Қорықшыны өлтірген браконьер сотта жылап жіберді – видео

0

Өңірлер

Қысқа сілтеме алу

10 0 0

2019 жылдың 13 қаңтарында Қарағанды облысы Нұра ауданында браконьерлер «Охотзоопром» кәсіпорнының екі инспекторына оқ жаудырған болатын

НҰР-СҰЛТАН, 18 ақпан – Sputnik. Прокурорлар қорықшы Ерлан Нұрғалиевті өлтіргені үшін айыпталған күдіктілерді өмір бойына бас бостандығын айыруды сұрады. Инспекторды соққыға жыққан Қайрат Ақшанов сотта жылап жіберді, «қорыққаннан қорғанғанын» айтып отыр, деп хабарлайды КТК телеарнасы.

«Болған жағдайға мен шын өкінемін. Әдейі істеген жоқпын. Өзіме және қасымдағы балаларға қауіп төнген соң, қорыққанымнан қорғандым. Шын ниетпен қайғыларыңызға ортақпын. Ницык мырзадан, Петр Алексеевичтен кешірім сұраймын», — дейді Ақшанов.

Ол Нұрғалиевті мылтықтың ұңғысымен ұрып талдырғанын, бірге келген екінші қорықшы Петр Ницыкті де соққыға жыққанын мойындап отыр. Ал зардап шегуші тарап инспектордың өліміне біреуі емес, жетеуі де кінәлі деп санайды. Нұрғалиевтің туыстары жерлеу рәсіміне кеткен 9 миллион теңге өтеп беруді, сондай-ақ 20 миллион теңгені моральдық шығын ретінде өндіріп алуды талап етті.

Прокуратура Ақшановты және тағы екі айыпталушыны өмір бойына бас бостандығынан айыруды сұрады. Бұдан бөлек, тағы төрт адам заңсыз аңшылықпен айналысқаны үшін айыпталып отыр. Әзірше, оларды кепілзатпен босатқан.

Прокурорлар төртеуін алты жылға соттау керек деп санайды. Барлық айыпталушылар 17 киікті атқаны үшін мемлекет қазынасына 89 миллион теңге төлеуге міндеттеледі.

Сотта марқұмның жақындары көп инспекторлардың өздері де браконьерлермен тығыз қатынаста жүргенін айтты. Сондықтан Нұрғалиев қызмет еткен «Охотзоопром» мекемесіндегі «былық әшкереленсе екен» дейді.

Тағы оқыңыз: «Кешірші, інім» Видеоны өшірші деп жалынған инспектор жұмыстан қуылды   

«Ерлан қайтқаннан кейін бір ыдыстан тамақ жеп жүрген сыныптасы Қорғалжын қорығында 100 бас киік атып ұсталды. Сол оқиғадан кейін басшыларына ешқандай шара қолданған жоқ. Бәрі жұмыс бабымен өсті, біреуі Алматыға ауысып кетті. Жауап бергенде, білмеймін, оған біздің қатысымыз жоқ, осында келіп бір бөтен адам сияқты әңгімесін айтып кетті ғой», — дейді Нұрлан Нұрғалиев.

Инспектор браконьер қолынан қаза тапты

Еске сала кетсек, 2019 жылдың 13 қаңтарында Қарағанды облысы Нұра ауданында браконьерлер «Охотзоопром» кәсіпорнының екі инспекторына оқ жаудырған болатын.

Қорықшылар Ерлан Нұрғалиев пен Петр Ницык күдікті аңшылардың құжаттары мен көліктерін тексермек болыпты. Көлікті қарап жатқан қызметкерлерге үш браконьер шабуыл жасайды. Оқиға салдарынан Ерлан Нұрғалиев жарақат алып, ауруханада көз жұмды.

Қызметтік борышын атқару үстінде көрсеткен батылдығы мен жанқиярлығы үшін марқұм қорықшы ІІІ дәрежелі «Барыс» орденімен наградталды. Оның әріптесі Петр Ницык те дәл сондай орден алды.



sputniknews.kz