Қазақстандықтарды Гонконгтегі наразылықтан қашық жүруге шақырды

0

Қазақстанның Гонконгтегі бас консулдығы Гонконгте жүрген ел азаматтарын не cол жаққа баруды жоспарлағандарды бірнеше аптадан бері өтіп жатқан наразылыққа байланысты орнаған төтенше жағдайдан сақ болуға шақырды. Консулдықтың мәлімдемесін 15 тамызда Қазақстан сыртқы істер министрлігі таратты.

Консулдық хабарламасында «Адамдар топтанып тұрған жерлерге жақындамауға, жиындарға, демонстрацияларға қатыспауға, қауіпсіздік ережесін қатаң сақтауға, сондай-ақ жағдайдың қалай өрбіп жатқанын билік хабары мен басылымдардан бақылап отыруға шақырамыз» деп жазылған.

Қазақстан консулдығының ескертпесі Пекин Гонконгпен шекарасына әскерін апарды деген хабар тараған тұста жарияланды. Қытайдың арнаулы мәртебеге ие аймағында тұратын мыңдаған адам он бір аптадан бері күдіктілерді Қытайға беру туралы заңнамаға қарсы шығып, Гонконг атқарушы билігінің отставкаға кетуін талап етіп наразылық білдіріп жатыр.

12 тамызда мыңдаған адам Гонконг халықаралық әуежайы алдына наразылық білдіруге жиналып, сыртқы рейстер тоқтаған. Келесі күні рейстер ашылғанымен, наразылық қайта күшейіп, арты полициямен қақтығысқа ұласқан. Бірнеше азамат жарақат алды.

Қанша қазақстандықтың Гонконгте жүргенін не қала арқылы басқа жаққа қатынайтынын сыртқы істер министрлігі нақтыламаған. Тек «әуежайға бармас бұрын рейске қатысты ақпаратты анықтап алуға» кеңес берген. Қазақстан азаматтары Гонконгте визасыз 14 күнге дейін жүре алады.

Қазақстан сыртқы істер министрлігі төтенше жағдайға тап болған азаматтардың +852 5689 6282, +7 778 001 6442 (What’sApp) нөмірлері арқылы консулдықпен байланысуына болатынын айтады.

Azattyq