«Құлагер» ұлттық жүлдесі табысталды

0

Киногерлер қауымы көптен күткен қуанышты рәсім «Бақшысарай» салтанат сарайында өтіп, ұзақ жылдар фильм түсіру ісінің басы-қасында жүрген ардагерлер мен жас буынның кинодағы еңбегіне Одақ тарапынан өз бағасы берілді.

Жүлдені тағайындаудағы мақсат та ұлттық кинематография саласының дамуына үлес қосқан туындыларды бағалау және халыққа кеңінен таныстыру болатын. Шығармашылық жетістікті нысана етіп отандық киноны өркендету жолында еңбектеніп жүрген биылғы жылдың үздіктерін анықтауды мұрат тұтатын «Құлагер» тек осы саланың ғана емес, жалпы өнердегі шынайы бәсекелестікті арттыратын деңгейі биік сайыс ретінде қабылданатыны рас. Сондықтан жүлденің нағыз иелерін тауып, табысталуы қашан да көңіл толқытатын сәтке айналған.

Отандық киноның биылғы жылғы олжасы «Оралман» болғанын оның екі бірдей жүлдені алуымен де айқындалғандай. Көркем фильм бойынша екі бірдей үздік осы фильмнен бой көрсетті: «Үздік фильм» болып «Оралманның» өзі танылса, осы фильмдегі қайсарлық тұнған образы үшін Дулыға Ақмолда «үздік актер» болып мойындалды. Кинодағы өз тұғырын Канн фестивалінде көтеріп, Германияда өткен киносайыста одан әрі биіктете түскен  Самал Еслямова бұл жолы да «үздік актриса» атануымен сол тұғырды біржола бекіткендей болды. «Үздік композитор» «Түркісіб» фильмін музыкамен көркемдеген Қуат Шілдебаевқа, «Үздік оператор» «Лифтіні» түсірген Азамат Дулатовқа, «Үздік дыбысрежиссері» Сергей Лобановқа, «Үздік грим» Өмірзақ Шмановқа, «Үздік каскадер» Қасым Жұмағожинге, «Алмас қылыш» фильміндегі киім үлгілерін жасағаны үшін «Үздік костюмер» жүлдесі Ажар Әубәкіроваға табысталды. Ардақ Әмірқұлов «Үздік режиссерді» еншіледі. Адамгершілікті еске салып, ізгілікке үндейтін «Әкеге қоңырау шалу» фильмі де атаусыз қалған жоқ, Серік Апырымов «үздік сценарийдің» авторы ретінде жүлдеге ие болды.

Соңғы жылдары қайта тынысы ашылған деректі кино саласын жандандырып, өнімді жұмыс істеп жүрген Ғазиз Насыров пен Анвара Садықова «Қазақ биі» деген туындысы үшін «Үздік фильмнің» авторлары атанды. Ал «Алтын Емел» деректі фильмін түсірген Олег Белялов «үздік режиссерді» олжалады.

Биыл ғана қанат қағып шықса да, қазақ анимациясына жаңалық әкеліп қосып, мультипликацияны бір белес биікке көтеріп тастаған «Мұзбалақтың» жылдың «үздік фильмі» атанбасына әддісі де жоқ еді. Сондай-ақ сапалы сараптамалары арқылы жарық көрген жаңа фильмдердің сырына бойлап, жалпы кино туралы толғамды ойларымен сауатты сын қалыптастырудағы еңбегі үшін белгілі кинотанушы Нәзира Мұқышева «үздік киносыншы» болып танылды. Ешқашан әкесін көрмеген бозбаланың жантолқынысын жеткізетін Берік Жақановтың «Асаны» «үздік қысқаметражды фильм» ретінде аталғанда, бұл қазылар алқасының әділетті шешімі сияқты қабылданды. «Үздік дебют» «На грани» фильміне берілді. Ұзақ жылдар бойы кино саласында еңбектеніп келе жатқан Қадыр Қосай мен Игорь Вовнянкоға «Қазақ киносына қосқан үлесі үшін» жүлдесі табысталды. 

Айгүл АХАНБАЙҚЫЗЫ,

АЛМАТЫ