«Қытай тығырықтан шығудың жолын ұсынды»: Назарбаев Қытай дипломатына ағынан жарылды

0

Қытай Халық Республикасының сыртқы істер министрі Нұрсұлтан Назарбаевқа Қытай Төрағасы Си Цзиньпиннің ауызша ыстық сәлемін жеткізді. Онда Қытай Төрағасы Елбасыны кез келген ыңғайлы уақытта Қытайға сапармен келуге шақырды. Бұл туралы Elbasy.kz сайты хабарлады.

Кездесу барысында Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан елі Қытаймен достық қарым-қатынасты жоғары бағалайтынын сөз еткен.

«Біз тату көршілік, достық және ынтымақтастық туралы шартқа қол қойдық, шекара мәселесін толық шештік. Біздің қарым-қатынасымызда ешқандай түйткіл болған жоқ, әрі қарай да солай жалғасуы керек. Қазақстан Қытайдың біраз бастамаларын қолдайды. Соның бірі — «Бір белдеу, бір жол» бағдарламасының жүзеге асуы. Оны Қытай Төрағасы Си Цзиньпин Қазақстан жерінде жариялаған болатын. Біз талай шаруа атқардық, әлі де көп жобалар бойынша жұмыс жүргізілуде», – деді ол.

Қазақстанның тұңғыш президентіне Қазақстан-Қытай арасындағы жан-жақты қатынасты дамытуға қосқан зор үлесі үшін алғыс айтқан Қытай Халық Республикасының сыртқы істер министрі Ван И еліміздің жетістіктеріне тоқталып, екі ел арасындағы ынтымақтастықтың әрі қарай да тереңдей беретініне сенім білдірді.

Өз кезегінде Қазақстанның Тұңғыш Президенті Қытай Төрағасына ізгі тілегін жолдады. Сондай-ақ ШЫҰ және «Бір белдеу, бір жол» жобасының маңыздылығы туралы пікірін білдірді.

– Си Цзиньпинге жылы лебізі үшін алғысым шексіз. Мен ШЫҰ құрылуының бастауында болдым. Ұйымды сақтау және одан әрі дамыту керек деп санаймын. Жаһандануға қатер төніп тұрған қазіргі кезде ШЫҰ және «Бір белдеу, бір жол» интеграция идеясын ұстанатын көптеген халықтар үшін тығырықтан шығудың жолы болып отыр, — деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Загрузка...

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз