Құқық қорғаушылар митинг қарсаңында жер-жерде белсенділердің қамала бастағанын хабарлады

0

29 ақпан таңертеңнен бастап Алматы, Ақтөбе, Орал және өзге қалаларда полицияның белсенділерді ұстап, қамай бастағаны хабарланды. Сенбі күні таңертең алматылық белсенді Нұргелді Жұмабеков полицияның таңертеңгі сағат 7:30-да үйіне келіп, Бостандық аудандық ішкі істер басқармасына ұстап әкеткенін хабарлады. Полицияда оның қан қысымы көтеріліп, кардиология орталығына жеткізілген.

Бұған қоса, Алматыда Дәулет Әбілқасымов есімді азаматты полиция үйінен алып кетпек болған. Әлеуметтік желіде тараған видеода полиция қызметкерлерінің белсендіні үйінен күштеп ұстап әкетуге тырысып жатқаны байқалады. «Шақырту қағазы қайда?» деген сұраққа полиция қызметкерлері «көлікте» деп жауап береді, бірақ көрсетпейді. Сенбі күні полиция белсенді Дархан Валиевті жалғыз адамдық пикет өткізіп жатқан жерінен ұстап алып кеткен.

Құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожина 29 ақпанда түстен кейін Facebook-тағы парақшасында «Орал, Ақтөбе, Алматы, астанада кезекті паранойя басталды…ұстаулар мен соттар жүріп жатыр» деп жазды.

Оралдық белсенді Бауыржан Әліпқалиев Facebook-та 29 ақпанда Оралда Мақсат Айсауытов, Данияр Інжіғалиевтің жеті тәулікке қамалғанын хабарлады. Әлеуметтік желіде Ақтөбеде белсенділердің үйін полицияның торуылдап жүргені айтылады.

Oyan, Qazaqstan белсендісі Әсем Жәпішева Алматы қаласы әкімдігінің алды темірмен қоршалғанын жазды.

Бұған дейін елдегі түрлі оппозициялық ұйымдар 1 наурыз күні митингіге шығуға шақырған. Бас прокуратура митингілерді «заңсыз» деп атап, жұртты наразылыққа шықпауға үндеді.

Azattyq

Загрузка...

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз