Қызылордада үздік спортшыларға пәтерлер берілді

0

2018 жылғы 27 желтоқсан 23:37 122

Қызылордада үздік спортшыларға пәтерлер берілді

ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат — Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев жасөспірімдер Олимпиадасында байдарка және каноэде есуден чемпион атанған Диас Бахраддин мен парадзюдодан алғашқы қазақстандық әлем чемпионы Олжас Оразалыұлына жаңа пәтерлердің кілтін табыс етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Аймақ басшысымен болған кездесуге, сондай-ақ дзюдодан Пара Азия ойындарының күміс жүлдегері Азамат Тұрымбетов, грек-рим күресінен Әлем чемпионатында үшінші орын алған Айдос Сұлтанғали, байдарка және каноэде есуден Азия ойындарының қола жүлдегері Мерей Медетов, отырып ойнау волейболынан Пара Азия ойындарының қола медаль иегері Эрик Қасқабаев, Шыңғыс Медеуов және Алмат Манабаев қатысты.

«Биыл облыс спортшылары әлемдік ареналарда көптеген жоғары табыстарға қол жеткізіп, тәуелсіз еліміздің мәртебесін асқақтатуда. Облыста бұқаралық спорт, жоғары спорт шеберлігі, ұлттық спортпен қатар мүмкіндігі шектеулі спортшылар арасында да спорт қарқынды дамып келеді. Португалияның Одивелаш қаласында парадзюдодан өткен Әлем чемпионатында Қазақстан құрамасына жалғыз алтын медальді қызылордалық Олжас Оразалыұлы алып берді. Бұл — Қазақстанның Паралимпия спорты тарихындағы алғашқы медалі. Сіздердің жеткен жетістіктеріңіз — өскелең ұрпақтың патриоттық сезімін күшейтіп, мыңдаған жастың спортқа, салауатты өмір салтына ынтасын арттырары сөзсіз. Сіздер еліміздің халықаралық спорттағы мәртебесінің жоғары екендігін дәлелдеп, жаттықтырушылар мен жанкүйерлердің ғана емес, барша қазақстандықтардың үмітін ақтадыңыздар», — деді облыс әкімі.

Өз кезегінде Диас Бахраддин, Айдос Сұлтанғали және Эрик Қасқабаев облыс әкіміне көрсетілген қолдауы үшін алғыстарын білдірді.

Спорттағы жетістіктері үшін Диас Бахраддин мен Олжас Оразалыұлына пәтер берілді. Айдос Сұлтанғалиға — 3 млн теңгелік, Мерей Медетов пен Азамат Тұрымбетовке 1 млн теңгелік, Эрик Қасқабаев, Шыңғыс Медеуов пен Алмат Манабаевқа 500 мың теңгелік ақшалай сертификаттар табыс етілді.

Айта кетейік, өткен демалыс күндері Алматы қаласында Қазақ спорт және туризм академиясы мен «Спорт жұлдыздары» республикалық журналы ұйымдастырған марапаттау рәсімінде Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев «Спортқа жанашыр үздік облыс әкімі» атанды.

Соңғы екі жылда аймақта 16 спорт ғимараты пайдалануға берілді. Оның 9-ы мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында, 7-і облыстық бюджет есебінен салынды.

 

 

 

Дереккөз: https://www.inform.kz/kz