Қызылордалық азамат үш баласы мен әйелін тастап, жас қызымен кеткен — новости Казахстана

0

Үш баласы бар қызылордалық келіншек 40-тан асқан шағында жолдасының көзіне шөп салғанын айтып берді. Өкініштісі, жұбайы өзінен 15 жас кіші қызға кетіп қалған деп жазады NUR.KZ.

15 жас кіші: Үш баласы бар қызылордалық әйелді күйеуі өзбек қызы үшін тастап кеткен

Көрнекі фото: NetRazvodam.ru

Қызылордалық Шолпан есімді (авт. аты-жөні өзгертілді) келіншек осыдан 20 жыл бұрын тұрмыс құрып, үш баланы дүниеге әкелген. Астанаға он жыл бұрын қоныс аударған ол «отағасы мұндай опасыздыққа барады деп еш ойламадым» дейді.

«Қарапайым отбасыдан шыққан жандармыз. Жолдасым техникумды бітірген, мен де орта білімі бар жанмын. Өз мамандығымызбен жұмыс болмағандықтан, сауда жасауға бел будық.

Бастапқыда Қызылордада базарда тұрып, жеміс-жидек саттық. Кейін Астанада сұраныс көп деген соң, көкөністерді осы жаққа қарай әкеле бастадық. Осылай жұмысымыз ілгері басып, Астанаға біржола көшуді шештік.

Үш баламен үш жылдай пәтер жағалап жүрдік. Кейін саудамыз жүріп, бірден үш бөлмелі пәтер алдық.

Күйеуім Астана ғана емес, Көкшетау, Қарағандыда жеміс сататын сауда нүктелерін кеңейте бастады.

Негізі көкөніс жағы біздің оңтүстікке қарағанда, Өзбекстанда әлдеқайда арзан. Сөйтіп жолдасым сол жаққа жиі барып тұратын болды.

Апталап үйде болмайды, мен сол балалардың қамымен үйде отырдым. Кейін жұбайымның маған деген көңілі суи бастағанын байқадым.

Ал бір күні телефонынан «менен басқа біреуі бар екенін, онымен үйленгісі келетінін, маған ажырасу туралы ойын айта алмай жүргенін» білдім.

Өкініштісі таңдауы өзбектің қызына түсіпті және өзінен 15 жас кіші жас қыз екен. Қаным басыма шыққаны соншалық, бірден ажырасуға келісім бердім», — деп баяндады үш баланың анасы.

Жолдасына құлай сенген үш баланың анасы қыз-келіншектерге отағасын іссапарға жиі шығармауға кеңес берді.

«Бәрі сол үйде қонбаудан, тыста жүруден басталады.

Шыны керек, бұрынғы күйеуіммен басымызда қандай жағдайлар өтпеді десеңізші? Бәріне шыдап, төзіп, аяқтан енді тұрды дегенде осындай опасыздық жасады.

Қолдағы барды, байлықты, бақытты көтере алмайтын да адамдар болады екен. Менің бұрынғы күйеуім сондайлардың қатарынан. Қазір сол шешіміме еш өкінбеймін, менің қадірімді білмеген еркектен не қайыр деп ойлаймын.

Қыз-келіншектер отбасыларын аман сақтаймыз десе, күйеулерін ақшаның соңына салып, іссапарға жібере бермей, өздері де бірге жүрсе екен деймін.

Осының бәрі маған ауыр тиді, бірақ балаларым аман, өзіммен бірге, содан басқа Алладан түк сұрамаймын», — деп сөзін қорытындылады келіншек.

Дереккөз: kaz.nur.kz