Рауан Кенжеханұлы ұлт мектебінің үлгісін жасауды ұсынды

0

Қоғам

Қысқа сілтеме алу

1 0 0

Рауан Кенжеханұлы «әлем азаматы» рухында білім мен тәрбие алған баланың Қазақстанның нағыз жанашыр азаматы болып өсуі екіталай деген пікірде

НҰР-СҰЛТАН, 27 мамыр – Sputnik. Ұлттық аударма бюросының басшысы, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі Рауан Кенжеханұлы ұлт мектебінің үлгісін жасауды ұсынды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Ол еліміздің білім беру саласындағы өзгерістер кезінде негізінен халықаралық талаптар ескеріліп, нақты ғылымдар мен технология, ағылшын тілін оқыту сияқты бағыттарға басымдық берілгенін атап өтті.  

«Сөзсіз, бұл өте маңызды және қажет. Дегенмен білім берудің әлемге ортақ стандарттары, халықаралық ұйымдардың PISA секілді білім сапасын ортақ бағалау құралдары және ол ұйымдардың ақыл-кеңестері сайып келгенде әмбебап маман дайындауға, Қазақстан сияқты елдердің қабілетті балаларын дамыған мемлекеттерге тартуға, жалпы алғанда, әлем азаматтарын тәрбиелеуге бағытталғаны айдан анық», — деді Кенжеханұлы ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің отырысында.

Оның айтуынша, «әлем азаматы» рухында білім мен тәрбие алған баланың Қазақстанның нағыз жанашыр азаматы болып өсуі екіталай. Сол себепті елімізде ұлттық мектептің үлгісі болуы қажет.

«Нақты ғылымдар, технология және ағылшын тілімен қатар, тіпті одан бұрын қазақ тілі мен әдебиеті, Қазақстан тарихы мен өлкетануы, ұлт өнері мен дәстүрін озық әдістеменің негізінде жаңаша оқытатын, «әлем азаматы» емес, бірақ әлемнен хабары бар Қазақстан азаматын тәрбиелейтін ұлт мектебінің үлгісін жасауды ұсынамыз. Ондай мектептің бағдарламасын құрастыруға осы кеңес мүшелері де өз үлесін қоса алады», — деп атап көрсетті Кенжеханұлы. 

Оқи отырыңыз: Омар Жәлел оқушылардың ашуына тиген дәрісіне қатысты түсініктеме берді

Маман мектеп тапшылығына да тоқталды. Себебі дәл осы мәселе білім сапасына кері әсерін тигізіп отыр. Оның мәліметінше, қазіргі таңда 7 400 мектепте жалпы саны 3,5 миллионнан астам бала оқып жатыр. Олардың 70 проценті екі ауысымда, ал 200 мың бала үш ауысымдық мектепте оқиды.

«Соңғы жылдары Қазақстан білім берудің мазмұнын жаңартуға көп күш салды, ілгері дамыған мемлекеттердің талаптарына бағыт алды. Бірақ ондай мемлекеттердің ешқайсында үш немесе екі аусымдық мектеп жоқ. Ал сапалы білім беру үшін мектептің бір ауысымда жұмыс істеуі маңызды», — дейді Кенжеханұлы.

Оның сөзіне қарағанда, Қазақстан оқушыларын толығымен бір ауысымға ауыстыру үшін қосымша 3 мыңдай жаңа мектеп қажет.



sputniknews.kz