Қазақстанда ықтиярхат «қымбаттайды»

0

Қоғам

Қысқа сілтеме алу

1 0 0

Шетелдіктерді жұмысқа тарту үшін берілетін рұқсаттаманың күші бұрынғыдай бір өңірге емес, екі аймаққа тарайды

НҰР-СҰЛТАН, 11 желтоқсан – Sputnik. Шетелдіктерге тұрақты тұруға рұқсатты, яғни ықтиярхатты беру үшін мемлекеттік баж 4 айлық есептік көрсеткішке дейін (10 мың теңгеден астам) өседі. Бұл туралы мәжілістің жалпы отырысында еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Бүгін мәжілістің жалпы отырысында көші-қон процесіне толықтырулар мен өзгерістер енгізу туралы заң жобасы қаралды. Құжатта шетелдіктерге ықтиярхат беру үшін мемлекеттік бажды ұлғайту көзделіп отыр.

«Бүгінде оның мөлшері шамамен 480 теңге. Оны 4 айлық есептік көрсеткішке дейін ұлғайтуды көздеп отырмыз. Ішкі істер министрлігіндегі әріптестеріміздің айтуынша, ықтиярхатты дайындаудың өзіндік құны анағұрлым қымбат, 4 мың теңгеден асады. Жыл сайын елімізде 24 мыңға жуық ықтиярхат жасалады екен, оның ішінде 10 мыңға жуығы этникалық қазақтар үшін. Олар мемлекеттік баждан босатылған. Сонда бажды 4 АЕК-ке дейін ұлғайтсақ, мемлекеттік ықтиярхат дайындауға жұмсалатын шығындарының орны толар еді», – деді Нұрымбетов.

Бұдан бөлек, заң жобасында квотаға рұқсаттама мен квотаға қатысты да өзгерістер ұсынылып отыр.

«Шетелдік азаматтарды жұмысқа тарту үшін міндетті түрде рұқсаттама алу керек екенін білесіздер. Ол рұқсаттаманың күші тек бір өңірге ғана тарайды. Бірақ, іс жүзінде кейбір компаниялардың шетелдік жұмысшылары көршілес облыстағы нысандарға барып, жұмыс істеуге міндетті. Алайда ол бара алмайды, себебі оның рұқсаты тек бір өңірге ғана тарайды. Сондықтан рұқсатты екі өңірге тарату мәселесі шешімін тапты. Бұл инвесторлардың  бұрыннан айтып жүрген өтініші болатын», – деді министр мәжіліс кулуарында.

Тағы оқыңыз: Қазақстанда оралман мәртебесін алу шарты өзгереді

Нұрымбетов түсіндіргендей, рұқсаттаманы алу үшін шетелдік компаниялар салық төлейді.

Сонымен қатар, енді квотаның мөлшерін белгілеу құзыреті үкіметтен еңбек министрлігіне беріледі. Бұрын квота мөлшері үкімет қаулысымен анықталатын. Егер заң қабылданса, келесі жылдан бастап квота мөлшері өкілетті министрліктің бұйрығымен бекітіледі.

Бұған қоса, еңбек министрлігі шетелдік жұмысшыларды тартуға квота мөлшерін екі есеге дейін қысқартуды ұсынып отыр. Нұрымбетовтің сөзінше, осы жылға 49 мың квота қарастырылған, яғни осыншама шетелдік елімізде жұмыс істей алады деген сөз.

Депутаттар заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады.



sputniknews.kz

Загрузка...

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз