Қарағанды облысында боранда адасып кеткендерді іздеу жалғасып жатыр

0

Қарағанды облысы Ұлытау ауданының хабарсыз кеткен екі адамды іздеу жұмысы қайта жалғасты. Олар 26 қаңтарда ыққан малды іздеуге шығып, оралмаған. Бұл туралы Азаттыққа жоғалып кеткен адамдардың туыстары хабарлады.

Жақындарының сөзінше, 43 жастағы Қайрат Мұқанов пен 45 жастағы Рафим Мейрзаев Ұлытау ауданынан 35 шақырымдағы «Стандарт» шаруа қожалығында жұмыс істеп жүрген жерінен жоғалып кеткен. Қайрат Мұқановтың туысы Бекзат Мұқанов сол күні қатты боран болғанын айтады.

— Өткен жексенбіден бастап үш күн қатарынан қатты боран болды. Ағам мен қасындағы көмекшісі екеуі малға шөп шашып, үйге кіріп кеткен. Қайта айналып шыққан кезінде малдардың жоқ екенін көріп, соңынан іздеуге кеткен. Сол беті хабарсыз. Ағамыздың жоғалғанын дүйсенбі күні (27 қаңтарда) естідік. Төтенше жағдайлар қызметі тек 28 қаңтардан бастап, боран тоқтағаннан кейін ғана іздеуге шықты. Онда да бір жарым күн ғана іздеді де қойды, — дейді Бекзат Мұқанов.

Азаттыққа Ұлытау аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің өкілі «іздеу жұмыстарының бүгін, 3 ақпан қайта басталғанын, әзірге ешқандай ақпараттың жоқ екенін» айтты.

Қарағанды облыстық төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің өкілі Жанна Дәуренбекова іздеу жұмыстарының тоқтамағанын айтады.

— Мәселен, бүгін (3 ақпан – ред.) бес адам іздеуге шықты. Бірақ қардың қалыңдығы мен ешқандай іздің жоқтығы оларды табуға қиындық туғызып отыр. Қай бағытта кеткенін ешкім білмейді, — дейді ол.

Баспасөз қызметі ығып кеткен малдар табылғанын хабарлады.

Azattyq