Қазақстанда қаржы пирамидасына қатысы бар қанша қылмыстық топ анықталды

0

Қоғам

Қысқа сілтеме алу

1 0 0

Министр орынбасары «Гарант 24 ломбард» ЖШС, «ЕSTATE ломбард», «Выгодный займ» басшыларына қатысты атышулы қылмыстық істер туралы да айтты

НҰР-СҰЛТАН, 4 маусым – Sputnik. Қазақстанның ішкі істер министрлігі қаржы пирамидаларымен күрес қалай жүргізіліп жатқанын айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Ішкі істер министрінің орынбасары Арыстанғали Заппаров әр өңірде қаржы пирамидасының қызметіне қарсы іс-қимыл бойынша мамандандырылған топтар құрылғанын атап өтті.

«Соңғы үш жылда Қылмыстық кодекстің 217-бабы бойынша полиция бөлімшелері 42 қылмыстық іс қозғады. Олар бойынша қылмыстың 975 эпизоды тергелді. 2017 жылы – 11, 2018 жылы – 9, 2019 жылы – 10 және қазіргі кезде 12 қылмыстық іс қозғалған», – деді ол сенат отырысында депутаттың сұрағына жауап беріп.

Оның айтуынша, 38 қылмыстық топ, оның ішінде трансұлттық бір топ анықталған.

2017-2019 жылдары ішкі істер министрлігі Қазақстан, Ресей және Испания азаматтарына қатысты қылмыстық істі тергеді. Олар «Questra Holdings» қаржы пирамидасын құрған. Былтыр желтоқсанда кінәлі адамдар сегіз жылдан он жылға дейін бас бостандығынан айырылды.

Оқи отырыңыз: «14 мың сал да, 114 мың ал»: сарапшы жаңа қаржы пирамидасы туралы шындықты айтты

Қылмыстық топ 9 миллиард теңгеден астам шығын келтірген.

Заппаров биыл «Гарант 24 ломбард» ЖШС, «ЕSTATE ломбард», «Выгодный займ» басшыларына қатысты қозғалған атышулы қылмыстық істерге де тоқталды.

«Бұл компаниялардың филиалы 15 өңірде қызмет етіп, олар өз жобаларына 39 мыңнан астам адамды қатыстырған. Бүгінде 9 393 адам арыз түсірді», – деді ол.

Ішкі істер министрлігінің басшылығы қылмыстық істі тергеуді өз бақылауына алған.



sputniknews.kz