Қордай ауданында төтенше жағдай жарияланды

0

Этникалық жанжал болған Жамбыл облысы Қордай ауданында төтенше жағдай жарияланды. Бұл шешімге облыс әкімі Асқар Мырзахметов қол қойған.

«Жамбыл облысы Қордай ауданының аумағында 2020 жылдың 8 ақпаны сағат 21.00-ден бастап жергілікті ауқымдағы техногендік сипаттағы төтенше жағдай жариялансын» деп жазылған әкімнің шешімінде.

7 ақпан кешке Жамбыл облысы Қордай ауданындағы бірнеше ауылда этникалық жанжал болып, ер адамдар ауылдардағы үйлерді өртеп, көліктерді қиратқан. Жанжалдан жүздеген адам көршілес Қырғызстанға қашты. Қазақстан ішкі істер министрлігі жанжалдан сегіз адам қаза болып, ондаған адамның жараланғанын хабарлады.

Жанжал этникалық қазақтар мен этникалық дүнгендер арасында шыққаны айтылады. Бірақ төбелеске нақты не себеп болғаны белгісіз.

Ресми дерек бойынша, оқиғадан 30-дан астам үй, 15 сауда нысаны қираған, 23 көлік бүлінген. Екі аңшылық мылтық тәркіленген. 60-тан астам адам полицияға жеткізілген. Кейін 8 ақпанда жұрттың талабынан кейін ұсталғандардың көбі босатылғаны хабарланды. Жанжал себептерін анықтау үшін үкімет комиссиясы құрылды. Полиция «Тәртіпсіздікті ұйымдастыру» және «Адам өлтіру» бабы бойынша қылмыстық іс қозғаған.

Azattyq