Қазақша киімді бар жаныммен жақсы көремін, қатты құрметтеймін

0

Соңғы кездері халық арасында «төсін жалаңаштаған депутат» деген атпен танылып кеткен Тасова Stan.kz тілшісіне модельдік бизнеске қалай келгенін, ашық киініп, омырауын көрсететін қыздар жайлы не ойлайтынын, қоғамның қандай пікірі бұрыс екенін айтып, ақша үшін кім қандай ұсыныс білдіретініне тоқталды. 

Динагүл, әдетте Шымкентте қыздың тәрбиесіне қатаң қарайды, етек-жеңін жинап жүруді талап етеді, сіздің үйіңіздегі тәрбие қандай болды?

Біздің үйде өте заманауи тәрбие берілді. Өзім ата-анамның тұңғышымын, әке-шешем тыйым салып, еркін өмір сүруіме кедергі келтірген емес. Кішкентайымнан апа-атамның қолында өстім. Сол кісілер мені бақты, қазақтың барлық дәстүрлерін білетін, қазақи адамдар тәрбиеледі. Менің жанұям барлығына заманауи көзқараспен қарайтын адамдардан құралған. Біз үшін ең бастысы — өз күніңді өзің көріп, ешкімге масыл болмай өмір сүру. 

Әке-шешем, атам мен апам қазір де Шымкентте тұрады, бірақ мен Шымқалада ешқашан өмір сүрген емеспін. 

Модельдік бизнесті таңдауыңыздың себебі неде? Осылай сынның астына алынатыныңызды білдіңіз бе, моральды тұрғыда дайын болдыңыз ба?

Модельдік бизнесті таңдауымның белгілі бір себебі жоқ. Жалпы, модель болу туралы шешімді көпшіліктің сөздерін ой-елегінен өткізе отырып қабылдадым дегенім жөн шығар. Көшеде кетіп бара жатқанда адамдар жаныма келіп модельге ұқсайтынымды айтатын. “Модельсіз бе?” деп сұрайтын. Визажистер, дизайнерлердің ішінде маған модель болуға ұсыныс білдіргендердің саны басым еді.

Бағымды сынап көрейін деген ниетпен түрлі сән кастингтеріне қатысып, өтіп кеттім. Бұл салада өзімді дәлелдей бастаған соң, ары қарай «Мисс Қазақстан», «Мисс Астана» байқауларына қатысып, ермек ретінде алып жүрген модельдік жұмысымды бірінші орынға қойдым. Ойымда өзімнің сүйікті ісіммен айналысу ғана болған соң, сынның астында қаламын деп күдіктенген де жоқпын. Еңбегімнің арқасында көптеген жетістіктерге жеттім. Ешнәрсеге өкінбеймін.

Көрермендер тарапынан қауіп төніп қалар немесе мені сахнаға шыққанымның кесірі тиер, мен жайында қоғамның пікірі өзгеріп кетер деген ой болған емес, әлі де жоқ. Менің жұмысым мен хайп — екі бөлек дүние. Егер маған хайп керек болғанда, модельдікке кірген күнімнен бастап-ақ соны қуып кетер едім.

Сіз төсіңізді сән көрсетілімі үшін ашып көрсеттіңіз, ал күнделікті өмірде өзге де қыздар дәл солай жүрсе қолдар ма едіңіз?

Иә, шыныменен де көрсетілім тек сахналық дүние болғандықтан, сахнада көрсеттім. Ал өмірде оның өзіндік орны болады. Егер қызға ашық киім жарасып тұрса, қалағанынша кисін. Бірақ әр жердің, әр ортаның өз мәдениеті болады. Мысалы, кеудесін ашатын киімді достарымен қыдырғанда, кешкі отырыстарда киген жөн деп ойлаймын. Алайда, жұмысқа, маңызды іс-шаралар мен конференцияларға ашық-шашық киіне алмайсыз. Әйтсе де,  мен бұл таңдауды қыздардың өзіне қалдырғанды дұрыс көрдім. 

Отандық бірнеше ток-шоуларға қатысқанда жан-жақтан талап жатты, психологиялық тұрғыдан қиын емес пе?

Менің тарапыма айтылған сөздерді ауыр қабылдап, ренжіп, өкпелемеймін. Өзім қаншама жылдар бойы телевидениеде жұмыс істегенмін, бұл салада он жылдап жинаған тәжірибем бар. Маған қатысты әңгіменің қай кезде жай ғана шоу үшін айтылып жатқанын жақсы түсінемін.

Сондықтан бағдарлама барысында өзімді барынша сабырлы, байсалды ұстауға тырысамын. Шоу жасайтын жерде шоу жасаймын, шындықты айту керек  болса, шындықты айтып, барынша шынайы бейнемді көрсетуге тырысамын.

Біз көрсетілімде өзімізге берілген образды алып шығамыз. Модельге ашық не жабық киім беріледі. Кейде одан сахнаға тыржалаңаш шығуын сұрайды. Подиумдағы өмір осындай, өзіңізден талап етіп тұрған нәрсені орындайсыз. Ал телевизияда мен ешқандай образды ұстанбаймын, өзімнің болмысымды бояусыз, бүкпесіз көрсетемін. 

Қазір халықтың жадында төсін ашқан қыз ретінде сақталып қалғаныңызды өзіңіз де білесіз. Қазақша көйлек киіп шығып едіңіз, тағы да сынның астында қалдыңыз. Сізге деген қоғамның пікірі әділетті ме?

Қоғамның мен жайлы пікіріне соңғы кездері таңғалып жүрмін. Себебі, халықтың маған деген көзқарасы мүлдем әділетті емес. Көпшілік ашық киінетін адамның  ұлттық киімдерді киюге құқығы жоқ деп ойлайтын секілді. Мен қазақша киімді бар жаныммен жақсы көремін, қатты құрметтеймін және осы уақытқа дейін оны қалай болса солай киіп, қорлаған емеспін.

Себебі, ондай арсыздыққа бару қолымнан келмейді. Ұлттық киімді, аспап пен бұйымды, мәдениет пен дәстүрді қатты құрметтеймін, сүйемін. Домбырада ойнап болған соң, оны сүйетін әдетім бар.

Қазақша көйлекпен бірнеше рет сахнаға да шыққанмын. Ұлттық киім киіп түскен суретімді желіге салып көрейінші деп өзім қызығушылық таныттым. Өзгелердің көзқарасы қандай болатынын білгім келді. Түсінгенім, ашық киінсем де, жабық киінсем де жақпайды екенмін. Қанша тырыссам да мені о басында-ақ қабылдағысы келмеген адам бәрібір қабылдамайды.

Осы жағдайдан мәселе киімге емес, адамның ішкі дүниесіне байланысты екеніне тағы да бір рет көзім жетті. Біздің қоғам әлі күнге дейін ескі көзқараспен өмір сүріп келеді. Біреуге табыну, біреуді көреалмау, жамандау деген әлі де бар және бұл жаман әдеттер жоғары деңгейде тұр. 

Динагүл, неше түрлі адамның бар екені белгілі ғой. «Омырауыңды маған ғана көрсетсең, жиырма бес мың теңгеден көбірек ақша беремін», — деп ұсыныс тастағандар болды ма? Ақша үшін төсек қатынасына түсуді ұсынғандар ше?

Сана-сезімі оянбай қалған, өзіне жетпей жүрген нәрсені көргісі келетін кей қазақстандықтардың ішінде: «Показда жиырма бес мыңға кеудеңді көрсетіпсің, мен саған жүз мың беремін, төсектес болайық», — деп айтқандар болды. Мұндай бұрыс әңгімеге мен көңіл аудармаймын. Кейде: «Сіз мені кім деп тұрсыз» деп жауап жазып та жіберемін.

Ең қызығы, маған әбес хабарламаларды өзге ұлттың өкілдері, шетелдіктер емес, қазақтар ғана жазады. Алайда, олардың қатарында «ағашкалар» мүлдем жоқ. Жас жігіттер ермек іздеп, әдемі қызбен аралассам, көрсем, жата салсам деген арам ойларымен хабарламалар жолдайды. Бірақ қыр-соңымнан қалмай ақша аударып, «болды шешілді» деп ұсыныс білдіргендер жоқ. 

Бір рет шетелдің азаматы маған үйленгісі келіп, шотыма ақша салып жіберген еді. «Әдемі екенсіз, қазақтың қызымен шаңырақ көтергім келеді», — деп ұсыныс тастады. Қазақтың қызы болған соң,  өз ұлтымның жігітіне тұрмысқа шыққым келеді. Сондықтан оған «жоқ» деп жауап бердім. Шақырды екен деп кез-келген азаматпен кездеспеймін, ешкім мені бір жерге тектен-текке шақырмайды. Ақыл-ес тоқтатқан қыз болғандықтан әр шешімімді ақылмен шығарғым келеді. 

Болашақ жарыңызды қандай адам ретінде елестетесіз? 

Болашақ жарымды ақыл-есін тоқтатқан, ер мінезді, жүрегінде иманы бар, өз нанын өзі тауып жейтін, әйел адамға қол көтермейтін, артық әңгімесі жоқ жас жігіт ретінде елестетемін. Ең бастысы, ол мені сүйсе, құрметтесе, маған деген көзқарасы мен ниеті дұрыс болса екен.

Көкейінде шын бақытты етемін, бірге бақытты боламын деген ой болса, тек жұрттың сөзі мен көзі үшін ғана маған бақыт сыйлауға ұмтылмаса деп тілеймін. Әйел мен ана бақытын сезінгім келеді. Бір болған оқиға үшін ер адамдардың барлығын өкпелетсем, өмір сүруім де, ортаға қалыптасып кетуім де қиын болып қалады. Адамгершілігі мол жақсы жігітті кездестіріп, шаңырақ құрып жатсам, қуанышымда шек болмас еді. 

 

 

Ескерту! Эксклюзив материалды көшіріп басу үшін редакцияның хат түріндегі рұқсаты қажет! Хат түріндегі рұқсат берілген жағдайда, эксклюзив материалды жарияланған уақытынан 24 сағаттан кейін ғана көшіруге рұқсат беріледі.

stan.kz