«Қазақ ғылымы үшін ауыр қайғы»: белгілі ғалым дүниеден өтті

0

Қоғам

Қысқа сілтеме алу

7 0 0

Ол қазақ тілінің теориялық негізін қалаушы, қазақ тіл білімінің тұңғыш профессоры, педагог, түркітанушы Құдайберген Жұбановтың ұлы болатын

АЛМАТЫ, 11 маусым – Sputnik. Филология ғылымдарының докторы, өмірін математикалық лингвистикаға арнаған профессор Асқар Жұбанов 83 жасқа қараған шағында дүниеде өтті.

Қаралы хабарды Ахмет Байтұрсынұлы атындағы тіл білімі институтының қызметкері Мейрамбек Таубалдиев хабарлады.

«Тектінің тұяғы, асылдың сынығы, белгілі тілші-ғалым, филология ғылымының докторы, профессор, Ахмет Байтұрсынұлы атындағы тіл білімі институтының бас ғылыми қызметкері Жұбанов Асқар Құдайбергенұлы дүниеден озды. Бұл – қазақ ғылымы үшін ауыр қайғы. Қазақ еліне, отбасына, ағайын-туысқа қайғырып көңіл айтамын. Бақұл болыңыз, асыл адам», – деп жазды ол facebook-тегі парақшасында.

Асқар Жұбанов туралы не білеміз?

Асқар Жұбанов 1937 жылы 13 қарашада Алматыда дүниеге келген. Әкесі Құдайберген Жұбанов – қазақ тілінің теориялық негізін қалаушы, қазақ тіл білімінің тұңғыш профессоры, педагог, түркітанушы.

Асқар Құдайбергенұлы 1955-60 жылдары Абай атындағы қазақ педагогикалық институтында оқып, физика-математика институтын үздік бітірген.

Оқуды бітірген соң 1960-61 жылдары Қазақ мемлекеттік ауылшаруашылық институтына жұмысқа орналасып, жоғары математика кафедрасында ассистент-мұғалім қызметін атқарды.

1961-63 жылдары Кеңес армиясы қатарында өз міндетін атқарған соң, институттағы жұмысын жалғастырады. Ол жерде 1967 жылға дейін қызмет етті.

1967-68 жылдары Қазақ ССР Ғылым академиясының тіл білімі институтының күндізгі бөлімінің аспиранты болады, оны Минск қаласындағы шет тілдер институтынның жанында өткізеді.

1970 жылы Қазақ ССР Ғылым академиясы тіл білімі институтында жаңадан ашылған «Статистика-лингвистикалық зерттеу және автоматтандыру» тобының кіші ғылыми қызметкері болып жұмысқа орналасады.

1973 жылы физика-математика ғылымдарының кандидаты, филология ғылымдарының докторы Қалдыбай Бектаевтың ғылыми жетекшілігімен, академик Ісмет Кеңесбаевтың ғылыми кеңесшілігімен орындалған «қазақ мәтінін статистикалық зерттеу» тақырыбында кандидаттық диссертация қорғайды.

1986 жылы КСРО Ғылым академиясы президиумының қаулысы бойынша оған «түркі тілдері» мамандығы бойынша «Аға ғылыми қызметкер» деген ғылыми атағы беріледі.

1986 жылы Қазақ ССР Ғылым академиясы тіл білімі институтының жетекші ғылыми қызметкері лауазымында жұмыс атқарады.

1990 жылы Ахмет Байтұрсынов атындағы тіл білімі институтының «Қолданбалы лингвистика» бөлімінің меңгерушісі қызметін атқарады.

2002 жылы «Қазақ мәтіні мазмұнын формалдаудың негізгі ұстанымдары»  тақырыбында докторлық диссертация қорғайды.

2002 жылы Ахмет Байтұрсынұлы атындағы тіл білімі институтынындағы «Қолданбалы лингвистика» ғылыми тобының бас ғылыми қызметкері жұмысын атқарады.

2004 жылы жоғары аттестациялық комитеттің шешімі бойынша тіл білімі мамандығы бойынша «Профессор» ғылыми атағын алды.

Көптеген ғылыми еңбектің авторы өмірінің соңына дейін Ахмет Байтұрсынұлы атындағы тіл білімі институтында қызмет етті.



sputniknews.kz