ҚазАқпарат ұсынған әлемнің 10 басты оқиғасы

0
2018 жыл қорытындысы: ҚазАқпарат ұсынған әлемнің 10 басты оқиғасы

АСТАНА. ҚазАқпарат — 2018 жыл қандай оқиғаларымен есте қалмақ? Осы сауалға жауап іздеген «ҚазАқпарат» әлемдік қоғамдастықты өтіп бара жатқан жылда толғандырған маңызды оқиғалар мен процесстер тізбеген саралап көрген еді. Олардың қатарында КХДР мен Оңтүстік Корея арасындағы бейбітшілік туралы декларация, сауда соғыстары, АҚШ-тың Иранмен ядролық келісімнен бас тартуы, РФ, ҚХР және Түркия басшыларының қайта сайлануы, Сирия дағдарысын реттеу прогресі, Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі туралы конвенцияның қабылдануы, Франциядағы тәртіпсіздіктер сынды жайттар бар.

«Корей көктемі»

27 сәуірде Пханмундж шекара бекетінің оңтүстіккорейлік жағында Оңтүстік Корея Президенті Мун Чжэ Ин  мен КХДР төрағасы Ким Чен Ын кездесті. Бұл екі мемлекет басшысының 10 жылдан кейінгі алғашқы келіссөздері болатын. Олар екі мемлекеттің бейбітшілігі, өркендеуі және бірігуі туралы бірлескен Пханмундж декларациясына қол қойды.  Осыдан кейін Мун Чжэ Ин келіссөздер қорытындысын Корей түбегіне «сарыла күткен көктемнің келуі» десе, Ким Чен Ын «Корея тарихының жаңа тарауының басталуы» деп баға берді. Мұнан соң олар 26 мамырда Пханмундж бекетінің солтүстіккорейлік жағында жүздесіп, бұған дейін келісілген бейбітшілік декларациясын жүзеге асыру және АҚШ-КХДР саммитіне дайындық мәселелерін талқылады
2018 жыл қорытындысы: ҚазАқпарат ұсынған әлемнің 10 басты оқиғасы

Ал 12 маусымда Сингапурда Ким Чен Ын АҚШ Президенті Дональд Трамппен кездесіп, бірлескен мәлімдемеге қол қойды.

Аталған құжатта Пхеньян ядролық бағдарламасынан бас тартқан жағдайда Вашингтон оның қауіпсіздігіне кепіл беретіндігі, ал КХДР-дың Корей түбегін толықтай ядролық қарудан азат етуге дайын екендігі көрсетілген.

18-20 қыркүйекте Пхеньянда КХДР мен Оңтүстік Корея басшыларының үшінші саммиті өтті және тараптар Корей түбегіндегі соғыс шиеленісін одан ары төмендетуге бағытталған декларацияны рәсімдеді. 

Сондай-ақ, екі Корея 2032 жылы Олимпиада өткізге бірлескен өтінім беруге, Токиода өтетін 2020 жылғы Олимпиада ойындарына бір команда жасақтауға уағдаласты. Ким Чен Ын  Оңтүстік Корея Президентінің шақыруын қабыл алып, Сеулге сапарлауға уәде берді.

Сауда соғысы

Ағымдағы жылы әлемдік экономика үшін АҚШ Президенті Д.Трамптың сауда саясаты ауыр соққы болғаны анық. Бұл саясат Құрама штаттар мен Қытай арасындағы сауда соғысына да алып келгені белгілі.

22 қаңтарда Д.Трамп күн батареяларына салынатын салықтың 30, кір жуатын машиналарға 20 пайызға артатындығын жария етті. Ал бұл шара әлемдегі күн панелдерінің 65 пайызын өндіретін Қытайға, сондай-ақ АҚШ-қа кір жуатын машиналарын экспорттап отырған Мексика мен Оңтүстік Кореяға ауыр соққы болғаны сөзсіз. Наурыз айында Д.Трамп АҚШ-қа жеткізілетін болатқа 25, ал алюминийге 10 пайыз тариф енгізетін құжатқа қол қойды. Бұл да аталған металлдардың ірі өндірушісі саналатын Қытайға оңай тиген жоқ.

Мұндай соққыдан кейін үн-түнсіз қалуды жөн санамаған ресми Бейжің Дүниежүзілік сауда ұйымына жүгініп, 2 сәуірден бастап АҚШ-тан жеткізілетін құны шамамен 3 млрд долларды құрайтын 128 тауарға салықты көтеретіндігін жария етті. Осыдан кейін 22 наурызда АҚШ Президенті құны 60 млрд доллардан асатын 100-ден астам қытай тауарына 25 пайыздық тариф енгізу туралы меморандумға қол қойды. Осыдан кейін-ақ екі тарап дүркін-дүркін бір-бірінің тауарларының тарифін көтерумен болды.
2018 жыл қорытындысы: ҚазАқпарат ұсынған әлемнің 10 басты оқиғасы

Ақыр соңында  Д.Трамп пен ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин желтоқсанның басында  Буэнос-Айресте өткен G20 саммиті алаңында жолығып, әлемнің ең ірі екі экономикасының арасындағы сауда соғысын тиюға тырысқан еді. Атап айтқанда, АҚШ-тың жылына құны 200 млрд долларды құрайтын қытай тауарына салықты 10-нан 25 пайызға дейін көтермеуге, ал Қытай  Qualcomm мобильді құрылғысына арналған процессорлар мен компоненттерді сатып алу жөніндегі мәмілені мақұлдауға келісті.

Дегенмен, қазіргі уақыттағы жайттарға жіті назар аударып отырған шетелдік сарапшылар АҚШ пен Қытай арасындағы қарама-қайшылықтың 2019 жылы да ушығып, жаһандық экономикалық және геосаяси процестердің тұрақсыздығына алып келетіндігін болжауда.

АҚШ Иранмен ядролық мәміледен бас тартты

8 мамырда Д.Трамп АҚШ Иранның ядролық бағдарламасы туралы келісімнен шығатындығын жария етті. Есте болса, 2015 жылдың шілдесінде Иран, АҚШ, Ресей, Қытай, Франция, Ұлыбритания және Германия «бірлескен жалпықамтымды іс-қимыл жоспарын» қабылдаған болатын. Алайда АҚШ Президенті Иран экономикасының энергетикалық, банктік және өзге де секторларына қатысты америкалық санкцияны 180 күннен кейін қайта жаңғырту туралы құжатқа қол қойды. Ол мұндай шешімге Иранның ядролық бағдарлама қабылданғаннан кейін әскери бюджетін 40 пайызға ұлғайтып, ядролық оқтұмсықтары бар баллистикалық зымырандар жасай бастауымен түсіндірді.

Осыдан кейін  әлемдік қоғамдық Тегеран тарапы ядролық бағдарламасын қайта қолға алады деп алаңдаушылық танытқан болатын. Дегенмен, ИИР Президенті Хасан Рухани келісімнің қалған қатысушыларымен мәмілені ұстана беретіндігін, дегенмен Иран ешқандай шектеусіз уранды байыту жұмыстарын қайта қолға ала алатындығын ескертті. Осыдан кейін келісімнің қалған мүшелері АҚШ шешіміне өкінішін білдіріп, өздерінің мәміледен таймайтындықтарын жария етті.
2018 жыл қорытындысы: ҚазАқпарат ұсынған әлемнің 10 басты оқиғасы

Айта кетерлігі, 10 маусымда Қытайдың Циндао қаласында өткен ШЫҰ саммитінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Иранның ядролық бағдарламасы бойынша келісімге келуге еліміздің қомақты үлес қосқанын атап өтті. 

«Сондықтан да біз іс-қимылдың бірлескен жалпықамтымды жоспарының одан ары мүлтіксіз орындалуының сақталуын түбегейлі ұстанамыз», — деген еді Қазақстан Президенті.

Сайлаулар

Ағымдағы жылы Ресей, Қытай, АҚШ, Германия және өзге де елдерде сайлау науқаны өтіп, ол аталған мемлекеттердің алдағы онжылдықтағы даму бағытын айқындап берген болатын. Атап айтар болса, 18 наурызда Ресейде президенттік сайлау өтіп, онда сайлаушылардың 76,69 пайыз дауысын жинаған іс басындағы президент Владимир Путин жеңіске жеткен еді. 

Оған қарсылас болған Владимир Грудинин, Владимир Жириновксий, Ксения Сабчак, Борис Титов, Максим Сурайкин, Григорий Явлинский, Сергей Бабуриндер айтарлықтай дауыс жинай алған жоқ. Жалпы сайлауға дауыс беруге құқығы бар ресейлік азаматтардың 67,54 пайызы қатысқан болатын.  

Ал 17 наурызда Бүкілқытайлық халық өкілдері жиналысы 13 шақырылымның бірінші сессиясында Си Цзиньпин тағы да 5 жылдық мерзімге ҚХР Төрағасы болып сайланғаны белгілі. Бұл ретте ескерерлік жайт осы уақытқа дейін ҚХР Төрағасы мен оның орынбасарлары екі мерзімнен артық сайлана алмайтын. Ал ел Конституциясына енгізілген өзгерістерге сәйкес Си Цзиньпин 2023 жылдан кейін де үшінші мәрте төрағалыққа ұмтылуға мүмкіндік алып отыр.
2018 жыл қорытындысы: ҚазАқпарат ұсынған әлемнің 10 басты оқиғасы

19 сәуірде Кубаның Ұлттық ассамблеясы Мемлекеттік кеңестің төрағасы қызметіне Мигель Диас-Канельді сайлады. Ол бұл қызметте 2008 жылдан бері болған 86 жастағы рауль Кастроның орнына келді.  Осылайша, 59 жыл бойы Кубаға билігін жүргізіп келген Кастро отбасының дәурені аяқталды. Дегенмен, Р.Кастро 2021 жылға дейін Куба Коммунистік партиясының төрағасы болып қала беретіндігін ескерген жөн.

24 маусымда Түркияда Конституциялық реформалардан кейінгі алғашқы мерзімінен бұрын президенттік және парламенттік сайлау өтіп, сайлаушылардың 52,59 пайыз дауысына ие болған іс басындағы Президент Реджеп Тайып Эрдоған билігін сақтап қалды.

Ал оның негізгі қарсыласы болған Мухаррем Индже 30,64, Селахаттин Демирташ 8,40, Мераль Акшенер 7,29 пайыз дауыс жинай алды.

Ал парламенттік сайлауда 42,56 пайыз дауыс жинаған Әділдік және даму партиясы Парламенттегі 600 орынның 295-іне иелік етсе, Ұлттық қозғалыс партиясына 49 орын бұйырды. Халықтық-республикалық партиясы 146, «Жақсы партиясы» 43, «Бақыт партиясы» пен Ұлттық альянс бірігіп 189, Халықтар демократиясы партиясы 67 орын иелік етті.

8 желтоқсанда 56 жастағы Аннегрет Крамп-Карренбауэр Христиан-демократиялық одағының төрағасы болып сайланды. Ол аталған партияны 18 жыл бойы басқарған Германия канцлері Ангела Меркельдің орнын басты.

Сирия дағдарысын реттеудегі Астана процесінің прогресі

2017 жылдың қаңтарында елордада Сириядағы қақтығысты тоқтатуға бағытталған Астана процесі өз жұмысын бастаған болатын. Содан бергі уақытта кепілгер елдер Ресей, Түркия, Иран елдері мен Сирияның қарулы оппозиция өкілдерінің басы қосылған 11 раунд өтті. Нәтиже де жаман емес. Астана процесі кепілгер елдерінің бірлескен күш-жігері мен жауапты көзқарасы Сирия шиеленісін реттеу жолындағы маңызды келісімдерді жүзеге асыруда көрініс тапты. Оған айқын дәлелдердің бірі — ол көптеген бейбіт сириялық азаматтардың құрбан болуына және елдегі гуманитарлық жағдайдың одан әрі ушығуына жол бермеген Идлип жөніндегі уағдаластықтар. Сонымен қатар, тұтқындарды босату, қаза тапқандардың денелерін табыстау және із-түзсіз жоғалғандарды іздестіру тобының жұмысы аясында жақында Алеппо провинциясында орын алған тұтқындар мен мәжбүрлеп ұсталған адамдармен алмасу іс-шарасын да атап өткен жөн. Соңғы кездесуде кепілгер елдер ДАИШ, «Джабхат ан-Нусра» және «Әл-Каида» немесе ДАИШ-пен байланысы бар өзге де тұлғаларды, топтарды, кәсіпорындар мен ұйымдарды түбегейлі жою үшін ынтымақтастықты жалғастыруға ниетті екендіктерін білдірген еді. Демек, бүгінгі күні Астана форматындағы келіссөздер Сирияда ұзаққа созылған соғыстың аяқталуын жақындата түсетін бірегей тетік болып тұр.
2018 жыл қорытындысы: ҚазАқпарат ұсынған әлемнің 10 басты оқиғасы

Айта кетерлігі, 16 наурызда Нұрсұлтан Назарбаев Сирия мәселесі жөніндегі Астана процесіне кепіл елдердің сыртқы істер министрлерімен кездесті. 

Кездесуге Ресей Федерациясының Сыртқы істер министрі Сергей Лавров, Түркия Республикасының Сыртқы істер министрі Мевлют Чавушоғлы, Иран Ислам Республикасының Сыртқы істер министрі Мохаммад Джавад Зариф қатысты. Әңгімелесу барысында тараптар Астана алаңы форматында Сириядағы қақтығысты тоқтату жөніндегі келіссөздердің нәтижелері мен перспективаларын талқылады. Мемлекет басшысы Астана процесі арқылы оқ атпау жөнінде бірқатар уағдаластыққа қол жеткізілгенін атап өтті.

«Сирия дағдарысы біз үшін де, өңіріміз үшін де өзекті болып отыр. Ұрыс қимылдары салдарынан 400 мың адам, соның ішінде балалар, әйелдер мен қарттар қаза тапты. Бұл қақтығыс бүкіл өңірде қолайсыз ахуал туғызды. Дегенмен, Астана процесі Сириядағы соғыс пен қантөгісті тезірек тоқтатуға деген үмітті ұялатты. Астана келіссөздері Женева процесін жандандырды, — деді Қазақстан Президенті.

Жалпы, таяуда ғана БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің мүшелері Сириядағы дағдарысты реттеуде халықаралық қоғамдастық пен БҰҰ-ның күш-жігерін, оның ішінде Астана процесі аясындағы қадамдарды жоғары бағалаған болатын және Сирияға трансшекаралық гуманитарлық көмек көрсетуді жалғастыру туралы қарарын қабылдаған еді. Аталған қарарда Астана форматындағы келіссөздер ұсталған адамдардың, әсіресе әйелдер мен балалардың тез арада босатылуына, сондай-ақ қайтыс болғандардың мәйітін тапсыруға, жоғалған адамдарды анықтауға елеулі үлес қосатыны атап өтілген.

«Каспий теңізі Конституциясының» қабылдануы

2018 жылдың 12 тамызында Ақтауда 5-ші Каспий саммиті өтіп, оған теңіз жағалауындағы Қазақстан, Әзербайжан, Иран, Ресей және Түрікменстан елдерінің президенттері қатысқаны белгілі. Дәл осы алқалы жиын барысында 25 жылдан бері күрмеуі күрделі проблемаға айналып келген Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі айқындалған болатын. Яғни, Каспий теңізінің конституциясы қабылданды десек артық айтқандық емес.
Айта кетерлігі саммит қорытындысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі туралы конвенцияның маңыздылығын түсіндірген болатын.

«Конвенцияны бекіте отырып, біз бағыттардың кең шоғыры бойынша теңіз маңы елдерінің ынтымақтастығы үшін тиімді құқықтық базаны құрамыз. Құжатта Каспийде қауіпсіздікті қамтамасыз етуге айрықша назар аударылған. Сонымен бірге, тараптар өз қызметінде негіз болатын ұстанымдарды орындайтындығы айқындалған», — деді Мемлекет басшысы.
2018 жыл қорытындысы: ҚазАқпарат ұсынған әлемнің 10 басты оқиғасы

Құжатта Каспийді бейбітшілік пен тату көршіліктің әрі достықтың аймағына айналдыру, теңізді бейбіт мақсатта пайдалану, елдердің аумақтық тұтастығына құрметпен қарау, Каспий тараптарына жатпайтын қарулы күштерді болдырмау ескерілген. Сонымен қатар түрлі режімдер арқылы акваторияларды аймақтарға бөлу бойынша консенсуске қол жеткізілді. Территориялық сулар 20-15 теңіз милі енімен бекітілді. Әрбір мемлекет өзінің теңіз түбіндегі секторының шекарасында жер қойнауын пайдалануда тәуелсіз құқығын жүзеге асырады. Теңіз түбімен магистарльды құбырларды, кабельді тарту мүмкіндігі де ескерілген. Бұл ретте экологиялық талаптар сақталуы тиіс.
2018 жыл қорытындысы: ҚазАқпарат ұсынған әлемнің 10 басты оқиғасы

Таяуда «Хабар» телеарнасының «Ашық диалог» бағдарламасында еліміздің Ақпарат және коммуникациялар министрі осы жылғы маңызды оқиғалардың қатарында Каспий конвенциясының қабылдануын айрықша атап өткен болатын. «Осы конвенция Каспий теңізінің жағасындағы бес мемлекеттің 25 жылдық келіссөзіне нүкте қойды. Бұл құжат аталған елдерге Каспий теңізінің ресурстарын қолданып қана қоймай, ең алдымен Қазақстанның халықаралық шекарасын бекемдеуге нүкте қояды. Осынау тарихи құжат — Қазақстанның келешектегі буыны үшін аса ауқымды мұра болып қалады деп ауыз толтырып айтуға болады», — дейді министр.

Халықаралық қоғамдастық та бұл құжаттың қабылдануына жоғары баға берді. Мәселен, БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш Каспий теңізінің мәртебесі туралы қол қойылған конвенцияны тарихи құжат деп атаған болатын. «Осы тарихи құжат әлемдік бейбітшілік пен қауіпсіздікті сақтауға қажетті өңірлік ынтымақтастықтың маңыздылығын көрсетеді», — деді ол.

Франциядағы наразылық, тәртіпсіздік пен теракт

17 қарашада Францияда бензин бағасы өсіп, бұған наразылық танытқан халық автомобильшілерге арналған жасыл жылтыр түсті желет киіп, алаңға шықты. 

125 мыңнан астам адам қатысқан наразылық акциялары Париж, Лилл, Лион, Марсель, Нант, Тулуз қалаларында орын алып, халық пен полиция қызметкерлері арасында қақтығыстар да болды.  Тек Париждің өзінде кемінде 135 адам жарақат алған деген дерек бар. Халықты басу үшін 90 мыңға жуық полиция мен әскери қызметшілер көшеге шығарылды. Нәтижесінде мыңнан астам адам ұсталып, екеуі сотталды. Тәртіпсіздіктер барысында 10 адам қаза тапты.
2018 жыл қорытындысы: ҚазАқпарат ұсынған әлемнің 10 басты оқиғасы

Осыдан кейін Франция Президенті Эмманюэль Макрон 10 желтоқсан күні халыққа телеарна арқылы үндеу жариялап, тәртіпсіздікті тоқтатуға шақырды және жұрттың әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсартуға бағытталған шараларын атады. Оның айтуынша, 2019 жылдан бастап Францияда жалақы 100 еуроға артып, ең төменгі жалақы артады, зейнеткерлердің қамсыздандыру шаралары қайта қаралып, нормадан артық істелген жұмысқа төленетін қаржыдан салық ұсталмайтын болады.

Айта кетерлігі, 11 желтоқсан күні Страсбургте қарулы адамның 5 адамды өлтіріп, 11 адамды жарақаттауы француз қоғамын естен тандырды.

Осыдан кейін елде лаңкестік қауіптің ең жоғары деңгейі жарияланып, «Sentinelle» операциясы басталды. 12 желтоқсан аза тұту күні деп жарияланды. Полиция қысқа ғана уақыттың ішінде содырдың кім екендігін анықтап, көзін жойды. Ол Страстург тумасы 29 жастағы Шекатт Шариф болып шықты.  Бұл шабуыл жауапкершілігін ДАИШ өз мойнына алды.

Футболдан әлем чемпионаты

14 маусым мен 15 шілде аралығында Ресейде футболдан 21-ші әлем чемпионаты өтті.  Бұл біріншілікке әлемнің ең үздік 32 ұлттық командасы қатысты. Чемпионат Мәскеу, Волгоград, Екатеринбург, Қазан, Калининград, Нижний Новгород, Ростов, Самара, Санкт-Петербор, Саранск және Сочи қалаларындағы 12 стадионда өтті. Мундиальдың «Лужники» стадионында өткен ашылу салтанатына Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев қатысты
2018 жыл қорытындысы: ҚазАқпарат ұсынған әлемнің 10 басты оқиғасы

Турнирдің ақтық сынына дейін алқынбай жеткен Франция мен Хорватия командалары арасында ойын тартысты өтті. Нәтижесінде 4-2 есебімен француздар жеңіске жетті. Ал чемпионат қожайындары ¼ финалға дейін сүрінбей жетіп, жартылай финалға шығу үшін өткен ойында хорваттардан пенальтиден жеңіліп қалды. Естеріңізге сала кетсек, келесі футболдан әлем чемпионаты 2022 жылы Катарда өтетін болады.

Пхенчхандағы қысқы Олимпиада

Биыл 23-ші қысқы Олимпиада ойындары Оңтүстік Кореяның Пхенчхан өлкесінде өткен болатын. 4 жылда бір рет келетін әлемдік додаға бұл жолы 92 елден 2925 спортшы қатысып, олар 16 күн бойы спорттың 15 түрінен 102 медаль жиынтығын сарапқа салды.
2018 жыл қорытындысы: ҚазАқпарат ұсынған әлемнің 10 басты оқиғасы

Ақпанның 9-25 аралығында өтетін Олимпиада ойындары барысында 30 елдің спортшысы жүлдегер атанды. Медаль саны бойынша бірінші орынға Норвегия шықты. Бұл елдің спортшылары 14 алтын, 14 күміс және 11 қола медаль жеңіп алды.  Ал Қазақстан атынан бұл Олимпиадаға спорттың 9 түрінен 46 спортшы қатысқанымен фристайлшы Юлия Галышева ғана ел қоржынына қола медаль салды.
2018 жыл қорытындысы: ҚазАқпарат ұсынған әлемнің 10 басты оқиғасы
2018 жыл қорытындысы: ҚазАқпарат ұсынған әлемнің 10 басты оқиғасы

Орта Азия елдері бірігу жолында

2018 жыл Орталық Азияның бауырлас елдерінің бір-бірімен етене араласып, ынтымақтастықты өртістете түсуі үшін қолайлы жыл болды десек артық айтқандық емес. Есте болса, осы жылдың 15 наурызында Ақордада Орталық Азия елдері басшыларының консультативтік жұмыс кездесуі өткен еді. 

Оған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев,  Қырғыз Республикасының Президенті Сооронбай Жээнбеков, Тәжікстан Республикасының Президенті Эмомали Рахмон, Өзбекстан Республикасының Президенті Шавкат Мирзиёев, сондай-ақ Түрікменстан Меджлисінің төрайымы Акджа Нұрбердыева қатысқан еді. Түрікмен президенті Гурбангулы Бердымухамедов БАӘ-ге сапарлауына байланысты бұл кездесуге қатыса алмаған болатын.  
2018 жыл қорытындысы: ҚазАқпарат ұсынған әлемнің 10 басты оқиғасы

Қазақстан Президенті Орталық Азия елдерінің әлеуетін біріктірудің, ішкі өңірлік сауданы арттырудың, өңірлік қауіпсіздікті қамтамасыз етудің және халықтарымыздың жақындасуының маңыздылығын атап өтіп, жоғары деңгейдегі осындай консультативтік кездесулерді өткізудің артықшылықтарына тоқталды.

«Елдеріміз арасындағы саяси ынтымақтастық мәселесі бойынша елеулі жетістікке қол жеткізгенімізді айтқым келеді. Біз сыртқы саясат ведомствосы басшылары арасында диалог орната алдық. Нью-Йоркте Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік Кеңесінің отырысы кезінде сіздердің сыртқы істер министрлеріңізді көріп, риза болдым. Осылайша зор қолдау көрсеттіңіздер. Біз әрдайым бір-бірімізге қолдау көрсетіп жүруіміз керек», — деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Мемлекет басшысы Орталық Азия елдерінің барлық көшбасшыларының ерекше күш-жігер танытқанын атап өтіп, өңір елдері арасындағы өткен жылғы мемлекетаралық ынтымақтастықты нығайту үдерісіне оң баға берді. Бұдан бөлек, Нұрсұлтан Назарбаев Орталық Азия елдерінің Қазақстанмен қарым-қатынасты дамыту мәселесіне назар аударды.
2018 жыл қорытындысы: ҚазАқпарат ұсынған әлемнің 10 басты оқиғасы

«2017 жылы сіздердің елдеріңіздің әрқайсысына жіберілген Қазақстан экспорты 35 пайызға жетті. Үкіметаралық комиссиялардың отырыстары өткізілуде. Шекараларда жаңа бекеттер ашылуда. Паспорт тексеру тәртібі жеңілдетілуде. Жаңа жолдар мен көпірлер салынуда. Шекараларға қатысты келісімдер жасалуда. Көлік қатынасы орнатылуда. Жаңа әуе рейстері ашылып, жүрдек пойыздар жөнелтілуде», — деді Қазақстан Президенті.

Кездесу соңында тараптар 2019 жылдың наурызында Ташкентте жүздесуге уағдаласты.

Автор: Садық Акижанов 

 

 

Дереккөз: https://www.inform.kz/kz