Қырғызстан прокуратурасы Атамбаевқа тағылған айыптардың бесеуіне негіз тапты

0

Қырғызстан Бас прокуратурасы экс-президент Алмазбек Атамбаевтан тиіспеушілік статусын алып тастау үшін парламент таққан айыптарға баға берді. Бақылаушы орган депутаттар таққан алты айыптың бесеуіне негіз бар деп тапты. Бұл туралы Азаттықтың Қырғыз қызметі хабарлады.

Конституциялық заңнама, мемлекеттік құрылым және регламент бойынша парламент комитетінің жиынында бас прокурор Откурбек Джамшитов ведомство шығарған шешімді оқып берді.

Депутаттар комиссиясы мен Бас прокуратура айыптары қысқаша мынадай:

  • Депутаттарды, сотты, қоғам қайраткерлері мен БАҚ-ты қудалау – Атамбаевтың қатысы бар екені дәлелденуі керек болғандықтан, негіз жоқ;
  • Атамбаев үй салған Кой-Таш ауылында жерді заңсыз басып алу – аса ауыр қылмыс белгілері бар;
  • Қылмыстық топ мүшесі Азиз Батукаевты заңсыз босату – аса ауыр қылмыс белгілері бар;
  • Заңсыз баю – аса ауыр қылмыс белгілері бар;
  • Бішкек ТЭЦ-ін жаңарту жобасы кезіндегі жемқорлық әрекет – аса ауыр қылмыс белгілері бар;
  • Бішкек ТЭЦ-іне заңсыз көмір тасымалдау ісіне қатысы болуы мүмкін – аса ауыр қылмыс белгілері бар.

18 маусымда Жогорку Кенешінің екі комитеті Атамбаевқа айып таққан комиссия қорытындысын қолдаған еді. Комиссия төрағасы Каныбек Иманалиев бұрынғы президенттен тиіспеушілік мәртебесін алып тастау сегіз кезең бойынша жүзеге асырылуы тиіс екенін айтқан.

Ереже бойынша, енді Бас прокуратура бағасы парламентте қаралып, артынша бұрынғы президенттен тиіспеушілік мәртебесін алып тастау-тастамау туралы парламент шешімі шығады.

Қырғызстанда бұрынғы президент мәртебесіне Роза Отунбаева мен Алмазбек Атамбаев ие. Ал халық толқулары нәтижесінде биліктен кетуге мәжбүр болған елдің бірінші президенті Асқар Ақаев пен екінші президенті Құрманбек Бакиевке ондай мәртебе берілмеген.

Azattyq