«Қазақ-қытай қатынасында Назарбаевтың салмағы әлі басым»

0

22 сәуірде Нұр-Сұлтанда Қытайдың Қазақстандағы елшісі Чжан Сяо Назарбаевпен кездесуде Си Цзиньпиннің шақыртуын табыстады. Азаттық тілшісімен тілдескен сарапшылар Назарбаев президенттіктен кетсе де, қазақ-қытай қатынасындағы негізгі тұлға болып қалады деп санайды.

«НАЗАРБАЕВ – ҚЫТАЙ БИЛІГІНІҢ ЖАҚЫН ДОСЫ»

Нұр-Сұлтандағы Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті қытай филологиясы кафедрасының меңгерушісі, профессор Дүкен Мәсімханұлының пайымдауынша, Қытай билігі президент Қасым-Жомарт Тоқаев болғанымен, саяси биліктің үлкен бір бөлігі Назарбаевтың қолында деп есептейді, сол себепті Назарбаевты форумға шақырған.

– Қытай Қазақстанның іргелес тату көршісі десек, Назарбаев – осы достыққа ерекше еңбек сіңірген тұлға. Екінші жағынан, Назарбаев – Қытай билігінің жақын досы. Үшіншіден, кезінде Дэн Сяопин Орталық әскери кеңес басшылығынан (1989 жылы – ред.) кеткенімен елдегі шешімдердің қабылдануына әсер етіп отырды. Саяси биліктің үлкен бөлігін өзі басқарды. Осы тұрғыдан алғанда, Қытай билігі Назарбаевтың қазіргі орнын Дэн Сяопинмен теңестіреді, – дейді қытайтанушы.

Дүкен Мәсімханұлы, қытайтанушы.

Дүкен Мәсімханұлы, қытайтанушы.

Қазақ-қытай қатынасын зерттеп жүрген «Жебеу» республикалық қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Омарәлі Әділбектің ойынша, Назарбаев президенттіктен кетсе де, Си Цзиньпиннің ең жақын досы болып қалады.

– Қытай билігінің ежелден үзілмей келе жатқан дәстүрі – көне достықты құрметтеу. Ал «Бір белдеу – бір жол» идеясы ең алғаш Қазақстанға сапары кезінде ұсынды. 2012 жылдан бері Қытай компартиясын басқаратын Си Цзиньпин биліктегі алғашқы бес жылында Қазақстанға бірнеше рет келіпті. Назарбаев та Қытайға бірнеше мәрте сапарлап қайтты. Бұл екі ел басшысының жеке қарым-қатынасының өте жақсы екенін білдіреді, – дейді ол.

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің шығыстану факультетінің оқытушысы, тарихшы Нәбижан Мұхаметханұлының пайымдауынша, қазақ-қытай қатынасында Назарбаевтың салмағы әлі басым.

– Қазақстан – Қытай үшін «Бір белдеу-бір жол» бағдарламасы аясында геосаяси жағынан да, геоэкономикалық жағынан да Батысқа шығатын бірден-бір жол. Қытай Назарбаевты «Бір белдеу-бір жол» жобасын бастауға атсалысушы және жалғастырушы ретінде форумға шақырып отыр. Бұл шақырту Қытай үшін де, Қазақстан үшінде маңызды, – дейді ол.

Нәбижан Мұхаметханұлы.

Нәбижан Мұхаметханұлы.

Қазақ-қытай қатынастарын зерттеп жүрген «Жебеу» республикалық қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Омарәлі Әділбектің ойынша, Назарбаев Си Цзиньпинмен инвестиция тарту мәселесін де талқылауы мүмкін.

– Бұған дейін Қазақстанның негізгі инвесторы болып келген Қытай соңғы екі жыл көлемінде Өзбекстанға назар аудара бастады. Шавкат Мирзияевтің ұстанған тиімді саясатының арқасында Қытай инвестициясы Өзбекстанға ауып барады. Қытай Өзбекстанға Ауғанстан мен Иранға шығудың мүмкіндігі ретінде қарайды. Пекинде осы жолы Назарбаев ескі досы Си Цзиньпинмен Қазақстанға инвестиция тарту мәселесінде талқылар, – дейді сарапшы.

Ал қытайтанушы Дүкен Мәсімханұлының ойынша, Пекин Қазақстанға инвестиция салуды жалғастыра береді, сол үшін биліктің белгілі бөлігін уысында ұстап отырған Назарбаевтан қол үзбейді.

– Қытай мұнайдың басым бөлігін Орталық Азия елдерінен, соның ішінде Қазақстаннан алады. Өйткені Оңтүстік Азия елдерінде Қытай ала қоятындай мұнай қоры жоқ. Сондықтан Қытай үкіметі Қазақстанға инвестиция әкелуге мәжбүр. Сол үшін Назарбаевтың көмегі мол, – деді ол.

ШЫҢЖАҢ ҚАЗАҚТАРЫНЫҢ МӘСЕЛЕСІ СӨЗ БОЛА МА?

Азаттық тілшісі сарапшылардан «Назарбаев Си Цзиньпинмен жеке кездескенде Шыңжаңдағы этникалық қазақтардың мәселесін қозғай ма?» деп сұрады. Мәсімханұлының ойынша, бұл жолғы Назарбаев-Си Цзиньпин кездесуінде Шыңжаң қазақтарының жағдайы талқыланбайды.

– Қазақстан билігі Шыңжаңдағы қазақтар жағдайына көзжұмбайлықпен қарамады. Ақорда Қытайда қысым көрген қазақтарға араша түсті. Бізге Пекиннен жеткен ақпараттар бойынша [Шыңжаңда] жағдай біршама жақсарған. Бұл жолғы сапардың мақсаты бөлек болғандықтан Шыңжаңдағы қазақтар мәселесі қозғала қоймайды, – дейді қытайтанушы.

Ал Нәбижан Мұхамедханұлы Қытай билігінің мұндай нәзік мәселелерді хаттамаға енгізбейтінін, бірақ Пекин Қазақстанның көңіл-күйін табу үшін Шыңжаңдағы қазақтар мәселесін шешуге мүдделі болатынын айтты.

– Қытай билігі үшін «Бір белдеу-бір жол» бағдарламасын дамытуда Қазақстанның маңызы зор. Сол себепті Қытай Қазақстан халқының көңілін тауып, екі елдің қарым-қатынасын жақсартуы үшін Шыңжаңдағы этникалық қазақтарға жасалып жатқан қысымды босатуы мүмкін, – дейді сарапшы.

Шыңжаң аймағындағы лагерьлер жайлы алғаш рет 2017 жылдың көктемінде айтыла бастаған. БҰҰ Шыңжаңдағы «саяси тәрбиелеу орталықтарында» миллионға жуық адам «еркінен тыс» қамауда отырғанын мәлімдеген.

Қытай үкіметі басында бұл орталықтардың барын жоққа шығарып келді. Кейін Пекин лагерьлерді «экстремизмге қарсы шара» деп мәлімдеді және «қамалғандар тіл үйреніп, кәсіп меңгеріп шығатынын» айтты. Ал құқық қорғаушылар және лагерьде болған азаматтар бұл орталықтардың білім беру мекемесінен гөрі түрмеге ұқсайтынын, онда азап пен қысым барын айтқан.

Қытайда туыстары қамалған азаматтар Алматыда бірнеше рет жиын өткізіп, Қытайдағы жақындарының жаппай қамалып жатқанын айтқан. Олар Қазақстан билігінен, халықаралық ұйымдардан көмек сұраған.

Қытайда туыстары қамалған азаматтар. Алматы, желтоқсан айы 2018 жыл.

Қытайда туыстары қамалған азаматтар. Алматы, желтоқсан айы 2018 жыл.

2018 жылы желтоқсан айының соңында Пекин бірнеше елдің елшілерін Шыңжаңға апарып, “саяси тәрбиелеу орталықтарын” көрсеткен. Лагерьге барғандардың арасында Қазақстан елшілігінің қызметкері де болған. Ол Шыңжаңдағы саяси тәрбиелеу орталығында «жағдайдың жақсы» екенін айтқан.

Қытайдағы қазақтар мәселесін көтеріп жүрген «Атажұрт еріктілері» ұйымының белсендісі Серікжан Біләш биыл наурыздың басында «ұлтаралық араздықты қоздырды» деген күдікке ілінген. Нұр-Сұлтандағы тергеу соты Біләшті екі ай үйқамаққа алу туралы шешім шығарған. Қазір бұл іс бойынша тергеу жүріп жатыр.

2013 жылы Қытай төрағасы Си Цзиньпин Қазақстанға жасаған іссапары кезінде Жібек жолының экономикалық белдеуімен «Бір белдеу – бір жол» жобасын ашуды ұсынды. Сол кездегі Қазақстан президенті Назарбаев бұл жобаға алғашқылардың бірі болып қол қойған еді. Си Цзиньпин кейін басқа елдерге сапарында да «Бір белдеу – бір жол» жобасын жиі насихаттай бастады.

25-27 сәуірде Пекинде өтетін «Бір белдеу – бір жол» екінші форумына 37 ел қатысады.

Azattyq

Загрузка...

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз