Қазақстан мен Түркия әскери келісімді жаңартты

0

Саясат

Қысқа сілтеме алу

0 0 0

Келісімде әскери даярлық пен оқытуды қоса алғанда, бұдан бұрын қамтылмаған басқа мәселелер де көрсетілген

НҰР-СҰЛТАН, 30 қазан – Sputnik. Парламент мәжілісі Қазақстан мен Түркия үкіметтері арасындағы әскери ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялау туралы заң жобасын мақұлады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Қорғаныс вице-министрі Тимур Дәндібаевтың айтуынша, екіжақты келісім өткен жылы Анкара қаласында рәсімделді. Бұған дейін Қазақстан мен Түркия арасындағы әскери ынтымақтастық 1993-1994 жылдары қол қойылған келісімдер негізінде жүргізілді. Онда әскери техника, білім мен ғылым саласындағы әріптестік байланыстар қарастырылған. Бүгінде екі келісімнің кейбір тұстары ескіріп қалды және ұлттық заңнамаға сәйкес келмейді. Осыған байланысты жаңа келісімді рәсімдеу туралы шешім қабылданды.  

«Келісімде әскери даярлық пен оқытуды қоса алғанда, бұдан бұрын қамтылмаған бірлескен оқу-жаттығуларды өткізу, картография, гидрография, топогеодезиялық қамтамасыз ету, әуе кеңістігі арқылы әскери мүліктің транзиті, медициналық көмек көрсету және тағы басқа мәселелер көрсетілген», — деді Дәндібаев мәжілістің жалпы отырысында.

Ал депутаттардың сұрақтарына жауап берген кезде вице-министр келісімнің кейбір тұстарын ашып берді. Оның сөзіне қарағанда, елімізде бірқатар әскери маман тапшы. Түркияда дәл сол мамандықтар бойынша білім беру жұмысы жолға қойылған. 

«Қазақстанның әскери орындарында тәрбиеші офицерлер, психологтар, байланысшылар, штурман-десантшылар сияқты мамандар даярланады. Ал Түркияда біз тапшы мамандықтар бойынша оқытамыз. Мысалы, әскери теңіз күштері, медициналық мамандықтарға жібереміз. Біз талдау жасадық. Түркиядан келетін әскери қызметшілердің білімдері де жоғары, практикалық дайындығы да жақсы. Сондықтан екіжақты ынтымақтастықты жалғастыру керек», — деп атап көрсетті Дәндібаев.

Тағы оқыңыз: «Роботтандыру мен жасанды интеллект» — Тоқаев Қазақстан армиясын қалай өзгертпек?

Осы орайда вице-министр Қазақстанның тәуелсіздігін бірінші болып мойындаған Түркияның әскери көмегін еске алды.

«Түркия біздің стратегиялық әріптесіміз. Бұл мемлекет тәуелсіздігімізді бірінші болып мойындады. Бұдан бөлек, бірінші болып 5 миллион доллар көлемінде әскери көмек берді. Сол кезде Ланд Ровер сияқты әскери техника жеткізілді. Қазіргі кезде біз «Кобра» секілді брондалған техниканы пайдаланып жүрміз. Оптикалық аспаптарды шығаратын кәсіпорын бар. Біз осы ынтымақтастықты сақтап қалуды көздейміз», — дейді Дәндібаев.



sputniknews.kz