Қырғызстан Қазақстанмен шекарасында бақылауды күшейтті

0

Қордайдағы жағдайға байланысты Қырғызстан Қазақстанмен шекарасында бақылауды күшейтті деп хабарлады Қырғызстанның шекара қызметі.

«Қазақстанның Жамбыл облысы Қордай ауданында жағдайдың ушығуына байланысты осы аумақпен шектесетін Шу облысында өткізу бекеттері, қырғыз-қазақ шекарасындағы дислокацияланған мемлекеттік шекара қызметі бөлімдерінде бақылау күшейді» деді шекара қызметінің баспасөз қызметі.

Азаттықтың Қырғыз қызметінің хабарлауынша, жанжалдан кейін 17 қазақстандық Тоқмақ ауруханасына түскен. Олардың 10-ы сол ауруханаға жатқызылған. Екеуі Бішкекке әкетілген. Зардап шеккендердің бір бөлігі Қордай аудандық орталық ауруханасына жатқызылған.

Қырғызстанның шекараны бақылау органдары өткен түнде Қазақстан жағынан Қырғызстанға қарай әдеттен тыс көп көлік пен адам өткенін хабарлады.

Ақпанның 7-сі күні Жамбыл облысы Қордай ауданындағы бірнеше елді мекенде тұрғындар арасында жанжал болды. Билік 8 адамның өлгенін, 40-тан астам адамның жарақаттанғанын хабарлады. Полиция «Адам өлтіру» және «Тәртіпсіздік ұйымдастыру» бабы бойынша қылмыстық істер қозғады. 8 ақпанға қараған түні полиция жанжал болған аумақты қоршап, ол жаққа ешкімді өткізбеді.

Оқи отырыңыз: Өртенген үйлер, арнайы жасақ. Қордайда не болды?

Azattyq