Қарағандылық әйел мемлекеттік қызметтен шығып 43 жасында тхэквандодан әлем чемпионы атанды – Қазақстан жаңалықтары

0

Мемлекеттік қызметкер Әлия Сүлейменова 20 жылдай құқық қорғау органдарында, қаржылық полицияда жұмыс істеп, қырық жасынан бастап кәсіби түрде тхэквандомен айналыса бастады. Бүгінгі күнде ол Қарағанды облысы адвокаттар алқасының адвокаты әрі 43 жасында спорттың осы түрінен әлем чемпионы, бір жылдан кейін Азия чемпионы атанған қазақстандық спортшы. Сүлейменова Stan.kz ақпарат агенттігінің тілшісіне мемлекеттік қызметтен кетуіне не түрткі болғанын, тхэквандодан кейін өмірі қалай өзгергенін және жас ұлғайғанда өмірді өзгерту үшін не істеу керектігін айтып берді. 

Мемлекеттік қызметтен кетуіңізге не түркі болды? Кезінде қабылдаған шешімініңіз үшін өкінесіз бе?

Денсаулығым нашарлап кетті. Мемлекеттік қызметтегі жауапкершіліктің жүгі, жұмыс тәртібі жағдайымды ретке келтіріп алуға мұрша бермеді. Дәрігерлер емделмей, омыртқа жарығына (грыжа позвоночника — ред.) ота жасатпаған жағдайда арбаға таңылып қалу қаупі төнетінін айтты. Қызметімнен сондықтан  кетуге мәжбүр болдым. Менде таңдау болмады, ойланатын уақыт та тапшы еді. Ақ халаттылар омыртқама ота жасағаннан кейін оңалту, сауықтыру процесінен өту керектігін ескеріп, кез-келген спорттың түрімен айналысуға кеңес берді. Бір жылдың ішінде жүзуге бардым, емдік дене шынықтыруды жасадым, жүгірдім. Қазіргі уақытта денсаулығым жақсы, қобалжымасам да болады. Бұрынғы қызметімді ойлап, анда-санда өкініп тұратыным рас. Дегенмен кезінде дұрыс шешім қабылдап үлгермегенімде, бүгінгі жетістіктерге жетпейтін едім. 

Жүзуге бардым, жүгірдім дедіңіз. Олай болса таңдауыңыз неліктен тхэквандоға түсті?

Менің қызым Дайана алты жасынан бастап  тхэквандоға қатысады. Оған қарап, спорттың осы түрімен айналысқым келетін. Қызым барып жүрген секцияда үлкендерге арналған топ ашылғанда мүмкіндікті жіберіп алмайын деп өзге ата-аналар, үлкендер секілді тхэквандоға қатыса бастадым.

Аптасына үш реттен жаттығып едәуір көрсеткішке жеткенімді жаттықтырушым байқап, әлем чемпионатына қатысуға ұсыныс тастады. Тәуекелге бел буып, жарысқа дайындықты бастап кеттім. 2016 жылы 43 жасымда Италияның Андрия қаласында тхэквандо ИТФ-дан (ITF) өткен юниорлар мен ардагерлердің әлем чемпионатына қатысып алтын медальді жеңіп алдым. Әрине, осы сайыстан кейін алдағы жарыстарға дайындықты екі-үш есе арттырып, бұрынғыдан да көбірек жаттықтым. Сөйтіп араға бір жыл салып,  2017-де Моңғолияның Ұланбатыр қаласында өткен Азия чемпионатына қатысып, жеңімпаз атандым. Биыл таеквандодағы барлық жас аралық категориялар бойынша спортшыларды біріктірген чемпионатта өнер көрсетіп, бірден екі орынды жеңіп алдым. Жалпы, Теміртаудағы үлкен адамдар жаттығатын топта жасы менен үлкен ер кісілер, әйел адамдар бар. Бірақ әзірге Қазақстан атынан әлемдік деңгейге чемпионаттарға мен ғана шығып жүрмін. 

Тхэквандомен айналысқыңыз келетінін айтқанда отбасыңыз қандай әсерде болды?

Басында тхэквандоға кәсіби кірісетінімді ешкімге айтқан жоқпын. Отбасым, туыстарым, жақын адамдарымның барлығы Қазақстанға әлем чемпионы болып қайтқанымды көріп, қатты таңғалды.

Суретте Әлия қызы Дайана Сүлейменовамен

Тхэквандомен айналысқаннан кейін өміріңізде не өзгерді?

Ауыз толтырып айтатындай үлкен өзгерістер болған жоқ. Әлемнің түкпір-түкпірінен дос таптым. Сайыстарда менімен бірге өнер көрсеткен спортшылармен араласып тұрамын. Негізі спорт ардагерлері юниорларға қарағанда мейірбан. Олар үшін отбасылық құндылықтар жеңістен маңыздырақ. Біздің чемпионаттарға әр спортшының жанұясы қолдау көрсетіп келеді. Мені сайыстарда үнемі қызым жігерлендіріп жүреді. 

Жаны сүйген дүниені қолға алғысы келетін, бірақ қоғам пікірінен қорқатын адамдарға қандай кеңес бересіз?

Мұндай шешім қабылдап, өмірді өзгерту үшін батыл болу тоқсан пайыз мінезге байланысты деп санаймын. Жасы ұлғайған, ересек адамның өмірінде ең қиыны —  үйреншікті тұрмыстан, қызметтен бас тартып, жаңа іске кірісу. Мысалы, кейбіреуіміз үшін спорт киімін киіп, жаттығуға шығудың өзі қиын болып көрінеді. Бір рет алаңға шығып, спортпен айналысқан оңай шығар, бірақ оны тастамай әдетке айналдыру екінің бірінің қолынан келе бермейді. Сол сияқты жаны басқа дүниені қаласа да, бойындағы қорқыныштан өмірінде ешнәрсені өзгертпей жүре беретіндер бар. Бірақ, ешнәрседен қорықпау керек. Жасы мейлі, қырық, елу, алпыста болсын, сүйікті іспен айналысуды бастау ешқашан кеш емес. 

 

stan.kz

Загрузка...

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз