Қызылордада Цифрлық Халыққа қызмет көрсету орталығы ашылды

0

Қызылорда, BAQ.KZ. Қызылорда қаласында Цифрлық ХҚО аймақ халқына есігін айқара ашты. Бұған дейін мұндай орталықтардың қызметі республикалық маңызы бар қалаларда ғана қолжетімді болатын.

Цифрлық ХҚКО – бұл заманауи үлгідегі цифрлық технологиялармен жабдықталған «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының фронт-офисі. Мұнда азаматтар арнайы стенд-павильондарда орналасқан қоғамдық қолжетімді пункттер, «ConnectionPoint» өзіне-өзі қызмет көрсету секторының және планшеттердің көмегімен электрондық өтінімдерді өз бетінше тапсыра алады. Сондай-ақ келушілер оператордың көмегінсіз өздеріне қажет кез келген құжатты рәсімдеп, цифрлық сауаттылық дағдыларын шыңдай алады.

«Бүгінгі таңда мұндай орталықтар Астана, Алматы, Шымкент және Қостанай қалаларында нәтижелі жұмыс істеп жатыр. Бұл – операторлардың қатысуынсыз мемлекеттік қызметтерді ұсынудың жаңа форматы», – деп атап өтті мемлекеттік корпорацияның Қызылорда облысы бойынша филиалының директоры Айдын Қайруллаев.

Орталықта аптасына алты күн бойы халықтың цифрлық сауаттылығын арттыру мақсатында оқыту сыныптары жұмыс істейтін болады. Ол жерде кез келген азамат электрондық үкімет порталын пайдалануды, электрондық цифрлық қолтаңба көмегімен қажетті анықтамаларды алуды үйрене алады.

Айта кетейік, жыл басынан бері көрсетілетін мемлекеттік қызметтерді электрондық үкімет порталы арқылы алушылар саны көбейген. Сала мамандары Мобильді азаматтар базасына тіркелушілер мен «Connection point» секторында өздігінен қызмет алушылардың саны өткен жылмен салыстырғанда анағұрлым артқанын айтады. Мысалы, есепті мерзімде 300 мыңнан аса қызылордалық электронды цифрлық қолтаңба алса, өзіне-өзі қызмет көрсету алаңында 745 мыңға жуық мемлекеттік қызмет көрсетілген.














Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Дереккөз: BAQ.KZ