Қыз бала мен қыз тәрбиесі туралы қазақтың мақал-мәтелдері — Қазақстан жаңалықтары

0

Қазақ халқы қашаннан қыз баланың тәрбиесіне жіті назар аударып, қызды қонақ деп құрметтеген. Бір қолымен әлемді, бір қолымен бесікті тербейтін әйел затының басты құндылықтарын дәл сол тал бесіктен сіңірген. Барған жерінде қадірлі, қасиетті ана, келін атануы, ұзатылып кеткенде төркініне сөз тимес үшін барынша ибалы, инабатты, ісмер, сыпайы, қылықты етіп өсірген. Үйден шығарып салып қыздарына ата-бабаларымыздың «Судай сіңіп, тастай бат» деген батасын да беруі бекер емес шығар. Stan.kz сайты қыз баланың тәрбиесіне байланысты мақал-мәтелдерді назарларыңызға ұсынады. 

Бір қыз күйеуге шықса,

Қырық қыз түс көреді.

Қыз өссе — елдің көркі

Гүл өссе жердің көркі.

Қайтып келген қыз жаман,

Қайта шапқан жау жаман.

Қыз бала өкпешіл болса,

Қалың малы көп болар.

Қызы бар үйдің жеңгесі сүйкімді келеді.

Қызды қымтап ұстаған ұялмайды.

Қыз бен жылқы жаудікі.

Күйеу жаман болса қызыңнан.

Қыздың ұяты шешеге.

Қызды асырап білмеген күң етер,

Жібекті түте алмаған жүн етер.

Қызым саған айтам,

келінім сен тыңда.

Шешесіне қарап қызын ал,

Аяғына қарап асын іш.

Қызға қырық үйден тыйым.

Қыз күнінде бәрі жақсы,

Жаман қатын қайдан шығады.

Қыз — өріс, ұл — қоныс.

Екі ауылдың арасын жол қосады,

Екі елдің арасын қыз қосады.

Қыздың жолы жіңішке.

Қыздың қырық жаны бар.

Судың түбін шым бекітер,

Даудың түбін қыз бекітер.

Ақылды қыз білімге жүгірер,

Ақылсыз қыз сөзге ілігер.

Қырсыққан қыз бай таппас,

Қырсыз жігіт мал таппас.

Жақсы қыз — жағадағы құндыз,

Жақсы жігіт – аспандағы жұлдыз.

Қыздың қабағында құт бар.

Қыздың қабағы күлімдесе – құт келеді.

 

 

stan.kz