Қаржы министрі коронавируспен күреске 13 млрд доллар бөлінді деп жүрген блогерлерді сынап тастады — Қазақстан жаңалықтары

0

ҚР қаржы министрі Әлихан Смайылов коронавируспен күреске бөленген қаражаттың қайда жұмсалғаны туралы есеп берді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

Смайылов

Министр әлеуметтік желілерде жалған ақпарат таратып жүр деп қазақстандық блогерлерді сынға алды. Сөзінше, қазіргі таңда олар коронавируспен күресуге 13,5 миллиард доллар жұмсалды деген ақпарат жариялап жүрген көрінеді. Бұған қоса шенеунік блогерлердің бұл соманы басқа да мемлекеттердегі пандемияға байланысты бөлінген қаражатпен салыстырып жүргенін алға тартты. 

«Бұл жалған мәлімет екенін айтқым келеді. Қазақстанның бюджетінен коронавируспен күрес шараларына 150 миллиард теңге бөлінді. АҚШ валютасымен есептегенде бұл шамамен 350 миллион доллар. Бөлінген ақша дағдарыспен күреске бағытталған 5,9 триллион теңгенің құрамына кіреді», — деді Смайылов. 

Айтуынша, бұл ақша халықты жұмыспен қамтуға, әлеуметтік төлемдерге, бизнесті қолдауға, тұрғын үй құрылысына бөлініпті. 

«Бизнеске жеңілдікпен несие беруге 1 триллион теңге бөлінді. Бұл ақша кері қайтарылатын қаражат: бұл сома кәсіпкерлерге төмен мөлшерлемемен беріледі.

Жұмыспен қамту жол картасын іске асыру үшін 1 триллион теңге бөлінді. Олардың 300 миллиард теңгесі бюджеттің қаражаты, қалғаны бюджеттен тыс ақша. Бұл қаражат тұрғын үй, инженерлік инфрақұрылым мен әлеуметтік нысандардың құрылысына бөлінеді. 255 мың адамға арналған жұмыс орны ашылады» , — деді қаржы министрі.

Осылайша коронавируспен күреске бөлінген ақшаның ауқымы жағынан маңызды мемлекеттік шараларға арналуда дейді министр.

«Негізі бұл ақша дағдарысқа қарсы бағытталған қаражат. Өздеріңізге белгілі карантин мен ТЖ режимі байланысты еліміздің экономикасына бірқатар ауыртпашылық түскен болатын. Бөлініп жатқан қаражаттың әлеуметтік-экономикалық маңызы өте зор», — деп қосыты шенеунік.

Еске салайық, Қазақстанда 11 мамырдан бастап ТЖ аяқталған болатын. 

 

stan.kz