Қазақ киносындағы бетбұрысты кезең

0

Біздің ойымызша, қазақ киносы үшін бұл жылдағы ең үлкен табыс – кинематография туралы заң­ның қабылдануы болды. Заң тар­мақтарына «Ұлттық кино» деген ұғым енгізілді. Оған белгілі дәрежеде же­ңілдіктер қарастырылған. Яғни, ұлт­тық киноны көрсеткен кино­театр­лар корпоративтік салықтан босатылады. Ұлттық фильм­дерді қар­жыландырумен, прокаттаумен айналысатын Ұлттық кино қоры құ­рылады. Шетелдік фильмдер қазақша дубляжбен немесе субтитр­мен аударылу міндеттеледі және заң құзыретті органдардың дистрибьюторларды белгілі бір деңгейде бақылауға мүмкіндік береді. Ол кинотеатрдағы билет сатылымы бойынша болып жататын келеңсіздіктерді жоюға септігін тигізбек.

Биыл қазақ киносына «Талан» (реж.Б.Қалымбетов), «Өзен» (реж.Э.Бай­ғазин), «Әміре» (реж. Д.Веспа), «Елбасы жолы. Астана» (реж. А.Сатаев), «Қазақ хандығы» (реж. Р.Әбдірашев), «Тренинг лич­нос­тного роста» (реж. Ф.Шәри­пов),­ «Балуан Шолақ» (реж. Н.Сәді­­ғұлов), «Шабдалы» (реж. Ж.Құсайы­нов) сынды 50-ге жуық көр­­кем фильм қосылыпты. Бұл жыл­дағыдан әлдеқайда көп. Оның 13-і «Қазақфильм» киностудиясына тиесілі болса, қалғаны жеке киностудияларда дайындалған. Сонымен бірге «Қазақфильм» 12 деректі, 10 қысқаметражды және 2 толық­метражды анимациялық фильм жаса­ғанын да айта кетейік.

Жеке студиялар дайындаған «Биз­нес по-казахский в Америке», «Ұлы дала комедиясы» секілді фильмдер отандық прокатта көп қаржы жинағаны белгілі болды. Бұл да болса, сеңнің бұзылып, қазақ көрерменінің отандық киноға бет бұра бастағанын көрсетеді. Сондай-ақ шетелге барып фильм түсіру де біздің өндіріске қан жүгіртетін жақсы үрдіс. Сонымен бірге тарихи сериалдар түсіруге сер­піліс пайда болғандай жыл болды. «Қазақстан» РТРК» АҚ тапсырысымен таспаланған «Тар заман» (реж. М. Бидосов), «Кейкі мерген» (реж.М. Бидосов) атты екі бірдей сериал аталған арнада көрермен назарына ұсынылды.

Анимациялық жобалар да бұрын­ғыдан көш ілгері болған секілді. «Мұз­балақ» (реж. Т. Майдан, Т.Төлеу­ғазы) және «Күлтегін» (реж. А.Әбілда) фильм­­­­дері ауқымды прокатқа шығып, көп­шілік көңілінен орын тапса, «Бола­шақ» қауымдастығы диснейлік екі бірдей өнімді «Ральф интернетке қарсы» және «Шақылдақ пен төрт пат­шалық» мультфильмдерін қа­зақ тілінде сапалы дубляждап, жас кө­рер­мендерін қуантты. Сондай-ақ, «Балапан» телеарнасы «Дала ойындары», «Айдар», «Ертемір» сынды үш ауқымды анимациялық жобаның тұсауын кесті.

Биылғы ерекше бір жа­ңа­лық – Сергей Дворцевойдың «Айка» атты фильмінде басты рөл­ді сомдаған Самал Еслямова 71-Канн фестивалінде «Үздік актриса» аталымында бас жүлдені жеңіп алуы болды. Сондай-ақ отандық фильм­дер бірқатар шетелдік кино­фес­тивальдерден жүлделі оралды. Олардың кейбірін атап өтсек, 75-ші Халықаралық Венеция ки­но­­­­­фестивалінде «Өзен» (реж. Э.Бай­ғазин) фильмі «Үздік режиссер» ата­лымына ие болса, халықаралық мұсылман киносының фестивалінде «Ласковое безразличие мира», (реж. Ә.Ержанов) фильмінде үздік актер аталымы бойынша Қуандық Дүй­­сенбаев бас жүлде еншіледі. «Ислам әлеміндегі мәдениеттер диалогы үшін» сыйлығы «Әкеге қоңырау шалу» (реж. С.Апрымов) фильміне берілді. Биылдың еншісінде бұдан басқа да жүлделі фильмдер бар.

Қазақ киносы үшін ерекше бір­ маңызды жаңалық – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы дала­ның жеті қыры» атты мақаласында отандық кино тақырыбына арнайы тоқталып, біздің тарихи картиналарымыз үшін болашақ бағыттарды айқындап беруі. Мақаланың отандық кино ту­ралы «Тарихтың кино өнері мен телевизиядағы көрінісі» атты бөлі­мінде: «Тез арада Қазақстанның өр­кениет тарихының үздіксіз дамуын көрсететін деректі-қойылымдық фильм­дердің, телевизиялық сериалдар мен толықметражды көркем кар­ти­налардың арнайы циклын өндіріске енгізу керек.

…Ұлт қаһармандарын үлгі тұту үр­дісін қалыптастыруға жол ашатын сапалы балалар фильмдері мен мультипликациялық сериалдарды аса қажет ететін өскелең ұрпақтың да тал­ғамына ерекше назар аудару керек» деп шегелеп тұрып жазуы алдағы уақытта отандық киноны тың серпіліс күтіп тұрғанын аңғартқандай.

Ұларбек НҰРҒАЛЫМҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан»

Дереккөз: http://egemen.kz/

Загрузка...

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз