Қазақстанның танымал тұлғалары ұл-қызын қалай тәрбиелейді

0

1 маусым – халықаралық балаларды қорғау күні. Sputnik Қазақстан тілшісі ел алдында жүрген азаматтардың бала тәрбиесіндегі ұстанымын білді

АЛМАТЫ, 1 маусым – Sputnik. Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, дәстүрлі әнді насихаттап жүрген әнші Рамазан Стамғазиев бала тәрбиесінде екі ұстанымды басшылыққа алатынын айтты. Бірі – қатарыңнан қалмау, екіншісі – өзіңді тәрбиелеген кісілерді жерге қаратпау.

Еңбектену, іздену, көп оқу

«Қазақта «алға кетсең көз тиеді, артта қалсаң сөз тиеді» деген қағида бар. Қатарыңнан қалма дегенді бала жасымнан әжелерім мен әке-шешем санама сіңдіріп тастаған. Адам қатарынан қалмауы үшін еңбектеніп, ізденіп, көп оқуы керек. Оңы мен солын танып, өмірдің жолын білуі қажет. Үлкен балаларыма осыны айтып отырамын», – дейді Стамғазиев.

Рауан Кенжеханұлы: Ұлт мектебінің үлгісін жасау керек

Айтуынша, еңбектену арқылы тұлға болуына көмектескен, еңбек сіңірген ата-ана мен ұстаздардың сенімін ақтау – екінші ұстанымы. Олар мен үшін ұялмауы қажет, мен үшін айналып қашпауы керек. Үлкен еңбектің табысты жолдарына түскен кезде, қазақтың атынан сахнаға шыққан кезде, жалпы өмірде осы екі ұстанымым бар дейді әнші.

«Немерелерім әлі кішкентай, оларға ештеңе айтпаймын, керісінше көрсетемін. Бақшаға апарып, арам шөп жұлдырып, жинатамын. Еңбекке баулимын. Атқа мінуді, үлкен кісі келсе қолына су құюды көрсетемін. Өмірдің бір тетігін көрсетсең, бала бірден қабылдап алады. Қол жайып бата сұрасаң, соны қайталайды. Ер жетіп, есін жинап, сөз түсіне бастаған кезде «Жетіден кейін баланы құлыңдай жұмса» дегенге салып, білген түйгенімді айтамын», – дейді ол.

Әншінің әлеуметтік желідегі парақшасынан немерелерімен жиі саяхаттайтынын байқауға болады. Мұны өзі кең даланың ауасымен тыныстатып, таудың тіршілігімен таныстырумен байланыстырды.

Айтуынша, әншінің жары Ұлту Қабаева мен келіні немерелеріне атасына лайық бала болуды айтып отырады.

«Келінім «атаңның алдына бар», «атаңнан рұқсат сұра» деп айтып отырады. Бала су сияқты, өмірдің ағысымен келе жатып иінінен айналып өтіп, жағаны ұрып, кейін қайтып бәрін үйренеді», – дейді Стамғазиев.

Ең басты ұстаным – өтірік айтпау

Ал бес ұл, бір қыз тәрбиелеп отырған актер әрі тележүргізуші Рахман Омар балаларына қол көтермегенін, отбасындағы ренішті қалай жеңетінін айтты.

«Ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі», «Не ексең, соны орасың» деп айта берсең, бала тәрбиесі жайлы қазақта нақыл сөз де, мақал да көп. Балаларға қол көтеріп көрмеген адаммын. Балаларымның тәрбиесі – мен үшін ең маңызды мәселе. Балалар мені ренжітіп қойса, оларды төпей жөнелмеймін, жай ғана сөйлеспей қоямын. Бұл – менің әке ретіндегі әдісім», – дейді Омар.

Айтуынша, бірнеше сағат өткен соң кінәсі бар екенін сезген бала ағынан жарылып әңгімесін айтатын көрінеді.

«Балалар шыдамсыз келеді ғой, бір сағат өткен соң сөйлей бастайды, ары кетсе жарты күн жүреді де, қипақтап алдыңа келеді. Қарамаймын, мойын бұрмаймын, естімеген болып қасынан өтіп кетемін. Қипақтап-қипақтап алдыңа келеді, іштей шалалығы бар екенін сезіп тұрады. Содан кейін отырып, ақырын-ақырын сұрағымды қоя бастаймын. Ішіндегісін психолог ретінде суырып біліп аламын», – дейді ол.

Актер ашу үстінде баланы қағып жіберсе, ренжіп, бұйығып, ішіндегісін айтпауы мүмкін дейді.

«Баланың жасына қарап, соған сай бейімделу қажет. «Мен әке екенмін» деп қамшыны үйіріп қойып тәрбиелеуге де болады. Бірақ қазір заман басқа, балалардың ой-өрісі басқа. Мен балаларыма доспын. Ең басты ұстаным – өтірік айтпау. Осыны ұл-қызыма үнемі айтып отырамын. Өтірік бар жерде жаман әдет, бір дүниені жасыру, жаман қылық болады», – дейді актер.

Рахман Омар балаларының осы ұстаным бойынша өсіп келе жатқанын алға тартты. Айтуынша, ұл-қызы әкесі секілді сөйлеп, сөз саптауын ыңғайландыруға тырысады.

«Бала – әкесінің көлеңкесі. Олар жүріс-тұрысыңды білдірмей аңдып жүреді. Оған көзім жетті», – дейді ол.

Ана тіліңде сөйле! 

Ал ақын, драматург Исраил Сапарбай қара шаңыраққа жиналатын кезде балаларына, немерелеріне қазақ тілінде сөйлеу керек деген шарт қоятынын айтты.

«Отан отбасыдан басталады. Ақын, тарихшы, базардағы саудагерде де жалғыз ғана ұстаным болу қажет. Ол – өз ана тіліңде сөйлеу. Бізді сақтап отырған ауыл еді, оны да құрттық. Өз отбасыма қатаң қараймын. Тәрбие тілден басталады. Балаларыма қазақ әдебиетін оқытып, құндылықтарды бойына сіңіремін. Қаладан немерелерім үлкен шаңыраққа келгенде қазақша сөйлеу керек деген ұстаным бар», – деді Сапарбай.



sputniknews.kz

Загрузка...

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз