиіс. 

«Дәл қазір бұл саланы жақсы білетін азаматтар бізде аз. Оларға жоқ дегенде қысқа курстардан өтуі керек деген талаптар қойылады. Бұл осы саланы меңгеріп, сертификат алу үшін жасалып жатыр. Орындаушы органмен бірге бұл мәселені реттейміз. Тұрғын үй-коммуналдық орталығы бұл іске белсенді түрде араласатын болады. Тағайындау және лицензия алумен қиындық болмайды деп ойлаймын. Себебі бұл мәселені ретке келтіру үшін біраз уақыт беріледі», — деді министр Роман Скляр. 

Алайда бұл жауапқа қанағаттанбаған мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин бірінші кезекте осы саладағы кадрларға жаңа талаптар қойылуы тиіс екенін айтты. 

«Қазір бізде үйді басқарушы немесе ПИК (пәтер иелерінің кооперативі) төрағасы деген кезде көз алдымызға кәрі, зейнетке шыққан адам елестейді. Олардың өмірлік тәжірибесі мол, ер адам болса – бұрын миллиционер болған. Ал әйел адам болса, жиналыста дауысы да білегі де қатты адам елестейді. Сондай-ақ, олардың бұл салада кәсіби біліктілігі төмен, тәжірибесі де аз. Бүгінгі портрет осындай. Ренжімесін. Мұның барлығын тұрғындар бізден жақсы көріп отыр», — деді Нұрлан Нығматулин. 

Әрі қарай мәжіліс төрағасы осы саланы мүмкіндігінше халықаралық стандарттарға сай жүзеге асыруды тапсырды. 

 

stan.kz