Қазақстанда әуе жолаушыларынан ПТР-тест анықтамасын талап етпейтін болды – Қазақстан жаңалықтары

0

Енді ұшаққа отыру үшін вирусты анықтайтын тест тапсырудың қажеті жоқ. Жауаптылар көп ойланып осындай шешімге келді. Көліктегі санитарлық дәрігердің сөзінше 1 мамырдан бастап ұшақтардың қызметін еліміз бойынша 5 мың 200 адам пайдаланыпты.

коронавирус

Тест тапсырған жолаушылардан коронавирустың белгілері анықталмаған. Ал, бүгін мемлекет басшысы  Қасым-Жомарт Тоқаев тағы алдағы уақытта 7 қаланың әуе кеңістігі ашылатынын мәлімдеді. Бұл қай қалалар? Ұшаққа отыру үшін қандай ереже сақтау керек? Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды.

Еліміздің әуе кеңістігі ашылғалы сынаманың бағасы мың құбылды. Ең арзаны 11 мыңнан басталып, 20 мыңға дейін жетті. Ақыры оны жолаушылардың қалтасы көтермейтінін түсінген жауаптылар, ақыры бұл ережені алып тастады.         

«Бүгіннен бастап ел ішінде әуе жолы ашылған қалаларға бару үшін міндетті тест сынамасын тапсыру алынып тасталды. Біз осы уақытқа дейін ұшып келген жолаушыларды тексердік. Қауіпті инфекцияның бірде-бір дерегі анықталған жоқ. Еліміздегі төтенше жағдай алынып тастағанына байланысты біз осындай шешімге келдік. Енді кез-келген азамат рұқсат етілген қалаларға ұшақпен бара алады», – деді ҚР ДСМ көліктегі тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы Сәдуақас Байғабылов. 

Бірақ тест қымбат болса да осы уақытқа дейін өзінің тиімділігін көрсетіп үлгерген. Мәселен, сынама тапсырған 10 адамнан ұшаққа билет сатып алмай тұрып коронавирус инфекциясы табылған. Жолаушылар да тесттің қажет екенін айтады. Бірақ, бағасы тым қымбат.

«Әуежайға кіргеннен бізді жіті тексере бастады. Дене қызуымызды өлшеді. Өзімізде бар анықтамаларды көрсеттік. Ұшып келген соң тест тапсырдық. Бұл жұмыстардың барлығына 30 минуттай уақыт кетті. Жалпы жолаушының қауіпсіздігі үшін ғой бұл тест. Сондықтан, дұрыс деп ойлаймын», – деді жолаушы Ораз Дәуітбаев. 

Премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжановтың сөзінше, тестілеу еліміздегі жаппай скринингтеу аяқталғаннан кейін тоқтатылып отыр. Бүгінгі күнге дейін республика аумағында 400 мыңға жуық тест тапсырылған. Барлық қалалар бірте-бірте ұшақтарды қабылдай бастайды. Дәл бүгін тағы 7 шаһар жолаушыларға есігін айқара ашты.   

«Бүгін Мемлекет басшысының шешімімен тағы да, 7 қала өз әуе кеңістігін ашады. Олардың қатарына Ақтөбе, Қарағанды, Көкшетау, Қостанай, Павлодар, Тараз, Талдықорған кіріп отыр», – деді премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов.

Коронавирусты анықтайтын міндетті тест енгізілгелі еліміздегі әуекомпаниялар тығырыққа тірелген. Қымбат сынамадан екінің бірі өте бермейтіндіктен, бірқатар рейстер тоқтатылған. Сол үшін де, компаниялардың басшылары бірігіп, мемлекеттік комиссиядан анықтаманы алып тастауды өтініпті. Бірақ, мұнымен қоғам белсенділері келіспейді. Пандемияны әуе арқылы келгендігін еске салған олар, жолаушыларға бұл қызмет тегін көрсетілуі керек деп санайды.  

«Тесттерді қалдыру керек еді. Өйткені тесттерді қалдырып, бәрібір сен ұшып бара жатырсың кісілермен. Сен білесің, қасыңдағы отырған кісілерде коронавирус жоқ. Тесті бар ғой енді қолында. Қазіргі кезде көрсетіп тұрған тесті бар. Ол да пайдалы нәрсе. Ал, сен температура арқылы кейде сен біле алмай қаласың. Біріншіден тест деген ол барлық шаруаларды жасап жатырмыз. Қауіпсіздік үшін. Сол үшін қалдыру керек еді. Ал, халыққа қымбат болды ол енді екінші мәселе», – деді қоғам белсендісі Марат Башимов. 

Барлық көлікке жауапты санитарлық дәрігер Сәдуақас Байғабыловтың сөзінше, төтенше жағдай аяқталған соң жолаушылар жоғарыда тізімде көрсетілген кез-келген қалаға ұшақпен қатынай алады. Бірақ, карантиннің күші әл жойылған жоқ:  маска, антисептик пен тазалық талаптары сақталуы тиіс!

stan.kz

Загрузка...

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз