Қазақстанда инфляция 9-11% шамасында болжанып отыр

0

Экономика министрі үкімет отырысында 2020 жылға арналған макроэкономикалық көрсеткіштер мен бюджет параметрлерінің жаңа болжамын жария етті

НҰР-СҰЛТАН, 2 сәуір – Sputnik. Қазақстанда жылдық инфляцияның деңгейі 9-11% аралығында болжанып отыр. Бұл туралы ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі. 

Министр үкімет отырысында 2020 жылға арналған макроэкономикалық көрсеткіштер мен бюджет параметрлерінің жаңа болжамын жария етті. 

Осы жылдың сәуір-желтоқсанына мұнайдың орташа бағасы барреліне 20 доллар деңгейінде анықталған.  

«Доллардың есептік бағамы 440 теңге деңгейінде және жылдық инфляция 9-11% аралығында есепке алынды», — деді Дәленов.  

Айтуынша, жыл басынан бері мұнай бағасы 66%-ке, металл 16%-ке, әлемдік биржалық индекстер орта есеппен 21%-ке төмендеді.

1 сәуірдегі жағдай бойынша мұнай бағасы барреліне 22 долларға дейін төмендеді. 

2020 жылға арналған болжамды нақтылауға сыртқы экономикалық жағдайдың тұрақсыздығы, жаһандық тоқырау және коронавирусқа байланысты іскерлік белсенділіктің бәсеңдеуі себеп болып отыр.



sputniknews.kz