Қазақстандықтар 42 500 теңге алу үшін қайтыс болған адамның атынан өтініш берген

0

Төтенше жағдай кезінде кірісінен айырылуына байланысты әлеуметтік төлем алуға шетелде тұратын адамдардың атынан да өтініш келіп түскен

НҰР-СҰЛТАН, 9 сәуір – Sputnik. 42 500 теңге алуға түскен өтініштерді қарау мерзімі ұзартылуы мүмкін. Оған себеп –  өтініштердің қайталануы. Кейбірі, тіпті, марқұм болған адамдардың атынан өтініш жіберген, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне сілтеме жасап.

Бастапқыда өтініштерді қарау мерзімі 7 жұмыс күні деп белгіленген еді. Кейінірек, әлеуметтік төлемдерді тезірек аудару үшін бұл мерзім үш жұмыс күніне дейін қысқарды. Алайда, біраз азамат бір өтінішті бірнеше рет жіберіп жатқаны анықталды.

«Мәселен 8 сәуір түнгі 23.00-дегі жағдай бойынша 3,1 миллион өтініштің  1,3 миллионы қайталанатын болып шықты», — делінген хабарламада.

Министрлік барлық өтінім түрлі ақпараттық деректер қорында бірнеше параметр бойынша мұқият тексерілетінін атап өтті. Оның ішінде адамның аты-жөні, ЖСН, банк шотының нөмірі, жұмысына қатысты мағлұматтар және тағы басқалары бар.

«Мәліметтерді тексере келе, 42 500 теңгеге жұмыс істейтін, талапқа сай келмейтін азаматтардың да иек артып, қате банк шоттарын немесе бөгде біреудің, жарамсыз банк шоттарын жолдайтыны анықталды. Сонымен қатар, марқұм болып кеткен немесе шетелде тұратын адамдардың атынан да өтініш берілгені белгілі болды», -деп мәлімдеді ведомстводан.

Сонымен қатар, әлеуметтік сақтандыру жүйесіне ешқашан қатыспаған, оған жарна аудармаған азаматтар да өтінім жіберген. Осыған ұқсас деректердің 405 мыңнан астамы айқындалды.

Тағы оқыңыз: 42 500-ге қатысты жиі қойылатын сұрақтардың жауабы жарияланды

«Азаматтардан 3 жұмыс күнінен соң төлемді тағайындау туралы хабарлама алмаса, алаңдамауды сұраймыз. Әр өтініш бойынша, ақпарат тексерілгеннен кейін, міндетті түрде қабылданған шешім туралы хабарланады», — деп сендірді министрліктен.

Бұған дейін де хабарлағандай, әлеуметтік төлемге өтінішті eGov порталы, 42500.enbek.kz веб-сайты және https://t.me/Help42500Bot бойынша Telegram-бот арқылы беруге болады.

42 500 теңге кімдерге беріледі

  • шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің жалақысы сақталмайтын демалысқа шыққан қызметкерлері;
  • карантин жарияланған елді мекендердегі ірі кәсіпкерлік субъектілерінің жалақысы сақталмайтын демалысқа шыққан қызметкерлері;
  • мемлекеттік мекемелерді қоспағанда, коммерциялық емес заңды тұлғалардың жалақысы сақталмайтын демалыстағы жұмысшылары;
  • жеке кәсіпкерлер;
  • жеке тәжірибемен айналысатын адамдар (нотариус, жеке сот орындаушысы, адвокат, кәсіби медиатор);
  • бірыңғай жиынтық төлем төлеушілер;
  • азаматтық-құқықтық сипаттағы шарт бойынша табыс табатын, міндетті зейнетақы жарналары аударылған адамдар.



sputniknews.kz