Қазақстандағы банк салымшыларына қауіп жоқ – Тоқаев

0

Экономика

Қысқа сілтеме алу

339 0 0

Ұлттық банк пен қаржы нарығын реттеу және қадағалау агенттігі қаржы жүйесінің тұрақтылығын қолдау бойынша қосымша шараларды қарастыруда

НҰР-СҰЛТАН, 5 мамыр – Sputnik. Қазақстандағы қаржы жүйесі тұрақты, банк салымшыларына ешқандай қауіп жоқ, деді президент Қасым-Жомарт Тоқаев.

«Қазір банктер қызметтерін үзіліссіз ұсына алады. Депозиттерге кепілдік беру қоры да тұрақты жұмыс істейді. Ұлттық банк жағдайды бақылауда. Сондықтан салымшылардың қаражаттарына ешқандай қауіп төнбейді», – деді мемлекет басшысы «Егемен Қазақстан» газетіне берген сұхбатында.

Оның айтуынша, банк жүйесі қаржы нарығының маңызды бөлігі болып табылады. Мемлекет пен бизнес өкілдері және қарапайым салымшылар банктердің тұрақты жұмыс істеуіне мүдделі.

«Сондықтан да банктерге текке қолдау көрсетілмейді. Бұл ұлттық экономиканы ынталандыру тәсілдерінің бірі», – деді президент.

«Төтенше жағдай кезінде екінші деңгейлі банктер әлеуметтік-экономикалық жағдайды тұрақтандыруға ықпал етті деп айтуға болады. Біріншіден, банктер кәсіпкерлер мен азаматтарға кредит мерзімін кейінге қалдырды. Атап айтқанда, кредит бойынша төлемдер үш айға кешіктірілді. Табысынан айырылғандар үшін мұндай көмек қажет. Алайда қоғамда кредитті қайтару мүмкін емес деген түсінік болмауы керек. Бұл қателік», – деді Тоқаев.

Оқи отырыңыз: Президент теңге бағамы туралы ойын айтты

Ол үкіметтің қатысуымен шағын және орта бизнесті жеңілдетілген несиелеу бағдарламасы жасалғанын еске салды.

«Егер банктер кәсіпкерлер мен азаматтарға кредит беруді тоқтатса, экономиканың көптеген салалары тоқырайды. Біз бұған жол бермейміз», – деді ол.

Сондай-ақ, мемлекет басшысы өзінің тапсырмасы бойынша Ұлттық банк пен қаржы нарығын реттеу және қадағалау агенттігі қаржы жүйесінің тұрақтылығын қолдау бойынша қосымша шараларды қарастырып жатқандығын атап өтті.



sputniknews.kz