Қызметтік көлігімен Ресейге барып-келіп жүрген шенеуніктер анықталды

0
Қызметтік көлігімен Ресейге барып-келіп жүрген шенеуніктер анықталды


Ақтөбеде мемлекеттік мекеме басшыларының қызметтік көлігімен жеке мақсатта шекарадан өту фактілері анықталды.

Бұл туралы ҚазАқпарат хабарлайды. 

Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Ақтөбе облыстық департаментінің мәліметінше, мемлекеттік орган басшылығының мемлекеттік мүлікті жеке мақсатта пайдалануы — тәртіптік шарадан қылмыстық жауапкершілікке дейін жазалануға әкеп соғатын іс-әрекет.

«Департамент «2030» әскери бөлімімен бірлесіп, «Жайсан» шекара бекетінде мониторинг жүргізді. Іс-шара барысында мемлекеттік автокөлікті жеке мақсатта пайдалану фактілері анықталды» делінген хабарламада.

Осылайша, ағымдағы жылдың 13 маусымында Хромтау аудандық ветеринариялық станциясының басшысы мемлекеттік нөмірі 233 AB 04 «SSANG YONG ACTYON SPORTS» автокөлігімен жеке жұмыстарымен шекарадан өтіп, Ресей Федерациясының Орынбор облысы Ақбұлақ ауданында тұратын туысына барған. 15 маусым күні Қобда аудандық ветеринариялық станциясының басшысы мемлекеттік нөмірі 453 AB 04 «SSANG YONG ACTYON SPORTS» автокөлігімен Ресей Федерациясы Орынбор облысы Ақбұлақ кентіндегі туысына бару үшін шекараны кесіп өткен. 1 қыркүйек күні «Республикалық ветеринариялық зертхана» Ақтөбе облыстық филиалының басшысы мемлекеттік нөмірі 699 AR 04 «Skoda» автокөлігімен қызметтік мақсаттан тыс шекара бекетінен өткен.

«Мониторинг қорытындысы бойынша жоғарыда аталған басшылар тәртіптік жауапкершілікке тартылды» деп мәлім етті департаменттен.

Айта кету керек, жыл басынан бері департаменттің қоғамдық бақылау картасына мемлекеттік автокөлікті мақсаттан тыс пайдалану туралы 5 дерек келіп түсті. Оның ішінде Ақтөбе қаласы әкімдігінің, Хазрет ауылдық округінің, еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон департаментінің жүргізушілері бар, нәтижесінде барлық жауапты тұлғалар тәртіптік жауапкершілікке тартылды.

Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Ақтөбе облысы бойынша департаменті мемлекеттік нөмірі бар автомобильдерді қызметтен тыс уақытта пайдаланғанына куә болған барша азаматтардың мына телефондарға хабарласуын өтінеді: колл-центр: 8-7132-550984, жұмыс телефоны: 8-7132-541252