Қуат Хамитов ЛГБТ өкілдерін «итше атамын» деген сөзі үшін сотталуы мүмкін: Заңгер түсіндірді — Қазақстан жаңалықтары

0

Қуат Хамитовтың ЛГБТ өкілдеріне айтқан сөздері желіде қызу талқыға түсіп жатыр. Оның айтуынша, гейлерді итше ату керек екен. Stan.kz тілшісі заңгер Альбина Бахтиярқызына хабарласып спортшының мұндай «қылығы» үшін қандай жауапкершілікке тартылуы мүмкін екендігін сұрап білді. 

хамитов

Алматы қаласының адвокаттар алқасының мүшесі, заңгер Альбина Бақтиярқызының айтуынша тіліне, нәсіліне, сеніміне қарап басынуға болмайды. Өйткені бұл қылмыстық жазаға тартылуы керек әрекет болып саналады.

«Біріншіден,  ҚР Конституциясының 14-бабына сәйкес, тегіне, әлеуметтік, лауазымдық және мүліктік жағдайына, жынысына, нәсіліне, ұлтына, тіліне, дінге көзқарасына, нанымына, тұрғылықты жеріне байланысты немесе кез-келген өзге жағдайлар бойынша ешкімді ешқандай кемсітуге болмайды. Сонымен қоса адам қанша жерден қандай бағытта болмасын, жақсы болсын, жаман болсын, заң мен сот алдында тең.

Екіншіден, әркімнің өмір сүруге құқығы бар. Ешкімнің өз бетінше адам өмірін қиюға хақысы жоқ. Қазіргі таңда Қуат Хамитов пен ЛГБТ өкілдері арасында туындаған жанжал шарықтау шегіне жетіп отыр. Бұл тұрғыда заң бойынша бірнеше пікір айтуға болады.

Үшіншіден, заң тұрғысынан адам өмірі мен оның денсаулығына қарсы белгілі бір іс-әрекеттерді жасауға үгіттеу, насихаттау қылмыстық жауаптылықты туындатуы мүмкін. Мысалы, ҚР қылмыстық кодексінің 174-бабында «Әлеуметтiк, ұлттық, рулық, нәсiлдiк, тектік-топтық немесе дiни алауыздықты қоздыруға, азаматтардың ұлттық ар-намысы мен қадiр-қасиетiн не дiни сезiмдерiн қорлауға бағытталған қасақана әрекеттер, сол сияқты азаматтардың дiнге көзқарасы, тектiк-топтық, ұлттық, рулық немесе нәсiлдiк қатыстылығы белгiлерi бойынша олардың айрықмашылығын, артықшылығын не толыққанды еместігін насихаттау, егер бұл іс-әрекеттер бұқаралық ақпарат құралдарын немесе телекоммуникациялар желілерін пайдалана отырып жария етілсе, сол сияқты әлеуметтiк, ұлттық, рулық, нәсiлдiк, тектік-топтық немесе дiни алауыздықты насихаттайтын әдебиетті немесе БАҚ арқылы дайындау немесе тарату жолымен жасалса, – екi жылдан жеті жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге не сол мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады» делінген.

Одан кейін тағы бір ескеретін нәрсе, егер кез-келген тұлға екінші біреуді өлтіремін деп қорқытқан болса, ал екінші тұлға оны шын мәнінде қауіп төнеді деп қабылдаса, онда мұндай әрекет құқыққа қайшы болып саналады. Ол ҚР қылмыстық кодексі бойынша «қорқыту» деп сараланады. Ол бапта «Өлтiрумен немесе денсаулыққа ауыр зиян келтiрумен, сол сияқты қорқытудың іске асатынына қауiптенудің жеткiлiктi негiздері болған кезде адамның жеке басына өзгедей ауыр күш қолданумен не мүлiктi өртеп жоюмен, жарылыс жасаумен немесе өзге жалпы қауiптi тәсiлмен қорқыту – 120 АЕК (айлық есептік көрсеткішке) дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не 120 сағатқа дейiнгi мерзiмге қоғамдық жұмыстарға тартуға не 30 тәулікке дейінгі мерзімге қамаққа алуға жазаланады» делінген. Байқап отырғанымыздай, қазіргі таңда адам қандай жақсы, жаман болмасын, оның әрқашан өмір сүруге деген құқығы бар және оны ешкім де айырмауы тиіс.

Жалпы әлеуметтік желілерде болмасын, белгілі бір ортада болмасын кез-келген адамның өзге біреу туралы жаман сөз айтып, абыройын, қадір-қасиетін кемсітуге құқығы жоқ. Бұл әрекет те қылмыстық құқықбұзушылық деп саналады және жазаланады. Мұны біз қорлау әрекеті дейміз. Қылмыстық заң бойынша, 
      1. Қорлау, яғни басқа адамның абыройы мен қадiр-қасиетiн әдепсiз түрде кемсiту – 120 айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не 120 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға жазаланады.
      2. Көпшiлiк алдында БАҚ немесе телекоммуникация желілерін пайдалана отырып жасалған дәл сол іс-әрекет –  200 АЕК-ке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не 180 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға жазаланады.
Бұл тұрғыда қазақ менталитетіне жат нәрсе болғанымен, біз демократиялы, зайырлы елде өмір сүріп жатқандықтан, заң алдында әркімнің тең екенін де ұмытпағанымыз жөн», — дейді қорғаушы Альбина Бахтиярқызы.

Естеріңізге сала кетсек, ЛГБТ өкілдері мен Қуат Хамитовтың арасындағы жанжал спортшының «олар иттен де жаман» деген сөзінен басталды. ЛГБТ белсендісі өздеріне сөз тигізген Қуат Хамитовты атағынан айыруды сұрады. 

Бірер күннен кейін Хамитов Youtube-тағы бірнеше каналдарға берген сұхбатында «Қазақстанда гейлер мұнша көп деп ойламадым» деп, тіпті баласы гей болса, атып тастар едім дегенді алға тартты. 

ЛГБТ қоғамдастығын қорғаумен айналысатын Kok.team ұйымы «Қуат Хамит ЛГБТ-дан халық алдында кешірім сұрамайынша, ММА-да өнер көрсете алмайтынын» жеткізді.

stan.kz