Қазақстанда парламенттік оппозиция пайда болады – мәжіліс заң жобасын мақұлдады

0

Саясат

Қысқа сілтеме алу

0 0 0

Заң жобасы президенттің ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің отырысында берген тапсырмасын орындау мақсатында әзірленді

НҰР-СҰЛТАН, 6 мамыр – Sputnik. Парламенттік оппозиция бір сессия ішінде кемінде бір рет парламенттік тыңдауға бастамашылық жасауға, балама заң жобаларын енгізуге құқылы. Мәжіліс «Парламент және оның депутаттарының мәртебесі туралы» Конституциялық заңға өзгерістер енгізу туралы заң жобасын мақұлдады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Мәжіліс депутаты Азат Перуашевтің айтуынша, заң жобасына «парламенттік оппозиция» ұғымы енгізіліп отыр.

«Парламенттік оппозиция парламенттік көпшілікке енбейді. Парламенттік көпшілікке қарағанда оппозиция саяси және әлеуметтік-экономикалық мәселелерге қатысты басқа позицияны ұстанады», — деді Перуашев.

Заң жобасында парламенттік оппозицияға мынадай құқықтар беріліп отыр:

  • бір сессия ішінде кемінде бір рет мемлекет пен қоғамның тыныс-тіршілігіне қатысты өзекті мәселелер бойынша парламенттік тыңдау өткізуге бастамашылық жасау;
  • парламенттік сессияда кемінде екі рет үкімет сағаттарының күн тәртібін белгілеу;
  • оппозиция мақұлдамайтын үкіметтік заң жобаларына альтернативті заң жобаларын енгізу.

Сонымен қатар, мәжілісменнің айтуынша, оппозициялық фракциялардың басшылары немесе өкілдері парламент палаталарының бірлескен отырыстарында, мәжілістің жалпы отырыстарында, тұрақты комитеттердің, жұмыс топтарының отырыстарында, парламенттік тыңдаулар мен басқа да шараларда сөз сөйлей алады.

«Кез келген парламенттік іс-шараларда парламенттік көпшіліктің орны, рөлі шешуші екенін бәріміз жақсы білеміз. Ал осы заң жобасының мақсаты парламенттік оппозицияның құқықтарын іске асыру. Қоғамды алаңдататын проблемаларды көшеде емес, парламент қабырғасында көтерген дұрыс деп санаймыз. Сол үшін оппозицияға сессия сайын өзекті тақырыптарды парламенттік тыңдаулар деңгейінде көтеруге мүмкіндік беруіміз керек», деді Перуашев.

Бұдан бөлек, мәжіліс отырысында осы заңға ілеспе заң жобасы да қаралды.

Оған сәйкес, мәжілістің бір тұрақты комитетінің төрағасы тек оппозиция депутаттарының арасынан сайланады. Мәжілістің екі тұрақты комитеттінің хатшыларын да парламенттік оппозиция ішінен сайлау ұсынылып отыр.

«Осы заңды қабылдау арқылы біз бүгін көптеген пікірталасты ас үй мен көшелерден парламенттің залдарына енгізіп, өркениетті жолмен шешуге мүмкіндік жасаймыз», деді депутат.

Мәжіліс заң жобаларын бірауыздан мақұлдады.



sputniknews.kz