Қазақстан коммунистік партиясы президенттікке үміткер ұсынуға шешім қабылдады — Қазақстан жаңалықтары

0

Қазақстан коммунистік халық партиясы президенттікке өзінің үміткерін ұсынады. Мұндай шешім бүгін политбюроның кезектен тыс отырысында қабылданды. Бұл туралы Stan.kz Sputnik Қазақстанға сілтеме жасап хабарлайды. 

Айқын ҚоңыровФотода Айқын Қоңыров/ҚКХП сайтынан

Партия президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың кезектен тыс сайлау туралы мәлімдемесінен кейін жиын ұйымдастырды. 

«Кезектен тыс сайлауды өткізуге ешқандай кедергі жоқ. Сол себепті де бүгін политбюроның кезектен тыс отырысын ұйымдастыруды жөн деп таптық. Біздің жарғыға сәйкес, кандидат партия съезі кезінде анықталады», — деді ҚКХП орталық комитетінің хатшысы Айқын Қоңыров. 

Партия съезі 2019 жылдың 26 сәуірінде өтеді деп жоспарланып отыр. 

«Съезд кезінде ұсынылған үміткерлердің ішінен ең лайықтысы таңдалады. Мен партия орталық коммитетінің хатшысымын. Жеке басымның атынан мәлімдеме жасай алмаймын. Біз демократиялық орталықшылдық ұстанымымен жұмыс істейміз. Егер съезд делегаттары үміткерге мені лайық деп тапса, ол шешіммен келісемін», — деді Айқын Қоңыров. 

Қасым-Жомарт Тоқаев бүгін, 9 сәуір күні кезектен тыс сайлау туралы мәлімдеме жасады. Президент 2019 жылдың 9 маусымында сайлау өтетінін хабарлады. Ол сайлаудың әділ өтетініне кепілдік берді. 

stan.kz